ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2015 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ НӘТИЖЕЛЕРІ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ 2015 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ НӘТИЖЕЛЕРІОблыстың 2015 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсаттары мен міндеттері Қызылорда облысы әкімінің 2015 жылға арналған Іс-қимыл жоспарында анықталды. Бұл жоспар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты халыққа Жолдауына сәйкес қабылданған.
Іс-қимыл жоспарының негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік даму, соның ішінде, тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау мен жаңа жұмыс орындарын құру, өңір экономикасын әртараптандыру, тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту, сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту міндеттері белгіленді.

 

 

Іс-қимыл жоспарына кірген 151 шараның 90 пайызы толық орындалды. Ал жүзеге асуы ұзақ мерзімді сипатқа ие іс-шаралар Қызылорда облысы әкімінің 2016 жылғы Іс-қимыл жоспары аясында жалғасын табады.

Жаһандық дағдарыстың кері әсеріне қарамастан, жалпы алғанда өңір экономикасы мен әлеуметтік саласы дамуының оң динамикасы сақталды.

2014 жылдың ортасынан байқалған облыстағы өңдеуші секторда өсімі жалғасып келеді. 2015 жылы өңдеуші сектор тартылған инвестиция көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 3,4 есеге өсті. Соның арқасында, қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайларға қарамастан, аталған саладағы өнім шығару қарқынын 2014 жылмен салыстырғанда 100,2% деңгейіндегі өсімін сақтап қалдық.

Нәтижесінде соңғы үш жылда өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеуші сектор үлесі 3 есеге артып, 2015 жылы 14% құрады. 2012 жылы бұл көрсеткіш 4,5% еді.

Өткен жылы Сыр елі күріштен рекордтық өнім жинады. Өңірдегі мал басының өсу үрдісі жалғасты. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 11 есе артты.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының өсуі бойынша облыс республикада ең жоғары көрсеткіштің біріне ие.

Жыл ішінде экономика салаларында жалпы саны 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш бойынша да 2014 жылғы нәтиже еңсерілді. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ға дейін, соның ішінде жастар жұмыссыздығы 4,1%-ға дейін төмендеді.

Тұрғындар алдында әлеуметтік міндеттемелер бойынша қарыз жоқ.

Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 466 мың шаршы метр құрады. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 158,5%.

Облыс аудандары мен Байқоңыр қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Облыс орталығын жер астынан шығатын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды.

Көлік саласының барлық көрсеткіштерінде өсу байқалды.

Өңірдегі бөлшек сауда көлемі артты.

Азық-түлік тауарларының тұтыну бағасының индексі 109,9% құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен (110,9 %) төмен.

45 әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы жүргізілді, соның ішінде апатты жағдайдағы 10 мектеп пен денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше ден қойылды.

3 пен 6 жас аралығындағы балалардың 100% мектепке дейінгі тәрбиемен қамту мәселесі мерзімінен ерте шешілді.

Облыс халқының саны өсуде. Туу көрсеткіші мен табиғи өсімі бойынша өңіріміз республикадағы алдыңғы қатарлы бес облыстың қатарында. Бұл да аймақтағы өмір сапасы мен деңгейінің артуын айғақтайды.

 

ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ

Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау.

Жыл ішінде экономиканың салаларында 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды (2014 жылмен салыстырғанда 680 орынға артық), оның ішінде тұрақты жұмыс орны жоспарланған көлемнен 335-ке асып, жалпы саны 9 835-ке жетті.

84 рет өткізілген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 1183 жұмыс беруші қатысып, 3422 жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде, 32 арнайы жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді: олардың 16-сы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, 8-і оқу орындарының түлектеріне, 8-і жазасын өтеп шыққан азаматтарға арналды. Жәрмеңкелер нәтижесінде 2386 адам жұмыспен қамтуға ықпал етудің белсенді түріне жолдама алды, оның 643-і аталған мақсатты топтарға жатады.

Экономикалық қиындықтар мен жұмыс көлемі­нің азаюы салдарынан мекемелерде жұмысшыларды жаппай қысқартуды болдырмау мақсатында облыстағы барлық ірі және орта кәсіпорындармен жұмыс орындарын сақтау, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету туралы Меморандумдарға қол қойылды. Осы жұмыстың нәтижесінде жыл көлемінде 883 адам жұмыстан босатылып, олардың 200-і қайта жұмысқа орналастырылды, қалған жұмысшыларды жұмыспен қамту бойынша тиісті шаралар жалғасуда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралына айналды. Бағдарлама аясында 39 мыңға жуық облыс тұрғыны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. 2015 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 2 млрд теңгеден астам қаржы бағытталып, бағдарламаға 6534 адам қатысты, оның 2950-і – жастар.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды жөндеу шеңберінде 16 жоба жүзеге асты. 208 жұмыс орны ашылды.

Екінші бағыт бойынша жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрайтын 516 шағын несие беріліп, 319 адам өз ісін бастауға мүмкіндік алды.

Үшінші бағыт бойынша кәсіби даярлау мен қайта даярлаудан 2105 адам өтіп, олардың 1044-і жұмысқа орналастырылды.

Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары шеңберінде, жастарды өндірістік тәжірибеден өткізу үшін облыстағы мекемелер мен кәсіпорындарға 617 жас жолдама алды, олардың 236-сы тәжірибе мерзімі аяқталысымен тұрақты жұмысқа орналасты.

380 әлеуметтік жұмыс орны құрылды, оған жолдама алғандардың 80%-ы жұмыс мерзімі аяқталысымен тұрақты қызметке қабылданды.

7761 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды.

Аймақтар арасындағы жұмыс қолы алмасуын арттыру шаралары шеңберінде 2014 жылдың 30 қазанында Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері «Халықты жұмыспен қамтудағы әріптестік туралы меморандумға» қол қойған. Меморандум негізінде Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласына 7 отбасы қоныс аударып, жұмыспен қамтылса, 2015 жылы тағы 2 отбасы жаңа жерге орнықты.

Жас мамандарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы тиімді жүзеге асуда. 2015 жылы аталған бағдарлама бойынша ауылдық елді мекендерге келген 448 жас маманға 189,3 млн теңге көтерме ақы, 377 маманға 1067,3 млн теңгеге жеңілдетілген несие берілді.

Осы шаралардың негізінде, экономикалық қиындықтарға қарамастан жұмыссыздық деңгейі 5%-дан 4,9%-ға төмендеді.

Жастар арасындағы жұмыссыздық 2014 жылғы 5,1%-дан 4,1%-ға азайды.

2015 жылы колледждерді бітірген 7884 түлектің 5361-і тұрақты жұмыспен қамтылды, 633-і жоғары оқу орындарына түсті.

Табысы аз адамдарды жұмысқа орналастыру бағытталған шаралардың нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 1000-нан аса адамға қысқарды. Ал, атаулы әлеуметтік көмек алатындар арасындағы еңбекке қабілетті азаматтардың үлесі 3,1 пайызға азайды (2014 жылы 32,3% болса, 2015 жылы 29,2%-ға төмендеді).

Сол секілді, 2015 жылы тұрғын үй көмегі мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 347 млн теңге бағытталды.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен әлеуметтік жағынан осал топқа жататын 33 мың адамға 1 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек төленді.

Әлеуметтік көмек жүйесін жетілдіру мақсатында 2015 жылдың 1-шілдесінен бастап Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданында «Шартты ақшалай көмек» пилоттық жобасы енгізілді. 168 адам (31 отбасы) қатысқан осы жобаға жергілікті бюджеттен 5,7 млн теңге бөлінді.

Мемлекет тарапынан қарастырылған барлық әлеуметтік міндеттемелер өз мерзімінде және толық көлемде төленді.

Сонымен қатар, көмекке мұқтаж 900 адамды (мүгедектер, жалғызбасты зейнеткерлер, көмекке мұқтаж басқа да тұлғалар және т.б.) жыл бойы ыстық тамақпен қамтамасыз ететін «Сыр мейiрімі» әлеуметтік жобасы (үкіметтік емес ұйымға берілген мемлекеттік тапсырыс негізінде) жалғасын тапты.

«Ақниет» әлеуметтік әріптестік бағдарламасы да жалғасын тапты. Бағдарлама шеңберінде 2015 жылы Жалағаш, Сырдария және Қармақшы аудандарының көмекке мұқтаж 99 тұрғыны 800 мың теңгеден қайтарымсыз гранттар алды. Бұл гранттар шағын және орта кәсіпкерлік жобаларын іске асыруға арналған.

1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын атап өту аясында облыста тұратын 17 соғыс ардагері Астана қаласында өткен мерекелік шараларға қатысты. 2015 жылы 3 соғыс ардагері баспанамен қамтылды. Осылайша, бүгінгі таңда облыстағы барлық соғыс ардагерлері толықтай баспанамен қамтылған. 73 соғыс ардагерінің үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. 92 ардагердің үйінде оқыс жағдайда жедел жәрдем мен басқа да көмек шақыратын дабыл құрылғысы орнатылды.

Орталықтандырылған мәліметтер қорының 2016 жылғы 1 қаңтардағы дерегіне сәйкес облыста 27999 мүгедек тұрады, оның 2573-і – I топ, 11315-і – II топ, 9667-сі – III топ мүгедегі, 4444 адам - мүгедек балалар.

«Мүгедектердің өмір сапасын арттыру және құқықтарын қамтамасыз етудің жол картасы» шеңберінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табуда.

Өткен жылы 8806 мүгедекті жеке оңалту бағдарламасы жасалса, алдыңғы жылдан қалған көлемді қоса есептегенде барлығы 12909 мүгедекті жеке оңалту бағдарламалары орындалды (100%).

Мүгедектерді оңалту мақсатында 998 санаторлық-курорттық жолдама бөлінді.

Мүгедектерді тифло және сурдоқұралдармен, кресло-арбалармен, таяқ және балдақтармен, протездік-ортопедиялық және сурдокөмекпен, санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз ету үшін 2015 жылы облыстық бюджеттен 256,4 млн. теңге бөлінді.

2015 жылы алғаш рет кохлеарлық имплантты 14 мүгедек баланың сөйлеу процессорларын ауыстыру мен орнатуға бюджеттен 30,7 млн. теңге, осындай дертке шалдыққан тағы 12 мүгедек балаға MED-EL сөйлеу процессорларын ауыстыру мен орнатуға 26,3 млн. теңге бөлінді.

Сондай-ақ, 2015 жылы тұңғыш рет Қармақшы, Сырдария және Жаңақорған аудандарында психоневрологиялық патологиясы бар мүгедек балаларды оңалтудың күндізгі орталықтарының желісі ашылды. Бұған дейін мұндай орталықтар Қызылорда қаласы, Шиелі, Жалағаш, Арал және Қазалы аудандарында жұмыс істеп келді. Нәтижесінде, балаларды оңалтудың күндізгі орталықтарында ем алушылар саны 126-дан 196-ға дейін артты. Осы мақсатқа бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі 2 есеге ұлғайды.

Бұл жұмыстарды 5 ҮЕҰ («Шапағат» мүгедек балаларды оңалту орталығы, «Альтаир-Бөбек» қоғамдық қоры, «Жан-Үміті» балаларға арналған емдеу және тәрбиелеу қайырымдылық үйі, «Ұмай» балаларға арналған емдеу және тәрбиелеу қайырымдылық үйі және «Нұрлы сенім» қоғамдық қоры) жүзеге асырады.

Жыл бойында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында арбаға таңылған 417 мүгедекке «Инватакси» қызметі көрсетілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 18,9 млн. теңге бөлінді. Аталған қызмет Қызылорда қаласы мен барлық аудандарды қамтиды.

Жалпы алғанда, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау 2012 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты.

16 рет ұйымдастырылған мамандандырылған жұмыс орындары жәрмеңкесінің нәтижесінде 311 мүмкіндігі шектеулі адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен бірге, 12 мүгедекке әлеуметтік жұмыс орны ұсынылды, 19-ы жастар тәжірибесіне жолданып, 239-ы қоғамдық жұмыстарға тартылды. 33 мүгедек шағын несие алып өз кәсібін ашуға қол жеткізді.

2014 жылы «Мейірімділік үйіне» күрделі жөндеу жасалса, 2015 жылы ғимаратқа газ тартылды.

 

Білім беру

2015 жылы білім беру саласына бөлінген қаражат облыс бюджетінің 36%-ын құрап, бұл бағытқа 65 млрд. теңге бөлінді.

Жыл бойында 23 білім нысанының құрылысы (740 орындық 5 балабақша, 6710 орындық 18 мектеп) жүргізілді.

 

Мектепке дейінгі тәрбие

2016 жылдың 1 қаңтарына облыста 693 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, оның 400-ден астамы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейді. Бұл мекемелерде жалпы саны 44939 бала тәрбиеленуде.

Мектепке дейінгі мекемелер жүйесі 2014 жылмен салыстырғанда 59 бірлікке артты. Оның ішінде, Қармақшы ауданындағы Ақай, Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр және Сырдария ауданындағы С.Сейфуллин ауылдарында жалпы саны 460 орындық 3 мемлекеттік балабақшаның құрылысы есебінен және 56 жеке балабақшалар мен шағын орталықтарды қоса санағанда 5650 жаңа орын ашылды.

Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданындағы Жалаңтөс елді мекенінде 280 орындық екі балабақшаның құрылысы басталды, олар 2016 жылы пайдалануға беріледі.

Соңғы жылдардағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы 3 пен 6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамтылды. Бұл межеге Сыр өңірі мерзімінен ерте жетті. 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі дайындықпен қамту көрсеткіші 45,4%-дан 54%-ға өсті. Мектепалды даярлықпен 100% балалар қамтылған.

Инклюзивті білім беруді дамыту жалғасты. 2014-2015 оқу жылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған топтар тағы 3 балабақшада ашылды. Бүгінгі күні облыс аумағындағы 5 балабақшада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мамандандырылған топтар жұмыс жасайды. Олар: Қызылорда қаласындағы №5 «Шаттық» балабақшасындағы 12 көру қабілеті бұзылған балаға арналған топ, Қызылорда қаласындағы №50 «Жұлдыз» балабақшасындағысөйлеу қабілеті бұзылған 12 балаға арналған топ, Қызылорда қаласындағы «Сыр жұлдызы» балабақшасындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған топ, Қызылорда қаласындағы «Шағбан» балабақшасындағы сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға және Жаңақорған ауданының Жаңақорған кентіндегі «Нұрлы сенім» балабақшасындағы арнайы топтар.

 

Орта білім беру

2015-2016 оқу жылында облыс бойынша 137 мың оқушыны қамтыған жалпы білім беретін 298 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді.

Жыл ішінде 5910 орындық 14 жаңа мектеп салынып тапсырылды (Арал ауданындағы Тоқабай, Жаңақұрылыс, Қосаман және Ақеспе елді мекендерінде, Қазалы ауданындағы Сарбұлақ және Аранды елді мекендерінде, Жалағаш ауданындағы Жалағаш кентінде, Шиелі ауданындағы 21 разъезде және Бала би елді мекенінде, Қармақшы ауданындағы Ақай, Сырдария ауданындағы Шаған және Шіркейлі елді мекендерінде, Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата және Ипподром шағын аудандарында). Олардың 7-і апаттық мектептердің орнына салынды.

2016 жылы пайдалануға берілетін 800 орындық 4 мектептің құрылысы басталды (Арал ауданындағы Жіңішкеқұм, Жаңақорған ауданындағы Талап, Шиелі ауданындағы Тәжібаев елді мекендері мен Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кентінде). Олардың 3-і апаттық мектептердің орнына салынады.

Жалағаш ауданы Жалағаш кентіндегі №246 мектепті қайта құру жұмыстары аяқталды.

Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі №4 мектеп-интернатқа электр желісін тарту жобасы іске асты.

Байқоңыр қаласындағы 6 қазақ тілінде оқытатын мектеп пен балабақшаны Ресейден Қазақстанның қарамағына алу мәселесі шешімін тапты.

Өткен оқу жылында 6452 Сыр елінің түлегі мектеп бітіріп, оның 4303-і Ұлттық бірыңғай тестке (ҰБТ) қатысуға өтініш білдірді.

ҰБТ қорытындысы бойынша облыстың орташа балы 81,7 (2014 жылы 74,2) құрады. Осылайша 2015 жылы Қызылорда облысы Ұлттық бірыңғай тестілеуден ең үздік 5 облыстың қатарына енді.

2015 жылы «Серпін-2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысының 1787 түлегі білім беру грантының иегері атанды. Бұл 2014 жылға қарағанда 988 адамға артық.

«Алтын белгіге» үміткер 231 түлектің 139-ы, яғни 60,2% өз білімдерін дәлелдеді.

Қосымша білім жүйесі де қарқынды дамыды. Оқушылар демалысын жүйелі ұйымдастыру мақсатында Арал ауданында «Қамбаш» қосымша білім беру және сауықтыру орталығы ашылды. Аталған орталық ең алдымен жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған, табысы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан балалар мен мүгедек балаларды қамтиды.

Жаңақорған ауданындағы Түгіскен ауылында жаңа өнер мектебі ашылды. Мектептегі домбыра, қолданбалы өнер, би және ән үйірмелерінде 145 бала қамтылған.

Облыс орталығындағы оқушылар сарайының ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Онда спорттың техникалық түрлерін және қосымша білімнің жаңа бағыттарын дамытуға жағдай жасалған. Атап айтқанда, «картинг» үйірмесінің автоайлағы кеңейтіліп, шеберханасы салынды, мобильді планетарий алынды, робототехника және кодинг (программалау) үйірмелері ашылды.

Сырдария ауданындағы Шаған елді мекенінде №37 «Шаған» орта мектебінде домбыра, жас техник және анимациялық сурет (құмға сурет салу) салу үйірмелері ашылды. Шіркейлі ауылындағы №129 мектеп негізінде балаларды тоқу және қолданбалы өнерге баулитын үйірмелер құрылды. Шиелі ауданы Бала би ауылындағы №50 мектепте 8 спорт үйірмесі тұрақты жұмыс жасайды.

Педагог мамандардың біліктілігін арттыруға да аса мән берілді. «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ-ң педагогикалық шеберлік орталығында білiктілігін арттырған 3000-нан аса мұғалімнің жалақысына үстеме төлеу мақсатында бюджеттен 1288 млн. теңге бөлінді.

2015 жылы 3788 педагог біліктілігін арттыру курстарына жіберілді («НЗМ» ДББҰ-ң біліктілікті арттырудың деңгейлік курстары бойынша – 919, қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарынан – 2869 педагог өтті).

Ұстаздардың жалпы санынан жоғары және бірінші санатты педагог мамандардың үлесі 45,6%-ға жетті.

 

Кәсіптік техникалық білім

Қазіргі уақытта облыста 97 мамандық, 160 біліктілік бойынша 22527 студентті оқытатын 31 колледж бар. Бұл оқу орындарында 2097 оқытушы мен инженер-оқытушылар жұмыс істейді. Олардың 415-і өндірістік оқыту шеберлері.

Кәсіби және техникалық білім алған түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 68% құрайды.

Еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес соңғы екі жылда 23 жаңа мамандық ашылды, оның 13-і 2015 жылдың үлесіне тиесілі.

Қызылорда облыстық Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп оқу процесіне дуалды оқыту технологиясының элементтерін енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Оның ғылыми-әдістемелік негіздемесі әзірленуде. Мәселен, 2014 жылдан бастап 17 мамандықты оқытуда дуалды білім беру жүйесін тәжірибе ретінде енгізген 8 колледж жұмыс жасайды. Бұл тәжірибе 2015-2016 оқу жылында тағы 8 колледжге енгзілуде.

 

Жоғары білім мен ғылымды дамыту

2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің негізінде халықаралық стандарттарға сай жоғары білікті кадрларды дайындайтын өңірлік жоғары оқу орнын құру жалғасын тапты.

Сапа менеджменті жүйесін инспекциялық тексеру нәтижесінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ білім беру саласындағы сапа менеджментінің ГОСТ ISO 9001-2011 (ISO 9001: 2008) талаптарына сәйкестігін растайтын қорытынды алды.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінен Қорқыт ата атындағы ҚМУ 54 бакалавриат, 29 магистратура және 9 докторантураның мамандықтары бойынша аттестациядан өтті.

Сонымен бірге, ҚР Білім және ғылым министрлігімен университетте тау-кен металлургия бағытындағы мамандықтар мен кафедра ашу мәселесі зерделенді. 2015 жылғы 24 тамызда университетке төмендегі тау-кен металлургиясы мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізуге құқық беретін лицензия берілді: пайдалы қазбалар кенішін барлау мен геология, тау-кен ісі, органикалық емес заттардың химиялық технологиясы, органикалық заттардың химиялық технологиясы, пайдалы қазбаларды байыту мен ақпараттық қауіпсіздік жүйесі.

Университет ғалымдары өзекті ғылыми-зерттеу және аймақтық маңызы бар тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар, халықаралық байланыс аясын кеңейту мақсатында 2015 жылы Қорқыт ата атындағы ҚМУ 22 шетелдік (РФ, Түркия, Қытай, Индия, Корей, АҚШ, Әзірбайжан және Польша) университетпен төмендегі бағыттар бойынша әріптестік Келісімдер мен Меморандумдарға қол қойды: оқытушылар және студенттермен тәжірибе алмасу, оқытушыларды тағылымдама мен біліктілік арттыру курстарынан өткізу, академиялық мобильділік бағдарламаларын іске асыру, ғылыми-педагогикалық кадрларды дайындау.

Облыс әкімшілігі аймақ мектептерінің түлектерін РФ үкіметі гранты есебінен Ресейдің маңдайалды ЖОО-ға (Мәскеу болат және қорытпа институты, Санкт-Петербург технологиялық университеті, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті) оқуға жіберу тәжірибесін жалғастыруда. Облыс экономикасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша соңғы екі жылда Ресей ЖОО-ға 325 түлек оқуға түссе, оның 200-і 2015 жылы қабылданды.

Тұрмысы төмен отбасынан шыққан 365 баланың сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша жетекші қазақстандық ЖОО-да білім алуына мүмкіндік беретін облыс әкімінің грантын қаржыландыру жалғасын тапты (ол оқу орындарының қатарында Қ.И.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті, Алматы энергетика және байланыс университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қорқыт ата атындағы ҚМУ бар).

 

Жастар саясаты

және спорт

«Қызылорда облысында 2014-2015 жылдары жастар саясатын дамытудың жол картасы» шеңберінде жастардың түрлі санаттарымен арнайы жұмыс жүргізуге бағытталған 16 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 65,6 млн теңге қаралды.

Жыл көлемінде 60 мың жас қатысқан 700-ден аса түрлі шара ұйымдастырылды.

Өткен жылы «Жасыл ел» сарбаздары қатарына 1000, құрылыс отрядтарына 252, ал педагогикалық жасаққа 40 жас тартылды.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында 1,5 мыңнан аса бұқаралық спорт шаралары өткізіліп, оған 500 мыңға тарта жас қатысты.

66 спортшыға, оның ішінде 10 мүгедек спортшыға стипендия төлеу үшін облыстық бюджеттен 69,5 млн. теңге бөлінді.

2015 жылы Қазалы ауданындағы Әйтеке би, Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінде спорттық-сауықтыру кешендері мен Сырдария ауданындағы Н.Ілиясов елді мекеніндегі стадион пайдалануға берілді.

Жоғары шеберлік деңгейіндегі спортшыларды дайындау мақсатында 227 оқу-спорттық жиындар өткізіліп, оған 2417 спортшы қатысты. 278 халықаралық, республикалық жарыстарға облыстың 2468 спортшысы қатысты.

Нәтижесінде республика чемпионаттарында облыс спортшылары 165 алтын, 138 күміс және 221 қола медальдарды иеленсе, Азия және әлем чемпионаттарында 23 алтын, 11 күміс, 19 қола медальды иеленді.

ҚР құрама командаларына облыстың 306 спортшысы кірді.

Жыл бойы жүйелі жүргізілген жұмыстар нәтижесінде спортпен тұрақты түрде шұғылданатындар үлесі 25,3% құрады.

 

Мәдениет

2015 жылы облыста жалпы саны біржарым миллионнан асатын көрерменді қамтыған 8 мыңға жуық мәдени-бұқаралық шара өткізілді. Соның ішінде 2015 жылы аталған маңызды тарихи даталарға (Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Конституциясы мен халықтар Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Байқоңыр ғарыш айлағының 60 жылдығы) орай ұйымдастырылған шаралар да бар.

Н.Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драма театр сахнасында «Мұстафа Шоқай», «Нартай», «Абай» қойылымдарының премьералары өтті. Сонымен қатар, Т.Ахтановтың «Ант» спектаклі көрермен назарына алғаш ұсынылды.

Облыстың шығармашылық ұжымдары Сыр елінің өнерлерін шетелдерде көрсетуге мүмкіндік алды. Мәселен, өткен жылдың сәуір айында музыкалық-драма театр ұжымы Ұлыбританиядағы Қазақстанның мәдениет күндері шеңберінде британдық көрерменге Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» спектаклін Лондондағы патша театрында қазақ тілінде қойды.

Облыстық филармония ұжымы Түркия, Татарстан және Өзбекстан елінің қалаларында гастрольдік сапарларда болды. 2016 жылы Грузия Республикасымен және Ресей Федерациясының Орынбор облысымен мәдени әріптестік жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Халық ақыны, әншісі және композиторы Нартай Бекежановтың 125 жылдығына, мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына, Бекарыстан би Амалдықұлының 250 жылдығына арналған және басқа да іс-шаралар өткізілді.

Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 90 жылдық мерейтойына орай Арал ауданында Ә.Нұрпейісовтің әдеби үйі ашылып, «Соңғы парыз» романының кейіпкерлеріне арналған ескерткіш орнатылды.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында көрнекті жазушы-драматург Қ.Мұхамеджановтың бюсті қойылып, жеке кітапханасы ашылды.

Қармақшы ауданының Жосалы кентінде кітапхана (мұражайымен бірге), сондай-ақ Арал ауданының Қамыстыбас, Сексеуіл, Қазалы ауданының Абай, Сырдария ауданының Іңкәрдария, С.Сейфуллин, Айдарлы, Шиелі ауданының Төңкеріс және Сұлутөбе елді мекендерінде 8 ауылдық клубтардың құрылысы аяқталды.

Жаңақорған ауданындағы Талап елді мекенінде ауылдық клубтың құрылысы басталды.

Облыстық өлкетану мұражайында көлемді қайта құру және реэкспозициялау жұмыстары жүргізілді, Шиелі ауданындағы Н.Бекежановтың мемориалдық мұражайы жаңартылды.

Сығанақ, Шірік, Рабат және Жанкент қалашықтарыныңорнында археологиялық зерттеу және Сығанақ, Жанкент қалалары мен Сауысқандық жартас бейнелерін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұрасының тізіміне енгізу жұмыстары жалғастырылды.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында жергілікті атқарушы органдардағы құжат айналымында мемлекеттік тілді қолдануды 100 пайызға жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Ана тілім – қасиетім, ардағым» облыстық фестивалі ұйымдастырылды.

Еліміз 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтті. Ұлтаралық бірлік пен қоғамдық келісімді одан әрі нығайту мақсатында «ҚХА-20 қайырымды іс», «Тайқазан», «Асар», «Қайырымдылық керуені», «Менің Қазақстаным» пойызы, «Ұлы Дала Елі» республикалық экспедициясы, «Мың бала» республикалық жобасы, «Сыр елі – достық мекені», «Бірлігіміз жарасқан» облыстық достық керуендері шеңберінде көптеген қайырымдылық шаралары өткізілді. Түрлі әлеуметтік топтар арасында «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын насихаттау, қоғамдық келісім және аналар кеңестерінің, толеранттық клубтарының қызметін жетілдіру жалғасты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы шеңберінде өткізілген шараларға облыс тұрғындары, зиялы қауым, ұлттық-мәдени бірлестіктер, үкіметтік емес және жастар ұйымдары, мемлекеттік мекемелер, еңбек ұжымдары мен білім беру ұйымдарының өкілдері белсенді түрде қатысты. Жыл бойы 2604 іс-шара өткізілді. Тек «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 қайырымдылық іс» акциясы шеңберінде 353 шара өткізіліп, оған 43 694 адам қатысты. Шара аясында 36 489 мұқтаж жандарға 103,7 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 24 жылдығы қарсаңында Қызылорда қаласында облыстық «Достық үйі» ашылды. Онда барлық 11 этномәдени орталық, сондай-ақ Ассамблеяның ардагерлер кеңесі мен аналар кеңесі орналасты. Жаңа Достық үйінде 230 орындық концерт залы, мәжіліс залы бар, Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін насихаттауға арналған түрлі іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында қызылордалықтар 12 республикалық конкурстарда жүлделі орындар иемденіп, Гран-при және басқа да түрлі номинациялар жеңіп алды.

 

Денсаулық сақтау

2015 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға 30,2 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл облыс бюджетінің 17%.

2015 жылы денсаулық сақтау саласындағы негізгі басылымдықтар ретінде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасы мен қолжетімділігін көтеру, онкологиялық, қанайналым жүйесі дерттері, туберкулезге шалдыққан науқастарды азайту, сондай-ақ жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамыту анықталды.

Осыған байланысты, өткен жылы Жалағаш кентінде ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана және Арал ауданының Сексеуіл кентінде ауысымына 100 келушіге арналған ауылдық емхана пайдалануға берілді. Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін арттырды.

Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылында дәрігерлік амбулаторияның және Жаңақорған кентіндегі ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхананың құрылысы басталды.

Қызылорда қаласында 200 төсекке шақталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы жалғасты.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы наркологиялық диспансердің «А» блогында қайта құру жұмыстары, Тасбөгет кентіндегі қалалық туберкулезге қарсы диспансерде күрделі жөндеу жүргізілді.

Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі 150 төсектік аудандық орталық аурухананың, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі ауысымына 250 келушіге арналған емхананың, Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі, Жаңақорған ауданы Төменарық және Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал елді мекендеріндегі ауылдық ауруханалардың, сондай-ақ 21 дәрігерлік амбулаторияның жобалау-сметалық құжаттарын дайындау аяқталды. Осы жобаларды ілгерілетуге арналған жұмыстар басталды.

Арал ауданы Арал қаласындағы 150 орындық аудандық орталық аурухана құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары басталды.

Аурулардың алдын алу және ерте анықтау мақсатында қант диабетін, қан айналымы жүйесі ауруларын, глаукоманы, сүт безін, жатыр мойнында, қуықасты безінде, асқазанда, бауырда жаңадан пайда болған ісіктерді анықтауға арналған скринингтік тексерулер жүргізу жалғасты. Бұл мақсатқа бюджеттен шамамен 195 млн. теңге бөлінді. Жыл бойы скринингтік тексерулерден 247 мыңнан астам адам өтті.

Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімді және мүгедектікті азайту үшін жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігіне жағдай жасалуда. Облыстық кардиохирургиялық орталық ашылғаннан бері (2009 жылы) 4 мыңнан астам ота, оның ішінде 599-ы ашық жүрек отасы жасалды, 5299 рет коронография жүргізіліп, 1483 науқасқа стент (арнайы каркас, патологиялық процестер нәтижесінде кішірейген жүрек тамырларын кеңейтеді) қойылды. 2015 жылы ашық жүрекке 92 ота жасалып, 35 емделушіге электрокардиостимулятор қойылды.

2015 жылы облыстық медициналық орталықтағы инсульт орталығында жоғары мамандандырылған оталар енгізілді: ми тамырларына аневризм эмболизациясы, ұйқы артериясына оталары жасалды. Мұндай оталар бұған дейін тек Астанадағы республикалық нейрохирургиялық орталықта ғана жасалып келді.

Облыстық медициналық орталықта ми тамырларына кіші инвазив тәсілімен 27, омыртқаға 72, ми ісігін алудың 34 және жұлынға 4 ота жасалды.

Сондай-ақ, емделушілерге онкологиялық көмекті жетілдіру мақсатында асқазанға, ішек пен өкпеге күрделі оталар жасалуда. Жарақаты бар емделушілерге блоктаушы остеосинтез оталары сәтті жасалуда.

Жүргізілген жұмыстар облыс тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және облыстан тысқары жерлерден хирургиялық көмек алушылар санын 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.

Өңірде экстракорпоралды ұрықтандыру тәсілін енгізу үшін облыстық перинатальдық орталықтың 3 маманы Алматы қаласындағы «Акушерлік, гинекология және перинатология институтында» оқудан өтті.

Байқоңыр қаласы аумағында тұратын Қазақстан азаматтарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында Ресей тарапымен Байқоңыр қаласында облыстық медициналық орталықтың 120 төсектік филиалын ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Филиал тұрғындардың нейроинсульттік, офтальмологиялық, отоларин­гологиялық көмекке деген сұранысын ескере отырып құрылады.

Туберкулездің мультитұрақты түрімен ауыратын науқастарды сауықтыруға әлеуметтік көмек беру тәжірибесі жалғасуда. 2015 жылы 1088 науқас 122 млн. теңге көлемінде көмек алды.

Облыстық медициналық орталық базасында медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 2015 жылдың қазан айында жергілікті бюджет есебінен біртұтас медициналық ақпараттық СаІІ (хабар алу) орталығы ашылды. Оны ашудағы негізгі мақсат – азаматтарға сапалы медициналық көмек алу мен құқықтары туралы ақпарат беру, емделушілер құқықтарының бұзылуын дер кезінде алдын алу және оларға жол бермеу. СаІІ-орталықтың үш ай жұмысы нәтижесінде Аумақтық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетіне арызданушылар саны 46,8 пайызға азайды.

Қазақстан Республикасы бойынша жалпы өлім-жітімнің 52% құрайтын жағдайлардағы (ана мен бала, онкология, жарақаттану, жіті инфаркт миокарды, инсульт) медициналық көмекті жақсарту мақсатында, сондай-ақ жедел-жәрдем және санитарлы авиация қызметтерін дамытудың жол қарталары әзірленді.

Қолданылған шаралар нәтижесінде:

2015 жалпы өлім көрсеткіші 14,7 пайызға төмендеді;

нәресте өлімі көрсеткіші 5 пайызға кеміді;

туберкулезден қайтыс болғандар көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 4,1 пайызды құраса, 2014 жылы ол 5,2 пайызды құраған, яғни 21 пайызға төмендеді;

туберкулезбен науқастану көрсеткіші 5,6 пайызға төмендеді, 100 мың тұрғынға шаққанда 76,8 пайыздан 72,5 пайызға азайды.

Ана өлімі мәселесі әлі де ерекше назар талап етеді.

2015 жылы ана өлімі көрсеткіші 100 мың тірі туылғанға шаққанға 46,8 пайызды құрады (2014 жылы 5 пайыз). Ана өліміне әкелетін негізгі себептер қатарында жүктілік және босануды асқындыратын экстрагенитальді аурулар тұр.

Ана және сәби өлімін азайту мақсатында қалалық перинаталдық орталықта 2016 жылдың қаңтарында сәбидің құрсақтағы жағдайына мониторинг жасайтын станция енгізілді. Ол қауіпке уақытылы диагностика жасау және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Телемедицина кеңінен қолданылуда. Облыстық медициналық орталық жанындағы санитарлық авиация бригадалары 2015 жылы қосымша акушер-гинекологтармен, анестезиологтармен, неонатологтармен толықтырылды. Аудандық босану бөлімшелерінде акушер-гинекологтардың, анестезиолог-реаниматологтардың тәулік бойы кезекшіліктері ұйымдастырылды.

Босанғаннан кейін оңалту бөлімшесін ашу қарастырылды. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті бюджет есебінен облыстық перинатальдық орталықта 30 орындық босанудан кейінгі оңалту бөлімшесі ашылды.

Медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында 459 дәрігер мен 1091 орта-медициналық қызметкер біліктілігін көтерді. Сонымен бірге, медициналық мекемелер базасында 14 мастер-класс өткізілді.

Білікті медициналық кадрлар дайындау және ғылыми зерттеулер жүргізу үшін 2015 жылдың маусымында облыстық медициналық орталықтың оқу орталығы негізінде С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы ашылды. Интернатуралық дайындықтан 44 маман өтті.

 

ӨҢІРЛІК ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУҒАБАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ

 

2015 жылы өнідіріс өнімінің көлемі 605,6 млрд. теңгені құрады, ол өткен жыл көрсеткішінен 9,8%-ға кем. Бұл жұмыс істейтін мұнай кеніштері қорының сарқылуымен, мұнай өндіру көлемінің және оның әлемдік бағасының төмендеуімен байланысты. 2015 жылы 9 млн. тонна мұнай өндіріліп, 2014 жылмен салыстырғанда 9,5%-ға кеміді. Мұнайдың бір баррелінің бағасы 3 еседен аса төмендеп кетті.

Сонымен қатар, азық-түлік, химия және металлургиялық өндірістің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінің өсуі қамтамасыз етілді. Оның физикалық индекс көлемі 100,2 пайызды құрады (84,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді).

Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында (2010-2014 жылдар) жалпы құны 82 млрд. теңге болатын 17 жоба іске асырылып, 1000-нан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 2015 жылы 14 жоба өнім шығаруды қамтамасыз етті.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясында (2015-2019 жылдар) жалпы құны 466,9 млрд. теңге болатын, 6 мыңдай жұмыс орнын құратын 41 жоба іске асырылуда. Оның ішінде өңірлік индустрияландыру картасы шеңберінде 39 жоба іске асырылуда.

2015 жылы олардың арасынан жалпы құны 2,3 млрд теңге болатын 5 жоба іске асты. Бұл жобалар 250-ден аса адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Атап айтқанда:

1) 2015 жылы Қызылорда қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіп саласындағы жоба – «Жан Арай Жем» ЖШС агрокешені іске қосылды. Жалпы көлемі жобаға 6 млрд. теңгедей инвестицияланды.

Агрокешен аумағында индустрияландыру картасы шеңберінде «Құрама жем зауыты құрылысы» жобасы іске асырылды. Жоба құны 375,9 млн. теңге, қуаттылығы – тәулігіне 80 тонна құрама жем. Өндірісте 60-тай адам тұрақты негізде жұмыс істейді.

Бұл мал атаулының қай түріне де қажетті жем түрімен қамтамасыз ететін Қызылорда облысындағы алғашқы құрама жем зауыты.

Өңірде мал шаруашылығының дамуына байланысты және осы уақытқа дейін барлық дерлік жем түрлері сырттан тасымалданып келгендіктен жоба ерекше маңызға ие. Себебі көптеген шаруа­шылықтарда сауын малдың қыстағы рационының 70-75% құнары аз қамыс шөп болып келді.

«Жан Арай Жем» ЖШС құрама жем зауытының өнімі сырттан тасымалданатын жемге қарағанда арзан болғандықтан фермерлер жем сатып алуда үнемдейді. Сондай-ақ, бұл жоба мал өнімділігінің артуына оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге, жобаның іске асуы тек мал шаруашылығына ғана емес, оған қоса балық және құс шаруашылығына да үлкен көмек болары сөзсіз.

Зауыттағы барлық құрал-жабдықтары Германиядан, PETKUS Technologie GmbH. компаниясымен ынтымақтастықтың шеңберінде алынған. Аталмыш компания дәндерді механикалық тазалау техникасын шығарушы және дәндерді даярлау, астықты өңдеу мен сақтау құрал-жабдықтарын жеткізуші жетекші компания саналады.

Сонымен бірге, осы агрокешеннің аумағында қуаттылығы 150 тонналық заманауи, халықаралық талаптарға сай күріш өңдеу зауыты, шикізат және дайын өнім сақтайтын қоймалар, автотаразы іске қосылған. Өзінің жеке темір жол тұйығы салынып, зертхана және өнімді қаптайтын цехы бар. Алдағы уақытта ұн тартатын диірмен және макарон, консерві өндірісін іске қосу жоспарланған.

2) «РМЗ Шапағат» ЖШС-ның «Үй құрылысы комбинаты» жобасы. Комбинат 2015 жылғы желтоқсан айында Мемлекет басшысының қаты­суымен «Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы. 2015-жылдың қорытындылары» жалпыұлттық телекөпірі барысында іске қосылды. Жоба құны 1454 млн. теңге, қуаттылығы – жылына 80 мың текшеметр темір-бетон бұйымдары немесе 35 мың шаршы метр қаңқалы-панельді тұрғын үй. Өндіріс 68 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

«БРК-Лизинг» АҚ, «WELLER» неміс компаниясы және «РМЗ-Шапағат» ЖШС арасында жасалған келісімге сәйкес кәсіпорынға еуропалық стандартпен салынатын қаңқалы-панельді, ірі панельді үйлер құрылысына пайдаланылатын құрастырылмалы темірбетон және бетон бұйымдар шығаратын технологиялық желі жеткізілді.

Жаңа кәсіпорын заманауи сапа талаптарына жауап береді және өнімдерінің кең көлемдегі ассортиментімен ерекшеленеді: тауарлы бетон, қуыс тақта, қабырғалық панель, қаңқа элементтері (бағана, арқалық, ригель) баспалдақтар, вентиляция шахтасы және т.б темір-бетон бұйымдары.

Үй құрылысы комбинатының ерекшелігі – тез салынатын үйлер құрылысын жүргізе алуында. Үлкен көпқабатты үйді комбинат бар болғаны 3-4 айда салып бітіре алады. Құрылыстың қысқа мерзімде жүруі есебінен құрылыстың өзіндік құны төмендейді, сәйкесінше пәтер бағасы да төмен болады. Келешекте облыс орталығында Сырдария өзенінің сол жақ жағалауының дамуын есепке алсақ, бұл өте маңызды жоба.

3) «Казэнергосбережение» ЖШС-ның «LED жарықтандыру құралдарын шығару» жобасы. Жоба құны 98,3 млн. теңге, қуаттылығы жылына 31,2 мың дана өнім. Өндіріс 30 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Жасыл экономика» қағидаларына сәйкес келетін жаңа өндіріс қазіргі нарықтық жағдайда жоғары сұранысқа ие, себебі ол электрэнергияны 3 есе үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, диодты жарық шамдарының қызмет ету мерзімі қарапайым аналогтарынан әлдеқайда ұзақ.

Осы өндірісте шығарылатын жарық шамдарын тұрғын үйлерде, қоғамдық орындарда, кеңселік ғимараттарда, жол бойында және т.б. орындарда пайдалануға болады.

4) «Максима логистикс Қазақстан» ЖШС-ның «Керамикалық кірпіш шығару зауыты құрылысы» жобасы. Жоба құны 300 млн теңге, қуаттылығы жылына 15 млн. дана кірпіш. Кәсіпорын 50 адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кәсіпорын кірпішті автоматты түрде жинайтын технологиялық желімен жабдықталған. Процестің көп сатылы болуына қарамастан, пульт арқылы бұл процесті бір-ақ адам басқарады. Бұл желі құю және күйдіру кезеңдерінде ақаулы өнім шығуына жол бермейді.

5) «Тоғыз Аралотын» ЖШС-ның «Күйдірілген кірпіш өндірісі» жобасы. Жоба құны 30,8 млн. теңге, қуаттылығы жылына 4 млн. дана кірпіш. Кәсіпорын 45 адамға дейін жұмыспен қамтуда.

Бүгінгі күні Арал ауданына кірпіш Ақтөбе облысынан және Қазалы ауданынан жеткізіледі. Жаңа зауыт тұрғындар мен кәсіпорындарды өз өнімімен қамтамасыз ететін болады.

Сонымен қатар, 2016 жылдың қаңтарында Қызылорда қаласында «Газ Трейд» ЖШС-ның «Газ құю бекетінің құрылысы» жобасын іске асыру аяқталды. Жоба құны 380 млн. теңге, қуаттылығы жылына 3,4 текше метр, өнімділігі – сағатына 100 автокөлікке дейін. Жобаны іске асыру 27 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.

Газ құю стансасында көптеген мемлекеттерде қолданылатын, әлемдік бренд – аргентиналық «Aspro» фирмаcының қондырғылары орнатылған. Оның артықшылықтары – ауа райына төзімділігі, жоғары технологиялығы және қауіпсіздігі.

Бұл автокөлікке сығылған табиғи газ құятын Қызылорда облысындағы бірінші және Қазақстандағы екінші газ құю стансасы.

Жанармайдың бұл түрі - бензиннен анағұрлым арзан және қоршаған ортаға канцерогенді заттардың шығуын үш есеге дейін азайтады.

Республикалық индустрияландыру картасы шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазақстанның Инвестициялық қоры» және американдық «StewartEngineers» компаниясы бірлесіп, «Қызылорда қаласындағы шыны зауыты құрылысы» жобасын іске асыру жұмыстары жалғасты.

Болашақ зауыттың ең ірі нысаны – дайын өнімдер қоймасының құрылысы жоғары қарқынмен жүруде. Қойма іргетасын құю толығымен аяқталып қалды, сонымен қатар қойманың металлконструкциясын құрастыру жүріп жатыр.

Сумен жабдықтау және телефон желісін (талшықты-оптикалық кабель) жүргізу толығымен аяқталып, теміржол желісі астынан газ құбыры өткізіліп болды.

2016 жылдың алғашқы жартысында технологиялық қондырғыларды жеткізуді бастау, ал 2017 жылы өндірісті іске қосу жоспарланған.

Зауыт жыл сайын 197 мың тонна шыны табақ­шаларын немесе тәулігіне 600 тонна дайын өнім шығаратын болады. Қажетті шикізаттың 95 пайызы – кварц құмы, доломит, әк тасы облыста өндірілетін болады. Өнімнің 70 пайыздайы ішкі нарыққа, қалғаны экспортқа шығарылады деп жоспарлануда.

Арал қаласында кальцийлендірілген сода шығаратын зауыт құрылысы жобасының техника-экономикалық негіздемелерін әзірлеу аяқталды. Бұл шыны өндірісінде пайдаланылатын тағы бір компонент. Өңірді дамытудың стратегиялық басымдықтарына сәйкес тау-кен металлургиялық кешенін құру жөніндегі жұмыстар жалғастырылды.

2014 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-мен бірге құқық белгілеу құжаттарын ресімдеу аяқталып, «Шалқия» қорғасын-мырыш кенін қалпына келтіру процесі басталды. 2015 жылы кеніштегі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. 2016 жылдың көктемінде кен байыту комбинаты құрылысын бастау жоспарлануда.

Металлургия өндірісінде кеңінен қолданылатын кен байыту комбинатының өнімдерін гидрометаллургиялық әдіспен өңдеп, құрамында қорғасын, мыс, күміс және басқа да сирек кездесетін металдары бар металды мырыш пен қорғасын кегін алу жоспарлануда. Ол үшін кен байыту комбинатының жанынан гидрометаллургиялық зауыт салынатын болады, жобаның техника-экономикалық негіздемесін әзірлеу басталды.

Аталған жоба 2015 жылы индустрияландырудың республикалық картасына енгізілді.

Немістің «ICMD» компаниясымен Қызылорда қаласында арнайы және кешенді қорытпа шығаратын ферроқорытпа зауытын салу туралы келісімге қол жеткізілді. Кәсіпорын жылына 160 мың тоннаға дейін аз аллюминийлі ферросилиций шығаратын болады. Бұл компонент металлургиялық өндірісте қоспа түрінде (сапасын арттыратын қоспа) жоғары сұранысқа ие.

Зауыт академик А.А.Жәрменовтің басшы­лығымен «Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының» ғалымдары шығарған инновациялық технология негізінде жұмыс істейтін болады.

Жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленді. Болашақ кәсіпорын үшін Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылымдар жүргізілді.

Баласауысқандық ванадий кен орнын игеру жұмыстары жалғастырылды. Жобаның тәжірибелік-өндірістік әзірлеу кезеңі аяқталып қалды, кәсіпорын құрылысын бастаудың дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Шиелі кентінде тампонаждық цемент өндіретін зауыт құрылысы жобасын іске асыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, осы жылдың көктемінде қытайлық әріптестермен бірге бұл ірі жобаны іске асыру да басталады.

Тампонажды цемент мұнайгаз және уран өндірісінде бұрғылау кезінде ұңғыманы жерасты суларынан оқшаулау үшін қолданылады. Цементтің бұл түрін жалпы құрылыс жұмыстары үшін де пайдалануға болады. Бұл қамыр іспеттес сұйық цемент. Цемент ұңғымаға жіберіліп, майда тесіктерді толтырады және бірден қата бастайды. Ол өз кезегінде ұңғыманы цементпен бекітудің сапасын арттырады және оның пайдалану мерзімін ұзартады.

Жоғары экологиялық сипаттағы К4, К5 классты мотор майларын өндіретін зауыт құрылысы жөніндегі жобаны іске асыру мәселелері қаралды. Нәтижесінде, жоба өңірлік индустрияландыру картасына енгізілді. Зауыт құрылысын 2016 жылдың жазында бастау межеленіп отыр.

«Қазақстан темір жолы» АҚ жылжымалы құрамы үшін қосалқы бөлшектер мен жинақтаушылардың, сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, агроөнеркәсіп секторы кәсіпорындары мен мұнай саласы үшін қалыптан тыс қондырғылар мен агрегаттар шығару мақсатында Қызылорда қаласында машина жасау зауыт құрылысы жобасының техника-экономикалық негіздемесі дайындалды. «Байқоңыр» ӘКК» АҚ және«Дорстрой» ЖШС жобаны іске асыру үшін қосымша инвесторлар тарту мүмкіндіктерін қарастыруда.

Инвесторлар тарту және өңірде жаңа өндірістер ашу мақсатында 2015 жылдың сәуірі мен желтоқсан айларында V және VI «Байқоңыр-Инвест» инвестициялық форумдары өткізілді. Соңғы үш жылда өткізілген алты инвестициялық форум шеңберінде барлығы 70-тей әріптестік туралы шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Облыс экономикасына 100 млрд. теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды.

 

Кәсіпкерлікті дамыту

«Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде өндірістік инфрақұрылымды дамытуға және кәсіпкерлікті қолдауға 2015 жылы 2,6 млрд теңге бағытталды, ол 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 77 %-ға артық.

Атап айтқанда, 2015 жылы жалпы құны 4,1 млрд теңге болатын 73 жоба бойынша пайыздық көтермелерді субсидиялау үшін 826,2 млн теңге бөлінді. Жалпы құны 735 млн. теңгелік 49 жобаны ішінара кепілдендіруге 146,9 млн. теңге жұмсалды. Ауылдық жерлерде 7 жоба бойынша грантты қаржыландыруға 12 млн. теңге бөлінді.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 4-бағыты бойынша 2014 жылы облыстың 4 ауданында (Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі) және Қызылорда қаласында индустриялық аймақтар құрылды. 2015 жылы индустриялық аймақтарда инвестициялық жобаларды орналастыру және іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Олардың қатарында келесі жобалар бар:

Арал ауданында жалпы құны 400 млн. теңгелік 2 жобаның іске асырылуы басталды. Оның бірі «Берекет» ШҚ-ның «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасы осы жылдың бірінші тоқсанында жұмысын бастайды;

Қазалы ауданында жалпы құны 317 млн. теңгелік 8 жоба. Оның екеуі: темірбетон және пеноблок зауыты («Р.Мәмбетжанов» ЖК) және астық сақтау қоймасы («Б.Бөлебаев» ЖК) пайдалануға берілді.

Жалағаш ауданында жалпы құны 243 млн. теңгелік 5 жоба: мал сою цехы («Д.Жарасбаев»ЖК), жылыжай («ШНС» ЖШС), мал бордақылау алаңы («Қ.Қанатбаев» ЖК), құмблоктарын шығаратын цех («KT-Servis» ЖШС), диодты жарық шамдар жинау цехын («Казэнергосбережение» ЖШС) іске қосу жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, аудан аумағында мия тамырын өңдеу зауыты пайдалануға берілді;

Шиелі ауданында құны 1,6 млрд. теңге құрайтын 3 жоба, оның біреуі – мия тамырын өңдейтін зауыт («Мия Шиелі» ЖШС) пайдалануға берілді;

Қызылорда қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасты. Индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытын, болашақта салынатын ферроқорытпа зауытын теміржол тұйығымен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары жасалды. 2016 жылы оның құрылысы басталады.

«Мағжан и К» ЖШС-ның астық сақтау қоймасы өндірісті нысанының астық сақтау қоймасына баратын автожолды қайта жаңғырту аяқталды.

Қармақшы ауданындағы индустриялық аймаққа қажетті инженерлік инфрақұрылымды жеткізу жұмыстары жалғасуда.

Сырдария және Жаңақорған аудандарында индустриялық аймақты құру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті жер телімдері бөлінді.

Туристік инфрақұрылымды, оның ішінде Қармақшы ауданы Төретам кентінде индустриалды-туристік аймақты дайындау жұмыстары басталды.

2014 жылдың қыркүйек айында бастауыш кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша тетігі ретінде облыста Өңірлік инвестициялық орталық құрылды. Ол микробизнесті несиелік қолдауға, әсіресе ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жұмыс істейді.

2015 жылы «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы жалпы құны 342,1 млн. теңгені құрайтын 56 жобаны қаржыландырды, жаңадан 223 жұмыс орны ашылды.

Арал ауданында құны 47,4 млн. теңге құрайтын 7 жоба несиелендірілді, 48 жұмыс орны ашылды.

Қазалы ауданында 10 жобаны іске асыруға 55,4 млн. теңге бөлінді, 47 жұмыс орны құрылды.

Қармақшы ауданында 99,6 млн. теңгеге 13 жоба несиелендірілді, 41 жұмыс орны ашылды.

Жалағаш ауданында құны 700 мың теңгені құрайтын бір жоба іске асырылуда.

Сырдария ауданында 9 жобаға 36,6 млн. теңге бөлінді, 19 жұмыс орны ашылды.

Шиелі ауданында 4 жобаны іске асыруға 23,8 млн. теңге бағытталды, 23 жұмыс орны ашылды.

Жаңақорған ауданында құны 33,2 млн. теңге құрайтын 6 жоба іске асырылуда, 17 жұмыс орны ашылды.

Қызылорда қаласының ауылдық округтерінде 45,3 млн. теңге болатын 6 жоба іске асырылуда, 27 жұмыс орны ашылды.

Шамамен 50 млн. теңгені құрайтын несие 8 шағын наубайхана мен кондитерлік цехтың ашылуына бағытталды. 41 млн. теңге 6 техникалық қызмет көрсету бекетін ашуға, 33 млн. астам теңге мал шаруашылық саласының 4 жобасына бөлінді.

2015 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен 2016 жылдан бастап «Микробизнес-Қызылорда» пилоттық жобасын бірлесіп іске асыру жөнінде келісімге қол жеткізілді. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталық жобаның бірыңғай операторы болып белгіленді. 2016 жылы пилоттық жобаны іске асыруға 660 млн. теңге бөлу жоспарлануда, соның ішінде 300 млн. теңгені «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөліп отыр.

2015 жылы мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны 7,8%-ға артты.

Экономикалық өсімнің басты қозғаушы күшінің бірі болып табылатын орта класты қалыптастыру – Қызылорда облысындағы кәсіпкерлік пен іскерлік бастамалардың қолдауымен жүзеге асатын басым міндеттерінің бірі болып саналады. Осыған орай, 2015 жылы қазан айында белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен Қызылорда облысында бірінші рет «Қазақстанда орта класты қалыптастыру: бүгіні мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шағын және орта бизнесті тиімді дамыту мақсатында 2015 жылғы 27 қарашадағы Қызылорда облысы әкімдігінің қаулысымен «Жаңа экономикалық жағдайда Қызылорда облысында шағын және орта бизнесті бейімдеу және трансформациялаудың жол картасы» қабылданды. Аталмыш жол картасы өңірдегі кәсіпкерлік ортаны жақсартуға бағытталған.

 

Туризм

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі бойында сервисті дамыту шеңберінде 7 нысан салынды. Оның ішінде құны 1,2 млн. теңге құрайтын 4 нысан 2015 жылы салынды. Бұдан бөлек, 14 жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

«Байқоңыр» спорттық-туристік жобасын іске асыру шеңберінде «Каспиан сервис» компаниясымен бірге «Байқоңыр» брендін ілгерілету жұмысы жүргізілді. Қызылорда облысы әкімдігі мен «Каспиан Сервис» компаниясы арасында жобаны іске асыру жөніндегі өзара әріптестік туралы Меморандумға қол қойылды.

 

Ауыл шаруашылығы

2015 жылы ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 62,8 млрд. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғандағы жеке көлем индексі 104,2%-ға жетті.

Ауыл шаруашылығын қолдауға 2015 жылы 8,2 млрд. теңге бөлінді, бұл 2014 жылға қарағанда 2,2% артық.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында жанар-жағармай материалдарының бағасын арзандату субсидиясына, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу бойынша қызметке, мал шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін көтеруге, тыңайтқыштардың бағасын арзандатуға және т.б. бағытталған 5,2 млрд. теңге бөлінді.

 

Өсімдік шаруашылығы

2015 жылы 163,8 мың гектарға (оның ішінде 86,8 мың гектары дәнді дақыл, 56 мың гектары жемшөптік дақыл, 15,3 мың гектары картоп, көкөністер мен бақша дақылдары, 5,6 мың гектары майлы дақылдар, 83,9 мың гектары - күріш) ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Негізгі дақыл – күріштің әр гектарынан орташа есеппен 50,5 центнерден астық алынды (2014 жылы – 50,1 ц/га). Күріштің 423,6 мың тонналық рекордтық көлемі жиналды.

«Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» күріштің бәсекеге қабілетті жаңа түрлерін шығару, заманауи агротехнологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдарының жоғары өнімді түрлерін шығаруға арналған ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жоғары репродукциялық дәнмен қамтамасыз ету 98,5%-ға дейін жеткізілді. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіш.

2015 жылы 93,8 мың гектар жер (308 учаске) ауыл шаруашылығы айналымына тартылды.

Халықаралық қайта құру және даму банкімен бірлесіп, Жалағаш ауданының 15 мың гектар жерін суландыру және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі іске асырылып жатыр.

Бұл жобаны жүзеге асыру суландыру және дренаж жүйелерін қайта құру және жаңғырту жолымен суармалы жердің мелиорациялық жағдайын жақсартуға және сумен қамтамасыз етілуін арттыруға мүмкіндік береді.

 

Мал шаруашылығы

Облыс бойынша 2016 жылдың 1 қаңтарына 256,1 мың бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 118,9 мыңы сиыр, 570,4 мың қой мен ешкі, 88,6 мың жылқы, 36,1 мың түйе, 2,5 мың шошқа өсірілуде.Сиыр саны – 7,2 %, қой – 5,9%, жылқы – 2,7%, түйе – 4,2% өскен.

Ет өндіру 1,8%-ға, сүт өндірісі 2 %-ға өскен.

«Сыбаға» бағдарламасы аясында 64 шаруа қожалығы 442,0 млн.теңге жеңілдікпен несие алып, 2720 сиыр және 148 бұқа сатып алынды, жоспар 108,8 %-ға орындалды.

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 19 шаруашылық жеңілдікпен 125,3 млн.теңге көлемінде несие алып, 5058 қой, 174 қошқар сатып алды, жоспар 126,5%-ға орындалды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша 56 шаруашылық 486,2 млн теңге несие алып 1589 бие, 197 айғыр сатып алды, жоспар 158,9 %-ға артығымен орындалды.

«Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы шеңберінде 2015 жылдың желтоқсанында «Сыр маржаны» ЖШС Қазалы ауданында 500 ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңын іске қосты. Келешекте оның қуаттылығын 2000 басқа арттыру жоспарлануда. Бүгінгі күні 200 бастай ірі қара мал бордақылануда.

Сырдария ауданындағы «Шаған-жер» ЖШС-ның 3000 ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысы аяқталды. 2016 жылғы ақпанда малды бордақылау бойынша жұмыс басталады.

Өңдеу саласында Қызылорда қаласында тәулігіне қуаттылығы 0,5 тонна шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорын іске қосылды. Жалағаш ауданында «Агрохолдинг Байқоңыр» ЖШС тәулігіне қуаттылығы 150 күріш өңдейтін зауытты іске қосты.

Шиелі ауданында тәулігіне қуаттылығы 1 тонна сүт өнімдерін өңдейтін цех пайдалануға берілді.

Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірілген өнімнің бәсекеге қабілеттігін және облыстың экспорттық әлеуетін арттыру үшін ірі жобаларды іске асыруда инвестициялар тарту жұмысы жүргізілді. Оның ішінде агроөнеркәсіптік кешендерге де шетелдік инвесторлар тартылды.

Нәтижесінде 2016 жылы:

Жаңақорған және Қармақшы аудандарында 50 мың қой бордақылау алаңдарын салу жобасын бастау;

Жаңақорған ауданында қуаттылығы 7 мың тонна қозы етін өңдейтін комбинат құрылысы жоспарлануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан және Қытай арасындағы үкіметаралық келісімнің негізінде Жаңақорған ауданына Қытайдан томат пастасын өндіретін зауыт көшіру және салу мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар, осы үкіметаралық келісімнің негізінде тамшылатып суару арқылы 4 мың гектар жерде томат өсіру жобасы жүзеге асырылатын болды.

Қытайлық инвесторлармен Қызылорда қаласында түйе сүтін өңдейтін зауыт салу мәселесі талқылануда.

Шиелі ауданында 13 мың гектар аумақта мақсары және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру жобасын бастау мен өсімдік майын өндіретін зауытты салу бойынша ирандық Джахад-Э-Сабз компаниясымен келісімге қол жеткізілді.

Сонымен бірге, отандық инвесторлармен келісімнің нәтижесінде 2016 жылы бірқатар басқа да жобалар іске асады: өндірістік жылыжайлар құру, тамшылатып суару арқылы картоп өндіру, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймасы құрылысы, күріш өңдеу зауыты, құс фермалары және фабрикаларын салу.

 

Балық шаруашылығы

Соңғы 3 жылда балық аулау 2 мың тоннадан астам немесе 30%-ға көбейді. 2015 жылы жалпы ауланған көлем 8,4 мың тоннаны құрады (Кіші Арал теңізінен 7,2 мың тонна ауланды).

Облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тонна болатын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл 300-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беруде.

Барлық балық аулау кәсіпорындары халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті құралдармен жабдықталған.

2 кәсіпорын өнімдерін Евродақ елдеріне экспорттауға мүмкіндік беретін «Еврокод» эскпорттаушының тіркеу нөмірін алған.

Балық өнімі (балық филесі, ысталған, қақталған, мұздатылған) алыс-жақын шетелдерге – Ресей, Украина, Грузия, Дания, Польша, Австрия мен Германияға экспортталды. 2015 жылы барлығы 1768 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды, соның ішінде құны 4,6 млн АҚШ долларын құрайтын 867 тонна өнім (2013 жылмен салыстырғанда 2 есе көп) Еуроодақ мемлекеттеріне және құны 202 мың АҚШ долларын құрайтын 920 тонна өнім Ресей Федерациясына жөнелтілген.

Соңғы екі жыл ішінде балық өнімдерінің экспорты 45% өсті.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде балық кластерін дамыту мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қатысуымен балық өнімдерін өндіру, өңдеу және сату төңірегінде 3 инвестициялық жоба іске асырылды. Осы ретте, «Байқоңыр» ӘКК-нің бірлескен кәсіпорындардағы үлесі («СПК Қызылорда Балық» ЖШС, «Қаратерең Балық» ЖШС, «Бөген» СДО» ЖШС) 38,8%, 44,5% және 9,5% (тиісінше) екінші қатысушыға басым құқығы бойынша сатылды.

Сонымен бірге, Арал қаласындағы қуаттылығы жылына 6 мың тонналық балық өңдейтін Арал балық өңдеу зауыты қызметін кеңейту жұмыстарын жүргізуде.

Зауытты шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету үшін Арал ауданында Қарашалаң балық сервистік-дайындау орталығының құрылысы аяқталды.

Тоған шаруашылығын дамыту мақсатында Иіркөл тоған шаруашылығын қалпына келтіру жобасы іске асырылуда. Бүгінде «Болат» ШҚ-ға жалпы көлемі 166 гектар құрайтын тоған 2 жыл мерзімге жалға берілді. Бірлесіп жұмыс істеу туралы келісімшартқа қол қойылды.

2015 жылы шілдеде соңғы 50 жылда тұңғыш рет Арал өңірі балықшыларының бірінші слеті өткізілді. Онда облыстағы балық шаруашылығының даму мәселелері жан-жақты сөз болды.

Облыс балық шаруашылығын дамытуда айтарлықтай әлеуетке ие. Осы іске жарату үшін заманауи технологиялар енгізу, суды аз тұтыну жағдайында балық өнімдерін алу тәсілдерін игеру, ұзақ мерзімді негізде балық шаруашылығына қажет су айдындарының санын көбейту жұмыстары жүргізілуде.

 

Азық-түлік қауіпсіздігі

Облыстан тысқары жерлерден әкелінетін азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ірі сауда субъектілерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының көтерме бағасынан 5-10 %-дан аспайтын үстемемен сату жөнінде 60 меморандумға қол қойылды.

Бұдан бөлек, әріптестік келісім негізінде «Мирас» сауда орталығының 4 сауда орындарында облыс орталығында 18,8 мың тонна ауылшаруашылық өнімдері нарық бағасынан 15-20 %-ға төмен сатылды.

Халықты сапалы әрі арзан картоппен, көкөністермен және басқа да ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 105 ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды, оның 10-ы Байқоңыр қаласында өтті. Жәрмеңкелерде 11,5 мың тонна ауылшаруашылық өнімдері нарық бағасынан 15-20 %-ға төмен сатылды.

Сонымен бірге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсуін болдырмау мақсатында Тұрақтандыру қорының 13 әлеуметтік дүкені арқылы өнімдерді сату жұмысы жалғасын тапты. 2015 жылы осы мақсатта 136 тонна қант, 50 тонна макарон, 30 тонна қарақұмық жармасы, 60 тонна құс еті, 103,6 тонна өсімдік майы, 3,6 тонна шай өнімдері сатып алынды.

Сондай-ақ, 1-сұрыпты бидай ұнынан жасалған нан бағасын тұрақтандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы және Қызылорда облысы әкімдігі арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, облысқа 18 мың тонна әлеуметтік ұн әкелінді. Бұл әлеуметтік нанның орташа бағасын 45 теңге деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2015 жылғы желтоқсанда азық-түлік тауарларының индексі 2014 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда облыс бойынша 109,9 пайызды құрады. Ол республикалық орташа көрсеткіштен төмен (республика бойынша 110,9 %).

 

Экология

және мелиорация

Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-2) жобасының екінші кезеңі «2014-2020 жылдары Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасына» енгізілді. Жобаның құны – 23,2 млрд. теңге.

«САРАТС-2» жобасын Дүниежүзілік банк (85%) пен республикалық бюджет (15%) есебінен қаржыландыру туралы республикалық бюджеттік комиссияның оң шешімі алынды.

Облыстағы елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және суармалы сумен қамтамасыз ету үшін 8 каналды тазалау жұмыстары жүргізілді (Қазалы ауданы Аранды ауылдық округындағы «Қарлан» каналы; Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі «Сарыөзек» көлінің жағасын бекіту; Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылдық округындағы «Р-7» каналы, Таң ауылдық округындағы «Бастау» каналы, Мырзабай ахун ауылдық округындағы «Майжарма» каналының жағалай дренаж орнату; Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылдық округындағы «Жанарық» және Жетікөл ауылдық округындағы «Хозцентр» каналы; Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылдық округындағы «Ескі екпінді» каналы). Сорғыштың 2 комплектісі алынды (Қазалы ауданындағы Құмжиек ауылы және Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» каналы). Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 8 елді мекенді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.

Жаңақорған ауданындағы «Қыраш» және «Көлтуған» су қоймасын жөндеу жұмысы жүргізілді. Су тасқынына қарсы (Шиелі және Қазалы аудандарында 11,9 шақырым бөгет қалпына келтірілді, Сырдария ауданында Сырдария өзенінің сол жағалауындағы ұзындығы 0,4 км бөгет шой тастармен нығайтылды). Сондай-ақ, облыс орталығы Қызылорда қаласының айналасындағы (Қызылорда-Әуежай (4 гектар), Қызылорда-Шымкент (23 гектар) бағыттары бойынша) жасыл белдеуді күту жұмыстары атқарылды.

Қызылорда облысындағы суармалы жерлер үшін су тапшылығын болдырмау мақсатында 2015 жылы Сырдария өзенінде Жаңа-Шиелі магистральдық каналының су бөгетінде жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын үрлемелі су тежеуіші салынды.

Жобаны жүзеге асыру Жаңақорған-Шиелі алабындағы 30 мың гектар жерді ылғал азайған кездің өзінде сумен тұрақты қамтуға мүмкіндік береді.

Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жалпы көлемі 10707 гектар жерге сексеуіл мен декоративті ағаштардың көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, Арал теңізінің кеуіп кеткен жерінде құмды бекіту мақсатында және егістік алқаптарды зиянды заттар мен тұздан қорғау үшін 5 мың гектар аумаққа орман екпеағаштары отырғызылды.

Бұдан басқа, көшет материалдарын өсіру үшін 17,8 гектар жерге орман питомниктері ұйымдастырылды.

 

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту.

2016 жылдың 1 қаңтарына Қызылорда облысының облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2246,353 км, оның ішінде қара қиыршық тасты жол – 1314,863 км немесе 58,5%, қиыршық тасты жол – 381,15 км немесе 17%, топырақты жол 550,34 км немесе 24,5% құрайды.

2015 жылы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автодәлізінің қызылордалық учаскесі (812 км) құрылысы аяқталды. Жол бойындағы 33 нысанда сервистік инфрақұрылым кешендерін құру жұмысы басталды.

Облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарын қайта құру, күрделі, орта және ағымдағы жөндеу, елді мекендердің көшелерін салу, көпірлерді қайта құру, күрделі жөндеу, сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге 6,3 млрд теңге бөлінді. Жалпы алғанда елді мекендердің 122 шақырым көшелері мен жолдары жөнделді.

Облыстық маңызы бар «Самара-Шымкент-Тереңөзек» автокөлік жолының 17 шақырымындағы темірбетон көпіріне күрделі жөндеу жүргізілді, облыстық маңызы бар «Самара- Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» автокөлік жолындағы көпірге және аудандық маңызы бар Қазалы ауданындағы «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» жолының 73-ші және 20-шы шақырымындағы 2 көпірге қайта құру аяқталды.

Қазалы ауданы Жанқожа батыр және Жалағаш ауданы Ақжарма тіректі елді мекендерінің көшелеріне күрделі жөндеу жүргізілді.

Қызылорда қаласында Қорқыт ата көшесінен бастап Хон Бен До көшесіне дейінгі аралықтағы С.Торайғыров көшесі қайта құрылды. Жобаны іске асыруға облыстық бюджеттен 1143,3 млн. теңге бөлінді.

Сырдария ауданы Тереңөзек кенті Тоқтыбаев көшесі бойындағы Әйтек каналы арқылы көпір құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл елді мекендер мен аудан орталығы арасында жыл бойы үздіксіз қатынауға жол ашты.

Қызылорда қаласындағы Сырдария өзеніндегі көпір құрылысы жұмыстарының 80%-ы аяқталды.

Қайта құру бойынша төмендегідей жұмыстар жалғасты:

11 шақырымдық «Бозкөл-Тасарық» аудандық маңызы бар автокөлік жолының құрылысы 2016 жылы аяқталуы қажет.

Қазалы ауданындағы 7 шақырымдық «Қожабақы-Аранды» аудандық маңызы бар автөлік жолы. Аталған жоба бойынша жұмыстың 2016 жылы аяқталуы күтілуде.

Жолаушылар тасымалы да дамуда.

Қызылорда облысында 212 елді мекенді, кенттерді, ауылдарды аудан және облыс орталықтарымен жалғайтын 215 тұрақты автобус қатынасы жұмыс істейді. Оның ішінде ауданаралық 71, ауданішілік (кентішілік) 106, қалаішілік 25, қала маңы және саябақтарға қатынайтын 9-ы жұмыс істейді. Сонымен қатар облыс орталығынан Астана, Алма ты, Шымкент, Түркістан қалаларына 4 облысаралық автобус бағыты ұйымдастырылған.

Ауданаралық қатынастарда тасымалдаушылардың өз есебінен өткен жылы 80 автокөлік құралдары жаңартылды, бұл олардың жалпы санының 25%-н құрайды (321 бірлік).

2015 жылы 298 млн. жолаушы тасымалданып, 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 5,7%-ға артты. Ал жолаушылар айналымының көлемі 8,5 %-ға өскен.

Тәжірибе ретінде 2 тұрақты облысаралық және ауданаралық қатынастардың 13 автобусына GPS/ГЛОНАСС диспетчерлік навигациялық сүйемелдеу қондырғысы орнатылды. Бұл құрылғы тасымалдаушылар мен автобекеттерге көлік құралдарының қозғалыс барысын көріп отыруға және оқыс жағдайларда жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта осы тәжірибені өзге де тұрақты қатынастарға енгізу жоспарланған.

2015 жылы ауданаралық автобустардағы жолақы тарифтерін көтеру болған жоқ.

Облыс және аудан орталықтарынан шалғай орналасқан, жолаушылар ағымы аз және жол сапасы төмен 11 қалааралық (ауданаралық) қатынас облыстық бюджеттен субсидияланып келеді. Бұл мақсатқа 2015 жылы 17,7 млн. теңге бөлініп, қаржы толық игерілді.

Шиелі, Жосалы және Тереңөзек кенттерінде аудандық автобекеттер құрылысы басталды. Сырдария ауданы Айдарлы және Ақжарма елді мекендерінде жолаушыларға қызмет көрсету пункттері салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс орталығында 14 такси тұрағы салынды.

Әуе транспортында қызмет көрсету ауқымын кеңейту және сапасын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде облыс орталығындағы халықаралық әуежай арқылы аптасына 35 әуе рейсі орындалуда, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 14 рейске артық. Әуежай арқылы 112,2 мың жолаушы ұшып, 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 36%-ға артқан.

2014 жылғы 24 қазандағы ҚР Үкіметінің №1134 қаулысымен Қызылорда қаласы әуежайына халықаралық әуе кемелерін қабылдауға рұқсат берілді.

Қызылорда қаласындағы жаңа жолаушылар әуежайы терминалы құрылысының концессиялық жобасы аясында жұмыстар басталды. Осы мақсатта ҚР Үкіметінің шешімімен әуежай коммуналдық меншікке берілді.

Теміржол тасымалының мүмкіндіктері кеңеюде.

2014 жылы «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» темір жолының құрылысы аяқталып, 2015 жылдың соңында нысан Мемлекеттік комиссиямен қабылданып, тұрақты пайдалануға берілді. Бұл Еуропа бағытына тауарларды экспорттауға, сондай-ақ, Арал ауданы мен Сексеуіл кентінің дамуына кең жол ашады.

Қызылорда облысы бойынша темір жол желісінің ұзындығы 786 км құрайды. Бүгінгі таңда, облыс аумағымен 15 жұп жолаушы пойызы, оның 9-ы мемлекетаралық (Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясы) бағыттарға жатады.

Облыс орталығынан «Қызылорда-Көкшетау» бағыты бойынша 4 жұп, «Қызылорда-Астана» және «Қызылорда-Алматы-Семей» бағыты бойынша 2 қатынас пойыздары ұйымдастырылған. 2014 жылдың 30 желтоқсанынан «Қызылорда-Астана» бағыты бойынша «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы жүре бастады.

Қызылорда қаласында «Автобус паркі» ЖШС жолаушыларға қызмет көрсетуді жалғастыруда. Еуропалық қайта құру және даму банкінің несиелік желісі бойынша заманауи қалалық кластағы автобустарды сатып алу және жаңа коммуналдық автобус паркін салу жобасы басталды.

 

Тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту

2015 жылы облыста 465,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ол 2014 жылғы көрсеткіштен 158,8%-ға артық.

Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы мемлекет қаражаты есебінен 138,8 мың шаршы метр тұрғын үй (1740 пәтерлі 42 үй) пайдалануға берілді. Оның ішінде:

– мемлекеттік бюджет есебінен кезектегілер үшін 190 пәтерлі 13 үй (13,3 мың шаршы метр), соның ішінде Сырдария ауданында бір бөлмелік 10 үй және Қызылорда қаласында алпыс пәтерлік 3 тұрғын үй бар;

– «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» акционерлік қоғамы желісі бойынша кезекте тұрғандар үшін Қызылорда қаласында 950 пәтерлік 17 үй (71,6 мың шаршы метр);

– облыстық бюджет есебінен Қызылорда қаласында апаттық тұрғын үйдің орнына 60 пәтерлік 1 үй (4,2 мың шаршы метр) пайдалануға берілді.

Жалпы аумағы 357 шаршы метр 2345 жеке тұрғын үй секторы салынды.

«Қазақстандық Ипотекалық Компаниясы» Ипотекалық Ұйымы» АҚ желісі бойынша «СПМК-70» мөлтек ауданында 270 пәтерлік 5 тұрғын үйдің, «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қорының бағдарламасы шеңберінде Шүкіров көшесі бойында 210 пәтерлік 6 тұрғын үй және Қызылорда қаласы Титов кентінде жас отбасыларға 180 пәтерлік 3 тұрғын үй құрылысы басталды. Осы 14 үй құрылысын 2016 жылы аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, тұрғын үйлерге арналған 158,4 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым пайдалануға берілді.

2011-2014 жылдары «Қазақстан Республикасының тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру шеңберінде 113 көпқабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілді.

2015 жылы Өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасы шеңберінде тағы 38 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде, күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминимум нысаналарының үлесі 2011 жылы 73%-дан 2015 жылы 59,5%-ға дейін немесе 13,5%-ға төмендеді.

Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру аяқталды, оның ішінде өткен жылы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында да бұл бағыттағы жұмыстар атқарылды.

2015 жылы Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті аумағының Бас даму жоспары дайындалды. Аталған аумақтардың стратегиялық дамуы алдағы 25-30 жылға белгіленген.

Қазіргі таңда Байқоңыр қаласының Бас жоспары тиісті министрліктер мен ведомстволарға келісуге жолданып, одан кейін Қазақстан Республикасы Үкіметіне бекітуге енгізіледі.

Қызылорда облысын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қажетті «Байқоңыр» кешенінің жалға алынған аумағынан көлемі 11,6 мың гектар жер телімін жалға алудан шығару туралы Ресей тарапымен алдын ала келісімге қол жеткізілді.

Қызылорда қаласын дамыту шеңберінде, Бас даму жоспарына сәйкес Қызылорда қаласының сол жақ жағалауын дамыту мәселесі пысықталуда. 2013-2014 жылдары облыс орталығының сол жақ жағалауы аумағында инженерлік-геологиялық және гидрогеологиялық зерттеулер жүргізілді. Сол жақ жағалаудың тыңғылықты жоспарлау жұмысы жүргізілді.

Сол жағалауды игеру жоспарын ескере отырып, Қызылорда қаласының шекарасын нақтылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, қаланың аумағы 2 есеге, 6644 гектардан 13599 гектарға артты.

2015 жылы сол жақ жағалауды электр, жылу, газ, сумен жабдықтау, кәріз жүйесін бұру және жағалауды нығайту жұмыстарының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау аяқталды. Мемлекеттік сараптама жүргізіліп, ҚР Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірлесе Азия даму банкінің 107 млрд. теңге көлеміндегі несиесін тарту жұмысы жүруде.

 

Электрмен жабдықтау

Экономика мен облыс халқының электр энергиясымен қажеттілігін қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Қызылорда қаласының индустриялық аймағындағы шыны зауыты құрылысын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 35/10 кВ шағын станция құрылысы мен кернеуі 35 кВ электр желісін тарту жұмыстары басталды.

Арал қаласы мен Әйтеке би кентінің бас шағын станцияларын қайта құру жұмыстары жүргізілді. Жобаны 2016 жылы аяқтау көзделуде. Аталған жоба электр энергиясын жеткізудің тұрақтылығын арттырады.

«Қызылорда қаласы Ақсуат ауылдық округіндегі Ж.Махамбетов елді мекенін электрмен жабдықтау» жобасын іске асыру аяқталды. Нәтижесінде Ж.Махамбетов елді мекенінің 4,7 мыңнан астам тұрғыны сапалы және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз етілді.

Электр энергиясымен қамту сапасын арттыру мақсатында өздігінен жүргізілген электр желілерін жою жұмыстары жүрді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 119 млн. теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 35,6 шақырым электр желісі тартылып, 7 шағын станция орнатылды.

Қызылорда қаласында 2016 жылы қуаттылығы 450 мегаватт бу-газдық электрстансасын салу туралы шешім қабылданды.

 

Жылумен

қамтамасыз ету

2014-2015 жылғы жылу маусымы қалыпты жағдайда өтті.

«Нұрлы жол» Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қызылорда қаласының жылу жүйелерін қайта жаңғырту аясында 14 жобаны іске асыруға Ұлттық қордан 3 млрд. теңге бөлінді. Бұл жұмыстардың шеңберінде 11,2 шақырым магистральдық және кварталаралық жылу жүйелері мен 2 сорғы станциясы қайта құрылды. Нәтижесінде, жылу трассасының тозуы 2014 жылғы 55%-дан 2015 жылы 48%-ға төмендеді.

Жергілікті бюджет есебінен Тасбөгет кентіндегі 700 метр жылу жүйесін қайта құру жобасы іске асты.

Қызылорда қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің жылу жүйесі қайта жаңғыртудан өткізілді. Интернат үйіне газбен жұмыс істейтін жаңа қазандық орнатылды.

«ҚызылордаЖылуЭлектрОрталығы» мемлекеттік комму­нал­дық кәсіпорынның «Оңтүстік қазандық» филиалының үш қазандығына қайта құру жүргізілді. Бұл «Южный», «Шұғыла» шағын аудандары мен Тасбөгет кентіндегі көпқабатты тұрғын үй секторын жылумен қамтамасыз етуді тұрақтандырды.

«Қызылорда қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының қазандығын қайта құру» жобасының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды.

 

Сумен қамтамасыз ету

2015 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы 261 елді мекеннің 194-і немесе 74%-ы орталықтандырылған су құбыры жүйесіне қосылды. Бұл елді мекендерде облыс халқының 95% тұрады.

Орталық атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде ауылдық су құбыры жүйелерін қайта құру бойынша 13 жобаға 2,4 млрд. теңге бөлінді. Қармақшы ауданы Тұрмағанбет, Ақай, Жосалы, Жалағаш ауданы Ақсу, Сырдария ауданы Амангелді, Ақжарма, Бесарық, Шиелі ауданы Шиелі, Жөлек, Тәжібаев, Алмалы, Жаңақорған ауданы Түгіскен және Қызылорда қаласы Маханбетов елді мекендерінде ауқымды жұмыстар атқарылды.

Нәтижесінде, 2014-2015 жылдары аталған жобалар шеңберінде 551 шақырым ауылдық су құбырлары жүйесі қайта құрылып, 4485 бірлік су өлшегіш құралдары орнатылды.

Қызылорда қаласының су құбыры жүйесін жаңғыртуға 3,6 млрд. теңге тартылды. 21 шақырым су құбыры жүйесі қайта құрылып, Қызылжарма жерасты су кенішінде 20 ұңғыманы бұрғылау аяқталды. Нәтижесінде, жобада қарастырылған барлық 57 ұңғыманы қазу 3 жыл көлемінде аяқталып, 2015 жылғы 1 желтоқсаннан қаланың су құбыры жүйесіне жоғары сапалы ауыз су беріле бастады.

2015 жылы жеке (71 елді мекен) және топтық (88 елді мекен) баламасыз ауыз су көздерін пайдаланып келген 300 мыңнан астам халық тұратын 159 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтуға 2,3 млрд. теңге бағытталды. Оның ішінде топтық су жүйелерінен ауыз сумен қамтуды субсидиялауға облыстық бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаралды.

Ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында "Ақбұлақ” бағдарламасы шеңберінде 2012 жылдан бастап жерасты су қорларын іздестіру-барлау жұмыстары жүргізілуде. 2012-2014 жылдары 42 елді мекенде осындай жұмыстар өтті. 2015 жылы іздестіру-барлау жұмыстары облыстың 29 ауылдық елді мекенінде жасалды. Сонымен бірге, тағы 14 елді мекенде осындай жұмыстар басталды.

Су ресурстары комитетімен бірлесіп Жаңақорған ауданындағы Талап және Сырдария топтық сутартқышы, Шиелі ауданындағы Жиделі топтық сутартқышы құрылысы, елді мекендерді жерасты сумен қамтамасыз етуге біртіндеп көшіру жобаларын іске асыру жалғасын тапты. Нәтижесінде, 2015 жылы Жиделі топтық сутартқышына 2 елді мекен (жоба бойынша 8): Шиелі ауданы Алғабас және Бидайкөл ауылдары қосылды.

Бұл жұмыстар аяқталған кезде Талап-Сырдария топтық сутартқышына Жаңақорған ауданының 28 ауылдық елді мекені қосылады.

 

Газбен қамтамасыз ету

2014 жылы "Бейнеу-Бозой-Шымкент” магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, облысты газдандыруға бағытталған кең көлемді жұмыстары басталды.

Нәтижесінде, Қызылорда облысы әкімдігі мен "ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ арасында жасасқан Меморандум шеңберінде 2015 жылы облыстағы 7 аудан орталығының 4-де - Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттерінде газдандыру жұмыстары аяқталды. Мұнда 130 мыңнан аса халық тұрады.

Сонымен бірге, Қызылорда қаласының болашақ даму бағыты ескеріле отырып, Қызылжарма ауылдық округі мен Тасбөгет кентін газдандыру жұмыстары аяқталды. Байқоңыр қаласын газдандыру аяқталуда.

2016 жылы тағы үш аудан орталығын, сондай-ақ, Қызылорда қаласының газға қосылмаған тұрғын үйлерін және қала маңындағы елді мекендерді газдандыру жоспарланған.

 

Халықаралық қаржы ұйымдарымен жұмыс және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту

Жаһандық дағдарыс жағдайында өңірді дамытуға халықаралық қаржы ұйымдарының ресурстарын тарту жұмыстары ерекше маңызға ие. Олардың қатарында Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Ислам даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы ("IFC”) бар.

Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен 8 жоба бар, оның 7-і облыс орталығы – Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуға арналған. 4 жоба бойынша несиелік келісімдерге қол қойылған:

Қызылорда қаласының жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту

Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы темір жолдың арғы бөлігінің электр жүйелерін жаңғырту

Қызылорда қаласын сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйесін қайта құру

Автобус паркін құру

Халықаралық Ислам қаржы ұйымдары және Азия даму банкімен инфрақұрылымдық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ тұрғын үй жобаларын іске асыру төңірегінде келіссөздер жүргізілуде.

Атап айтқанда, Азия даму банкімен Қызылорда қаласының сол жақ жағалауын дамытуға қажетті инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салу жобаларын кезең-кезеңімен іске асыру мүкіндіктері қарастырылуда. Азия даму банкі бұл жобаны "ақылды” қаланы («SMART CITY») дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық кешенді бағдарламасы ретінде іске асыру туралы ұсыныс енгізді.

«Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» АҚ облысты мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамытудағы пилоттық өңір ретінде белгіледі.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығымен» бірлесіп 5 жобаға инвесторлар тарту жұмыстар жүргізілуде. Олар: ауысымда 500 келуші қабылдайтын емхана, Қызылорда қаласында кәсіптік-техникалық лицей, облыс орталығы әуежайының жолаушылар терминалының құрылысы, апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 11 мектеп салу, сонымен бірге Сырдария ауданының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жобалары.

Жалпы алғанда көлемі 333 млрд. теңгені құрайтын 31 жобаны халықаралық қаржы ұйымдары және «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері негізінде іске асыру жоспарлануда.

 

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

Қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған бірқатар жұмыстар жүруде.

Қылмыспен күрес және оның алдын алу шаралары нәтижесінде қылмыс саны азайды. Қоғамдық жерлерде жасалған қылмыс (6,2%-ға), көшелерде (1,9%-ға), топтасып (23%-ға), тұрмыстық-отбасылық салада (14%-ға) азайған.

Аса ауыр қылмыстар 27%-ға, адам өлтіру 25%-ға, тонау 0,5%-ға, пәтер ұрлығы 14%-ға, мал ұрлығы 8%-ға, бұзақылықтың ауыр түрлері 3,1%-ға және алаяқтық әрекеттер 27,3 %-ға азайған.

Қылмысты ашу көрсеткіштері жақсаруда. Атап айтқанда, ауыр қылмыстарды ашу 1,1%-ға, аса ауыр қылмыстар 10,1%-ға, адам өлтіру 1,8%-ға, денсаулыққа ауыр зардап келтіру 12,2%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 6,3%-ға, пәтер ұрлығы 26,8%-ға, бұзақылық 1,2%-ға, алаяқтық 0,5%-ға, қорқытып алушылық 12,5%-ға, есірткі қылмысын ашу 0,7%-ға артқан.

Полиция қызметінің тиімділігін арттыруға және қылмыстың алдын алу мен онымен күрес­те оң нәтижелерге жетуге облыстық ішкі істер органдарының мате­риал­дық-техникалық базасын нығайту оң ықпал етуде.

Атап айтқанда, жеке құрамның арттехқару-жарақтары, жеке бронды қорғану және белсенді қорғану құралдарымен жабдықталуы 100%-ға жеткізілді. Қылмыстық түзету жүйесі мекемелері орналасқан аудандарда бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары аяқталып, ол ішкі істер органдарының жедел басқару орталығы пульттеріне қосылды.

Жедел басқару орталығын жетілдіру қолға алынды.

2015 жылы жазасын өтеушілерді жұмысқа орналастыру шеңберінде қылмыстық түзету жүйесі мекемелерінің базасында 9 өндіріс ашылды. Соның нәтижесінде, еңбекке қабілетті жазасын өтеушілердің 70%-ы бас бостандығынан айыру орындарында жұмыспен қамтылды.

Жазасын өтеп келгендердің қайта қылмыс жасауын және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оларды жұмысқа орналастыру шаралары жүргізілуде. Өткен жылы 98 жазасын өтеген адам жұмысқа орналастырылып, кейбіреуі өзінің жеке кәсібін ашты. Олар "Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы шеңберінде шағын несие алды.

 

Жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды дамыту

Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру және функцияларды қайталауға жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 29 қыркүйектегі №239 Заңына сәйкес орталық атқарушы органдардың 261 функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру іске асты. Оларға білім, денсаулық сақтау, спорт, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер ресурстарын бақылау, сәулет және қала құрылысы, энергетика, азаматтық хал актілерін тіркеу және басқалары кіреді.

Облыстық деңгейдегі білім, спорт және құрылыс салаларындағы 14 функцияны облыстық деңгейден аудандық деңгейге ауыстыру шаралары аяқталды.

2015 жылдың 1 сәуірінен ауылдық округ әкімдерінің экономикалық дербестігін кеңейту мақсатында салықтың 4 түрі бойынша түсетін төлемдер (табыс салығы, мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы) ауылдық округтің қолма-қол ақшасының бақылау шоттарына бағытталады. Демек, оларды жұмсау реті енді жергілікті қауымдастықпен анықталады.

Тұрғындардың компьютерлік сауаттылығы жыл ішінде 58%-дан 60 %-ға жеткізілді.

Көрсетілетін қызмет сапасы да жақсаруда.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрі 2014 жылғы 126-дан 2015 жылы 161-ге өсті. «Электрондық үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызмет үлесі өткен жылы 24%-дан 42%-ға артты. 2015 жылы 30773 онлайн қызмет көрсетілді (2014 жылы 26825).

Басқармаларда Қызылорда облысы әкімдігі Ситуациялық орталығының ақпараттық-талдау жүйесін енгізу аяқталып, оның салалар бойынша мониторинг жүргізу мүмкіндіктері толыққанды іске қосылды.

«Электрондық мұрағат» ақпараттық жүйесіндегі мұрағат құжаттарын сандық форматқа көшіру жұмыстары жалғасты. 2015 жылы 1,6 млн. бет мұрағат құжаттары сандық форматқа көшірілді.

Аудандық мұрағаттар ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілді. Қармақшы және Арал аудандық мұрағаттарына жеке ғимараттар берілді.

Қызылорда қаласында 600 мың бірлік құжаттарға арналған «Мұрағаттар үйінің» құрылысы жалғасуда.

Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы аяқталды.

 

Бюджет

Бюджеттің кіріс бөлігі

Шоғырландырылған бюджетке (мемлекеттік бюджет және Ұлттық қор) облыстан 222,6 млрд. теңгенің түсуі қамтамасыз етілді.

Жаһандық дағдарыс пен салық түсімдерінің азаюы жағдайында, 2015 жылы мемлекеттік бюджетке жоспарланған 71,7 млрд. теңгенің орнына 76,4 млрд. теңге түсті. Бұл есепті жылға болжамның 106,6%-ын құрайды. Жоспардан тыс 4,7 млрд. теңге жиналды.

Республикалық бюджетке түсім жоспары 109,5%-ға орындалып, 2014 жылмен салыстырғанда түсім көлемі 10,4 млрд. теңгеге ұлғайды.

Жергілікті бюджет бойынша болжам 103,9%-ға орындалды. Бюджетке болжамнан тыс 1,4 млрд. теңге түсірілді.

 

Бюджеттің шығыс бөлігі

2015 жылы облыс бюджеті 182,9 млрд. теңгені құрады, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 23,5 млрд. теңгеге кем. Сонымен қатар, күрделі құрылыс бағытындағы шығыстар (құрылыс, күрделі жөндеу, құрал-жабдықтар сатып алу) 43 млрд. теңгені құрады.

Бюджет әлеуметтік сипатын сақтап қалды. Шығыстардың жалпы көлемінің 62%-ы немесе 113 млрд. теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды.

Өңір жан басына шаққандағы бюджет шығыстарының көлемі бойынша республикада 5-ші орын алады, ал әлеуметтік салаға бағытталған шығыстары бойынша 1-ші орында.

 

Бюджеттің орындалуы

Шығыстары бойынша 2015 жылғы бюджет 98,9%-ға орындалды (жоспардағы 182,9 млрд. теңгенің орнына 181 млрд. теңге игерілген). Объективті себептермен (қаражат үнемдеу) игерілмегені – 1,9 млрд теңге.

 

Мүлікті жария ету

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес 2014 жылғы 1 қыркүйегінен бастап мүлікті жария ету жұмыстары басталды.

Мүлікті және қаржыны жария ету жөніндегі аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, мүлікті және қаржыны жария ету 2016 жылғы 1 желтоқсанына дейін ұзартылды.

2015 жылдың 31 желтоқсанына облыста мүлікті жария ету туралы 1182 арыз түсіп, оның 1430-ы жылжымайтын мүлік арыздары болды. Жария етуге ұсынылған мүліктердің жалпы құны 11,6 млрд. теңгені құрады.

1048 өтініш бойынша жалпы сомасы 10,7 млрд. теңге тұратын 1255 нысан жария етілді.

 

Жекешелендіру

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы» 2014 жылғы 31 наурыздағы №280 қаулысына сәйкес 2014 жылы жекешелендірудің екінші толқыны басталды. Облыс бойынша коммуналдық меншіктегі 8 ұйым және «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компания» акционерлік қоғамына қарасты 11 еншілес мекемелерінің жекешелендіруге жататыны анықталды. Кестеге сәйкес әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының 5 жобадағы үлесі бәсекелестік ортаға жіберілді.

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес 2015 жылдың желтоқсанында 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің жаңа кешенді жоспары қабылданды. Оған облыстағыкоммуналдық меншіктегі 5 нысан және «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компания» акционерлік қоғамының 5 нысаны кіріп отыр.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 ақпан 2016 г. 3 238 0