ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫЖексенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бірқатар нысандарды аралады. Құрылысы енді басталған тұрғын үйлердің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Алдымен «Отырар» сауда үйінде болып, жаңадан салынған ғимараттың тынысымен танысты.

 

Заман талабына сай, салынған «Отырар» сауда үйінің жалпы алаңы 9100 шаршы метрді құрайды. Төрт қабаттан тұратын ғимараттабарлығы 129 сауда нүктесі орналасқан. Әр қабатта 43 орыннан. Оған қоса 3 сән салоны мен 5 асхана жұмыс жасайды. Мұнда бірінші қабатта ет павильоны, жеміс-жидек, сүт, нан өнімдері және азық-түлік, аралас заттар сататын дүңгіршектер орналасқан. Екінші, үшінші және төртінші қабатта киім-кешектер сататын бутиктер бар. Бұған дейін түрлі сауда орындарында жұмыс жасап келген Райкүл Бадырақова енді осында тұрақты орын алып, ет өнімдерін сатуда.

– Сауда үйінің ашылғанына қуанып жатырмыз. Халықтың игілігіне беріліп, нәтижелі іс болды. Ғимаратта саудагерлер үшін барлық жағдай жасалған. Жарық, жылы, кең әрі таза. Санитарлық талаптарға да сай келеді. Қазір жеңілдіктер де жүріп жатыр. Біз үшін тиімді болып отыр. Өнімдер де арзан, сапалы қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей бағада сатылуда. Мәселен, сиыр етін –1000, жылқы етін 1200 теңгеден сатып жатырмыз. Бастысы, етті өздері жеткізіп береді, – дейді ол. Ал сауда үйін заманауи үлгіде жасақтап, елдің алғысына бөленген «Сұлтан Б» ЖШС директоры Көркембай Ермекбаев атқарған жұмысы жайында айтып берді.

– Сауда үйінің құрылысына соңғы сапалы құрылыс материалдарын пайдаландық. Банктен 120 млн теңге қаржы алдым. Дүңгіршектердің кең және ыңғайлы болуына баса назар аудардық. Жалпы, мұнда 360 орын бар. Сондай-ақ, алдағы уақытта 1000-нан аса адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар6 басқа сауда орталықтарынан айырмашылығы мұнда жалға алу құны 10-15 пайызға арзан. Жаңадан ашылғаннан кейін саудагерлерге жеңілдіктер қарастырып жатырмыз. Мәселен, бірінші және екінші қабаттағы сауда нүктелерін алғандар оны бір ай тегін пайдаланса, үшінші қабатқа екі ай, ал төртінші қабатқа үш айға дейін осындай жеңілдік жасадық. Осылайша кәсіпкерлерге жұмысын бастап кеткенше мүмкіндік туғызып отырмыз. Бағаны тұрақты ұстап тұруды бақылауға аламыз, – дейді ол өз сөзінде. Облыс әкімі сауда үйін аралап, барлық жағдай жасалғанын көрді. Саудагерлермен пікірлесіп, осындай жұмыс көзін ашқан кәсіпкерге ықыласын білдірді.

Одан әрі аймақ басшысы қаладағы «Сәулет» шағын ауданындағы 50 пәтерлік 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары барысымен танысып, іргетасын қалады. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде басталған құрылыстың сметалық құны 2 млрд 940 млн теңге болса, жалпы ауданы 21007 шаршы метрді құрайды.Тапсырыс беруші «Бәйтерек Девелопмент» АҚ. Жобалаушы «Қызылорда Жоба Құрылыс» ЖШС мен салушысы «Астана Әсем Құрылыс» ЖШС болып табылады. Тұрғын үйлер биылғы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Соңғы нысанда Қырымбек Көшербаев «Сырдария» шағын ауданындағы 2 тұрғын үйдің іргетасын қалап, жұмысшыларға сәттілік тіледі. Құрылыстың сапалы әрі уақытында аяқталуын да назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Бұл тұрғын үйдің сметалық құны 903134556 теңге болса, жалпы ауданы 6964,7 шаршы метр. Тапсырыс беруші «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» болса, жобалаушысы «Қызылорда Жоба құрылыс» ЖШС. Ал салушы «Абу Сер» және «СМП-Қызылорда» компаниялары.

Жалпы, біздің облыс өзге өңірлерге қарағанда құрылыс саласынан алдыңғы орында. Биыл да осы меже сақталады. Оны жүргізіліп жатқан құрылыс қарқынынан аңғаруға болады.

 

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2016 г. 892 0