ШИЕЛІ ӘК ЗАУЫТЫ

ШИЕЛІ ӘК ЗАУЫТЫӨткен жылдың соңғы айларынан бастап, Шиелі ауданының Қаратау бөктерінде тағы бір өндіріс орны іске қосылды. Ол – «Шиелі-тас-Оңтүстік» ЖШС. Өнеркәсіп орнының басты ерекшелігі – әк шығару шаруасын қолға алғандығы еді. Бұрындары Ташкент пен Шымкент маңындағы Састөбенің әгін пайдаланатын Сыр жұртшылығы енді өңірде бұрын кездесе бермейтін жергілікті өнімді пайдаланады. Біртіндеп, сырт өнімдерді ығыстырып шығару мүмкіндігі де мол екендігіне мамандар сенімді.

– Балам үй салған-ды, соған Шиелінің өзінен өндірілген әкті алып пайдаландық, кереметі сол – суға салғанда әк тастары түк қалмай еріп кетеді және әктегенде біртегіс, аппақ болып шығады, – дейді аудан тұрғыны Жүзен Қоңқаев бізбен әңгіме барысында. Расында солай екен, ал өзге жақтан келген осы секілді өнімдердегі қалдық өте мол. Бұл Шиелі әгінің сапалылығы мен жарамдылығын білдірсе керек.

Алаштың анасы атанған Сыр өңірінің табиғи байлығы – жергілікті халықтың игілігі. Мемлекет басшысының жергілікті атқарушы орындарға индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруды қатаң тапсыра отырып, өз өнімдерімізді көптеп шығаруды басшылыққа алуын қадағалауы осы игі ойдан туғандығы айқын. Қаратаудың қойнауы бағалы кен байлығына бұрыннан да тұнып тұр, ал оны кәдеге жарату, қажетті өнім шығару жаңа ғасыр азаматтарының парызы болмақ. Бұл орайда нарықтық экономика талабына сай белсенділік пен іскерлік танытқан жөн екендігі белгілі.

Шиелі әк зауытының қондырғылары алыс-жақын шет­елдерден алдырылып, орнатылды. Жобалық құны 777 млн теңге тұратын болса, онда жергілікті шикі­зат­тарды пайдалана отырып, құрылысқа қажетті заттарды шығару қоса жүргізіледі. Бұл шынында тиімді. Біріншіден өнім арзан болса, оларды шетке шығару арқылы да нарықтық қатынас талаптарына сай еңбек ұйымдастыру жолға қойылады. Яғни, табыс көзімен қатар тұрғындардың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілуіне жол ашылады деген сөз. Мәселен, аталған әк шығаратын зауыттың өзінде елуден астам адам еңбек ете бастады. Өткен жылы зауыт осы үш ай көлемінде 15 мың тоннадан астам әк өндіріліп, айналымға шыға­рыл­ды. Алдағы уақытта оның көлемін 60 мың тоннаға жет­кіземіз деген межесі де бар. Мұндағы әк бағасы да ба­зар бағасынан анағұрлым төмен, келісі 15 теңгеден. Се­німді серіктестер ретінде Қызылордадағы бірқатар ірі құ­рылыс мекемелерін айтуға болады. Өндірілген әк автокөлік және теміржол арқылы тиісті орын­дарға жөнелтіледі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2016 г. 1 459 0