ТАЛАПТЫНЫҢ АЛДЫНДА ТАУ ДА АЛАСА

ТАЛАПТЫНЫҢ  АЛДЫНДА ТАУ ДА АЛАСАҰлттық экономиканы дамытудың жетекші күші – кәсіпкерлік саласы. Бұл орайда Елбасы тапсырмасына орай осы шаруаны өрістетуге ниетті азаматтарға жан-жақты қолдау жасалып келеді. Осының арқасында мемлекет қолдауы арқылы нарықта тауар мен қызмет түрлерін көбейтіп жатқандар қатары мол. Мысалы, өткен жылдың соңында Шиелі ауданында шағын кәсіпкерліктің 4161 субъектісі тіркелді. Жалпы 6888 адам жұмыспен қамтылып, 303 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданның өнеркәсіп орындары былтыр 26 млрд 330 млн теңгенің өнімін өндіріп, өнім көлемі өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексімен 102 пайызға жетті. Осы салаға өзінің мол үлесін қосып жүрген белгілі кәсіпкердің бірі Мәден Әлжанов өнім өңдеуге өзіндік үлесін қосып, жаңа белестерге көтерілу үстінде.

ТАЛАПТЫНЫҢ  АЛДЫНДА ТАУ ДА АЛАСАТоқырау жылдары деп тарихта қалған тоқсаныншы жылдардың соңынан бастап нарықтық экономиканың талаптарына ден қойған Мәден алғашында сауда-саттықтың қыр-сырын меңгерсе, біртіндеп жергілікті жердің өнімін саудаға шығаруды ойластыра бас­тады. Осы мақсатта іскерлікке бейімі бар жастарды жанына топтастырып, олардың өз қабілет- қарымын ашуына мүмкіндік жасады, ақыл-кеңесін берді, тіпті, қаржылай қолдау көрсетті. Осындай игі әрекеттің нәтижесінде жұмыссыз қалған көптеген жас отбасы өзінің жаңа замандағы сүрлеуін тауып, жергілікті өнімнің молаюына үлестерін қоса бастады.

Оқтай зымыраған уақыт емес пе, тосырқап жүрген нарықтық қатынас өмірімізге дендей еніп, барлығы да шама-шарқынша тіршілік етіп келеді. Дегенде, өнім өндіре білу – келешектің кепілі, мемлекеттің арқасүйер бір тетігі. Мәден өткен жылдың күзінен бері диірмен орнатуға талап қылды. Жер алды, ол маңды бұрынғы қоқысынан тазартты. Ескі ғимаратты қайта күрделі жөндеуден өткізіп, қажетті өзгерістер енгізуге үш-төрт ай уақыты кетті-ау. Істің нәтижелі болуы үшін адамға жігерлілік пен шыдамдылық керек екендігі өмір қағидасы. Осы қасиетті жастайынан бойына қалыптастырған Әлжанов күріш және бидай ақтайтын сан-салалы диірменін орнатып, жыл басында толықтай іске қосты. Тәулігіне 10 тоннаға дейін, күріш ақтап, таза, сапалы өнімді сатылымға шығарса, жемі мен дән қалдығын мал азығы үшін пайдаланады. Бұл жердің өзінде жаңадан 5 адамға жұмыс табылды.

– Алдағы уақытта тек диірмен жұмысы емес, өзімізде егін егуді қолға алсақ деп отырмыз, әрі қарай жетілдіре түссек, жұмыспен қамтылатындар саны да арта түсер еді, -дейді ол өз әңгімесінде.

Жаңалыққа құмар, заман тынысын жете сезінетін кәсіпкер бірер жыл бұрын сымнан тор тоқитын жаңа цех ашқан-ды. Оның керекті жабдықтарын Ресейден алдырды. Ал станокты іске қосатын шеберлерді Алматыдан шақыртты. Өйткені, жергілікті жерде жаңа қон­дырғының тілін біл­етіндер бола қоймады. Шығара бастаған құрылыс өнімдері шаруа қожалықтарына, жеке адамдарға өте қажет нәрселердің бірі екен. Ауласын қоршауға, егістік пен мал қораларын бекемдеуге таптырмайды. Және де тез құрып, қайта орнын ауыстыруға да, уақытша жинап қоюға да ыңғайлы. Ресей және жақын шетелдерден келген тор-сеткалар қымбатқа түседі. Сондықтан базар бағасының тым шарықтамауына да мән берді.

Иә, бүгінгі кейіпкеріміздің идея­­сымен өз өнімін шығара бастаған жиһаз жасайтын, пластик терезе, есік құрастыратын цехтар тұтынушылар талабынан шығып келеді. Оларда 7 бірдей жас жігіт еңбек етіп, өзгелерге үлгі көрсетуде. Әлжановтың айтуынша, келешекте құнарлы өнімдер егіп, кеңсе гүлдерін өсіретін жылыжай ашуды да армандайды.

Шиелі кентінің орталығындағы екіқабатты, сәулетті «Нұрсәулет» құрылыс заттары сауда үйі де осы кәсіпкердің иелігінде. Бұрынғы жатаған үйлердің орнына ғимаратты тұрғызып, аудан орталығының көріктенуіне осылай да өз үлесін қосты. Мұнда заманға сай техникалық жабдықтар, ыдыс-аяқ, ауыз су, ас үй жабдықтары, эмальды сырлар, тұрмыстық заттар, электр сымдары, түсқағаздар, су құбырлары сатылады. Тауарларды кәсіпкердің інісі Нұркен Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларынан тасымалдайды. Ірі сауда үйінде он жылдан бері қызмет етіп келе жатқан жастардың қызметтеріне тұтынушылар дән риза.

«Адам адамға –дос, бауыр, жолдас» дейтін едік қой ілгеріде, сол үрдіс Мәденнің бойында қалпынша сақталған секілді. Туған-туыстардың өзі бір-біріне қарайлай алмайтын мына нарықтың алашапқынында оның көмегін көргендер жетерлік. Өзі де мүмкіндігінше, алдына келген кісіні риза еткісі келеді де тұрады. Оқшы ата атындағы орталық мешітке, «Мектепке жол акциясы» бойынша 3 мектепке, бірнеше мүмкіндігі шектеулі жанға қол ұшын берді. Балабақша басшыларының кейбірі келіп, оның шарапатына бөленгені бар. Сүттіқұдық ауылындағы мешіт, мектеп, спорт мектептеріне тұрақты түрде толықтай көмек беріп отырады. Талантты балалардың спорт пен өнер жолына түсуіне де ықпал жасайтыны бар. Елдің шексіз алғысына бөленген кәсіп­кер жігіт жары Гаухар екеуі жас болса да, қыз ұзатып, келін түсіріп те қызыққа бө­ленуде.

Иә, нарық заң­дылықтарын адами қасиет­терімен толық­тырған бауырымыз көпке осындай өнегесімен үлгі көрсетіп келеді.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2016 г. 828 0