« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Биыл қазақтың арқалы ақыны Олжас Сүлейменов 80 жасқа толады. Тырнақалды туындысы «Арғымақтар» жинағыменадамзаттың ой әлемінде сілкініс тудырған шайыр шығармашылығы «Халықтың тарихы айналып келгенде ақынның үлесіне тиеді» дейтін ұлылар сөзін дәлелдейді. Олжастың өлеңдері қазақ халқының талай ғасырлық мұңы мен қуанышын, сыры мен сипатын айтады, оқырман бір ақынның жырын ғана емес, бір ұлттың сан ғасырлық салиқалы тарихын аралағандай күй кешеді.
Біз бүгін ақын болмысын, ой әлеміне қосқан үлкен үлесін зерттеп жүрген белгілі ғалымның Олжастың туып-өскен ортасы, қалыптасу кезеңдері жайлы мақаласын ұсынғанды жөн көрдік.
Олжас Сүлейменов 1936жылдың 18 маусымында Алматыда Кеңестік Қызыл Армияның офицері Омархан (Омар) Сүлейменов пен Фатима Насыржанқызы (Нәшке) Беделбаеваның отбасында дүниеге келді. Сол кездегі өлшеммен алып қарағанда бұл әлеуметтік және қызметтік тұрғадан да іргелі отбасы болып саналатын. Омар Сүлейменов 1920 жылы Орынборда негізі жасақталған қазақтың жеке атты әскер эскадронының кіші командирі деген лауазымға ерте ілініп үлгіреді. Бұдан әрі қызметін Ташкентте атқаруға бұйрық алған Омар Сүлейменов демалыс алып, қазақша айтқанда қайын жұртшылап, қысқа мерзімдік демалыс пен Алматыға келіп жатқанда Олжас дүниеге келеді. Олжастың анасы Фатима Насыржанқызы да отырықшылыққа ерте көшкен Алматының байырғы әулеттерінің отбасында дүниеге келген және 17 жасында техникум бітірген қазақтың сауатты қыздарының қатарынан еді. Сондықтан Олжасты жаңа тұрпатты қазақ зиялыларының алғашқы буынының отбасында дүниеге келді деуге болады.
Омар Сүлейменовтің өмірі мен қасіретті тағдыры жайлы оның көзін көрген замандастарының, ең бірінші кезекте әйелі Фатима Беделбаеваның естеліктері арқылы елестетуге болады. Қолда бар мәліметтерге қарағанда қазақ зиялыларының бірсыпырасы оны өте жақсы білген және лайықты, қадірменді адам ретінде құрметтеген. Оның сол кездегі Қазақстан билеуші Ф. Голощекинмен шиеленісті қарым-қатынасы да зиялы қауым өкілдерінен жасырын болмаған. Омар Сүлейменовпен тағдыры тоғысқан тарихи тұлғалардың ішінен атақты ғалым Л.Н. Гумилевті де атай кеткен жөн.
1906 жылы Баянауыл өңірінде дүниеге келгенСүлейменұлы Омархан жастайынан тіршілік тауқыметінің бірсыпыра жайларын басынан кешіріп те үлгіреді. Таршылық, жоқшылық, жетіспеушілік. Одан соң жақын жамағайыны, исі қазаққа есімі белгілі әнші-сазгер, қайыспас қайраткер Жаяу Мұса Байжанұлы ақсақалдың кеңесін тыңдап, батасын алып өмір-өзеннен өз орнын табуға алғаш қадам басып, қазақ сахарасының қиыр шалғайларына қоныс аударады. Әскери адам болғанымен Омар Сүлейменов дәстүрлі қазақ тарихынан, оның ішінде әулеттік шежіре тарихынан мол хабардар жандардың бірі еді. Оның атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеевтен тәлім-тәрбие алуының өзі көп жайтты аңғартса керек.
Осы орайда Мәжһүр Жүсіп Көпеев арқылы жеткен әңгіменің бірін тарата кетейік. Ол бойынша Абылайхан батырларының бірі Олжабай батыр ұрыстардың бірінде өлімші болып жараланады. Олжабай жан тапсырар алдындағы қаумалаған сарбаздарына «Мені жетінші ұрпағымнан күтіңдер. Ол үлкен ақын, білгір ғалым болады» деген екен деседі. Омар Сүлейменов осы Олжабай батырдың алтыншы ұрпағы болғандықтан, жетінші ұрпағы болатын өз балаларының дүниеге келуін тағатсыздана күтіп, үлкен үміт артады. Сондықтан балаларының есімдерінде ұлы бабасына ұқсатып тұңғышын Олжар деп атаса, екінші ұлына да тосын естілетін Олжас есімін береді. Ақынның балалық шағын зерттеуші белгілі жазушы-ғалым Бейбіт Сапаралы тірнектеп жинаған ауызша мәліметтер негізінде бұл көріністі былайша береді. «...Атасы Нәшке (Насыржан Беделбаев Д.С.) үйіне жиналған ақсақал-қарасақалдар ыңғайына жығылып, ескілікті хикаяларды, тарихи баяндарды қозғаған күйеубала Омархан тікелей бабасы Олжабай батыр туралы айтылғандарды қорыта тұжырғысы келді ме, кім білсін, әйтеуір аруақты Олжекең алмас қылыш ғасыры атанған замандағы шағатай тілінде өгіз терісіне түсірілді делінетін өсиетнама, шежіре деректерінен үзік сырлар термелей отырып, «Олжабай бабамыз жетінші ұрпағым Білге болсын деп өсиет қалдырыпты. Сол білгелікті осы екі ұрпақтан күтемін, өз басым!» - деп екі жастағы Олжардың, жаңа туған Олжастың жарқын болашағына тіреп қойды тілек-ниетінің бір ұшығын». Арғы ата-бабалары жайлы ақиқат деректерді Олжас Сүлейменов есейіп, елге танылған шағында ғұлама ғалым, академик Әлкей Марғұлан мен белгілі жазушы, «Жаяу Мұса» атты романның авторы Зейтін Ақышевтан естіп тұшынған болатын. Өзі де Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Әлкей Хақанұлы «Ақтабан шұбырынды» заманындағы шағатай тілінде хатқа түскен шежіре-өсиетті дүниетаным әлемі енді-енді қалыптасып, шығармашылығы жер әлемге таныла бастаған ақынға оңашалай шақырып ұстатқанда, Олжастың жан дүниесі алабөтен сезімге бөлініп, қатты толқыған күй кешеді.
Кейініректе осы көңіл-күйі мен ар-ождан жағдайын Олжас Сүлейменов былай деп еске алады: «Қазақтың тарихқа ден қоюы айрықша. Әр үйінде жеті атасына дейін, тіпті, онан арғы тегін, руын анықтайтын шежіре ұқыпты сақталған... Менің бабам Олжабай батыр, жетінші ұрпағына Білге, ғалым бол деп өсиет қалдырған екен, Шағатай тілінде жазылған бұл өсиет маған академик Ә.Марғұлан арқылы жетті. Мен әлі күнге дейін бұл өсиет туралы ойланамын: Абылайхан әскерінің оң қанатын басқарған батыр, әулетімен жауынгер, өзінің өмірі мен ортасынан туындайтын, мысалы, қолбасшы бол немесе хан бол деп те айтуы тиіс еді ғой. Бірақ – айтты бітті. Менің міндетім – орындау. Бұл өсиет маған үнемі демеу болды. Қайсарлықты қыңырлықпен шатыстырғаным жоқ. Келісімге де барып отырдым, кейде «көзсіз батырлық» бағдарламамды орындауға кесірін тигізетін жағдайда шегініп отырдым». Ақынның саяси мінез желісіне қатысты соңғы мойындаулары өте маңызды. Өйткені кеңестік Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған Д.Қонаев тұсында да, қайта құру мен қоғамдық пікірдегі танымалдылығы шырқау шыңына жеткен 80-жылдардың соңында және тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында да О.Сүлейменов пендешілік билік-мансап жолын бірінші кезекке қоймайды. Бұл жолдар оның батыр бабасы қалдырған өсиетті орындауға сөзсіз кедергі келтірер еді. О.Сүлейменов үшін басты міндет – «Білге болу» болып қала береді.
Дегенмен, Олжас туған 1936 жылдан кейінгі Омар Сүлейменовтер әулетінің тарихына қайта оралсақ. Бұл КСРО-да кеңестік қуғын сүргінге нақты дайындық басталған жыл болатын. Тұңғыш қазақ жеке атты әскерінің тағдырына қатысты Олжас Сүлейменовтің өзі былай деп еске алады. «1936 жылы ұлттық бөлімдер таратылды. Менің әкем қызмет еткен атты әскер полкі барлық сержанттары мен офицерлерінен айырылды. Соғыста емес, 1936 жылдың аяғында. Біреулері түрмеге отырғызылды, енді біреулері атылды. Тарихтың бұл беттерін біз біле бермейміз. Бізде бірде-бір ғылыми немесе көркем зерттеу жұмыстары жоқ. Осы 1936 жылдың маусым айында Ташкент қаласында жас офицер Омар Сүлейменов ұшты-күйлі хабарсыз кетеді. Ташкентке іздеп барған Фатима мен Насыржан Беделбаевтың НКВД мекемелерінен естіген сөзі: - «Офицер Омар Сүлейменов Отан алдындағы қылмысы үшін қамалып, тиісті жазасын тартуға жіберілді». Осылайша, Омар және оның ағасы Оспан Сүлейменовтер әулетінің шаңырағы шайқалады. Омар Сүлейменов туралы ең соңғы деректер бізге тағдырдың жазуымен атақты тарихшы Л.Н.Гумилев арқылы жетіп отыр. Ол Бейбіт Сапаралыға «...Мен осы кезге дейін көп ешкімге сыр шашпай, құпия ұстап келген бір жәйтті сізге айтып берейін. Сонау отызыншы жылдардың аяғында Ресейдегі аса ірі тау-кен металлургия орталығы Красноярск өлкесіндегі Норильскіде лагерьде азапты күн кешіп жүрген шақта Олжастың әкесі Омар екеуміз бір төсекте қатар жатқанбыз. Қазақ елінің көп жағдайларына сонда қанығып, қазақ тілін сол кездерде біршама үйреніп қалғанмын. Амал нешік, одан бергі жарты ғасырдай уақыт теп-тез сырғып өтті де, түркі тілдерін игерсем деген ниет-тілек құр арман-тілек боп қалды. Адам өмірінің ең бір сындарлы шақтарында қара су мен қара нанды бірге бөліп жеген ауыр күндер қайдан ұмыт бола қойсын?!» дегенді айтады.
Омардың «халық жауы» атануынан кейін Алматыдағы Сүлейменовтер әулетінің берекесі қаша бастайды. Ақылдаса келе, ағайындар Салық Мұсаұлының бастауымен атамекенге – Павлодар облысына көшуге шешім қабылдайды. Жас әйел Фатима Насыржанқызының алдында да ауыр үзілді-кесілді мәселе тұрады. Алайда, ол ақылгөй әкесінің айтуымен Алматыда қалып, уақыт көрсеткендей даналық шешім қабылдайды, өйткені атамекенге қоныс аударған Оспан мен әйелі Базаркүл Сүлейменованың тағдыры қасіретті еді. Оспан 1941 жылы қаңтарда Қарағандыда қайтыс болса, күні үшін егделеу кісіге екінші рет күйеуге шыққанымен өмір бойы тіршілік тауқыметінен арылмаған Базаркүл Сүлейменованың тағдыры да ауыр қалыптасады. Жастайынан жесір қалған абысынды-келінді екі келіншекті бұдан кейін тағдыр кездестірмей, олардың балаларын ғана ел ағасы болған жастарында табыстырады.
Іс-түссіз хабарсыз кеткен Омардан мүлдем күдер үзген Фатима Беделбаева әкесінің көмегімен 1939 жылы Қазақ Телеграф Агенттігіне стенографистка мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Мұнда отызға енді шыққан және 1939 жылы Коммунистік журналистика институтының түлегі Әбдуали Қарағұлов ҚазТАГ директорының бірінші орынбасары болып қызмет атқаратын. Көп ұзамай екеуінің дәм-тұзы жарасып, отау құрады. Сөйтіп Фатима Беделбаева мен оның үш жасар ұлы Олжастың шын мәнісінде жаңа өмірлері басталады. Осы орайда Олжас Сүлейменовтің тұлға ретінде қалыптасуында баға жетпес орны бар, оның рухани әкесі Әбдуали Қарағұлов туралы арнайы тоқталмасқа болмайды.
Ә. Қарағұловтың өмірбаяны алғашқы кеңестік Қазақ зиялыларының өмірбаянына ұқсас. Ол 1909 жылы Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Маржанбұлақ елді мекенінде кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Аудандық, облыстық газеттерде жұмыс істеп жүргенде Ақтөбеден Алматыға жоғары білім алуға арнайы шақырттырып алғызған қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов – ардақты Ғабең еді. 1941-1944 жылдары Ә.Қарағұлов Қарағанды облыстық «Советтік Қарағанды» газетіне жауапты редакторлық қызметке жіберілсе, Олжастың орта мектептің бірінші сыныбына оқуға баратын жылы Алматыға қайтып оралып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратына жауапты қызметке шақырылады.
1944-1954 жылдары Олжас Алматыдағы Фурманов көшесінің бойындағы № 28 орыс мектебінде оқиды. Осы екіқабатты байырғы ғимаратта қазақтың батыр қызы М.Мәметова оқығандықтан 1955 жылы мектепке оның аты берілген.
Тілін ана тілінде ашып құран әуеніне нағашы атасы арқылы ерте хабардар болған, қаймағы бұзылмаған дәстүрлі қазақ отбасында дүниеге келіп, ұзақ жылдар бойы қазақ тілді басылымдарда жауапты қызметтер атқарған Әбдуәлі Қарағұловтың тәрбиесінде болғанымен О. Сүлейменовтің орыс мектебінде оқығаны және жазғаны үшін кейіннен бейресми ортада сынға ұшырағаны қоғамдық пікір қайшылықтарының көрінісі екеніне дау жоқ. Оның жүріс-тұрысы, киім киісі, мінез желісі, жеке мәдениеті, кәсіби білімі мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы олардан ерекшеленетін. Сондықтан қоғамдық пікірде О.Сүлейменов «ауылдықтар» сияқты қиындық көрмей өсіп, көктен түскендей әсер қалдыратын. Шын мәнісінде балалық, бозбалалық шағы соғыс және соғыстан кейінгі кеңес елінің ең ауыр жылдарына сәйкес келген барлық «алпысыншыжылдықтардан» және басқа да мыңдаған құрбы-құрдастарынан Олжас жағдайының айырмашылығы жоқ еді. Аштық, жоқшылық әсерінен Олжас та талай рет түннен оянып, нанның кезегінде тұрды, келе сала мектепке асықты, үй шаруашылығына көмектесті.
Олжастың қырқыншы жылдардан бастап дүниеге келген Шолпан, Раушан, Жібек, Ғайни, Серік есімді іні-қарындастары бар. Олардың барлығы да қазақтың ата салты бойынша, бір кезде Олжас ағалары бөленген бесікте жатып, тәрбиеленіп өскен. Ана тәрбиесі Олжасты осы жасынан мықтап бейімдесе, әке өнегесі үлкен өмірдің айдынына жетелей берді. Тәкаппар тағдыр тауқыметіне қарсыласа білуді Олжас нақ осы анасынан алғандай.
Олжабай батыр, Жаяу Мұса, атасы «Ұзын Сүлеймен», Омар арқылы берілген тектілік пен бекзаттық қасиеттер Олжастың да бойынан ерте көрініп, оның оқу-білімге, көркем әдебиетке деген құмарлығы төменгі сыныпта оқып жүргенде-ақ байқалады. Балалардың алды Олжас қарындастарын ойнатып-алдандырып, жыласа уатып, алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүргеннің өзінде-ақ үй алдындағы көк майса шөптің үстіне отырғызып қойып, қолдарын шабыттана оңды-солға сермеп, өлең жыр, неше түрлі шағын әңгімелер, қызықты ертегілер оқып береді. Осы сияқты көңілді шақтарда Олжас құралпы көрші-қолаңның балалары да қара көрсетіп қалып, аула қарадомалақ, сары шикіл бүлдіршіндерге толып кетіп, «Тағы оқышы, тағы! Ананы айтшы? Мынаны айтып берші?!» - деген ұсыныс-тілектер талассыз естіліп жататын. «Біздің отбасымызда», - дейді О.Сүлейменов, – айрықша адамгершілікті ахуал қалыптасты. Әкем күндіз-түні жұмыста: қол қойдыруға түннің бір уағына дейін келіп жатады. Редактор әрбір сөзді оқып шығып қол қоюы тиіс. Пенсияға шыққаннан кейін әкемнің бірде ол редакторлық еткен жылдары бірде-бір қате әріптің жіберілмегенін айтып мақтанғаны бар. Жұмысқа деген мұндай ыждағаттылықты әкем өзінің балаларының бойына да ешқандай ақылгөйсімей жеке үлгісімен сіңірді. Мен үнемі оның қалам ұстап үстел үстінде отырғанын көретінмін. Бұл мені де қағазға, жазуға деген құмарлыққа алып келді. Баспасөздің беделі біздің үйде өте жоғары еді: газеттер мен кітаптар, үнемі толтырылып отырылатын шағын кітапхана. Үшінші-төртінші сыныптарда-ақ Л.Толстойдың 12 томдығын оқып шықтым. Мамам менің көзімнің талатындығын уайымдап әуестігіммен күресетін, бірақ әкем «кітаптан адам соқыр болмайды, көзі ашылады деп жұбататын». Оқу мен жазуды ұштастыра білген Олжастың осы жылдары республикалық балалар газеті «Дружные ребята» басылымында тырнақалды мақалалары жарық көре бастады.
Алайда, Олжастың бала кезіндегі қалыптасуы бірсыдырғы «бейбіт» жүрген жоқ. Әлеуметтік қиыншылықтар, балалық рухани ізденістерден бөлек, өтпелі жастың өсу қиыншылықтары да Олжасқа тән болды. Бірақ бозбала шағында-ақ, нақты өмірде Олжас өзімен өзі болып қала берді. Көп жылдардан Олжастың досы әрі әріптесі Г. Толмачев: «Соғыстан кейінгі жылдары Алматының барлық тұрғындары, маған балалардан тұратындай көрінетін. Ойлап қарасаңыз, шынында да солай еді. Үлкендердің барлығы таңның атысы, күннің батысы жұмыста, біз өзімізбен өзіміз қаламыз, әжелеріміз шамалары келгенше қадағалайтын» - деп еске алады. Соғыстан кейінгі жылдары кеңестік қала балалары үшін ең қауіптісі «көше ықпалы», қисық жол – қылмыс әлемінің ұйығына түсіп кету қаупі еді. «Қалай аман шыққанымызға әлі күнге дейін таңғаламын, - дейді Г. Толмачев. - Бірақ сынбадық, жаман жолға түсіп кетпедік. Қала құжынаған ұры-қарылық топтарға толы: пышақтасу, ұрлық пен тонау, қанды төбелестер. Топ басшылары мен атамандарды дақпырт аттарынан білеміз: Бука, Маслюк, ал Олжас тұрған ауданды Пантера билеп төстеді». Жандарын қоярға жер таппай қайран ата-аналар түні бойы шарқ ұрады. Анасы Фатима Беделбаева: «Олжастың бала кезін еске түсіремін. Қандай қиын уақыт болды десеңізші?! Олжас үшін иманымды үйіріп отырамын. Көшеден естілген айқай-шу мен ысқырықтар жер жарғандай. Мен оны жер төлеге құлыптап қамап қойсам да өзімді қоярға жер таппаймын: не істеп жатыр екен? Үш сағат, бес сағат өтеді, ол болса үнсіз. Ақырын жертөлені сығалап қарасам, менің Олжасым арқасын терезеге жақын беріп кітап оқып отырады... «Мені уайымдама, мама мұнда жағдайым жаман емес» - дейді. Олжас 9-сыныпта оқып жүргенде Ә.Қарағұловтар отбасы қаланың басқа ауданынан жаңа пәтерге қоныс аударуы ғана көше мәдениетінің теріс қаупін біржолата сейілтеді. Жалған намыс, қисық түсінік жетегінде кеткен доссымақтар түгелдей құрықталып сотталғанын естігенде Олжас анасына оңашалай келіп «Сіздер қалай ғана мені құтқарып қалғансыздар?» - деп ағынан жарылады. Кез келген бала анасына жан сырын ақтара бермейді
«Шалқайғанға шалқай – ол пайғамбардың ұлы емес, еңкейгенге еңкей – ол әкеңнің құлы емес. Міне, бұл менің анамның бойыма сіңірген өнегесінің түп-төркіні еді»- дейді О. Сүлейменов. – «Қырықтың бірі – қыдыр. Оның айрықша белгісі жоқ. Сыйлағаныңның құлы бол, сөйтсең өзіңе де көмектесесің» деп үйрететін анам. Ұққан тәлімім осы. Мен соны уағыздаймын. Бірақ, мен оған түзету, енгізу керек екенін де білдім. Қырықтың бірінен оңбағандар да, жексұрындар да табылады.
«Бала күнімнен, әліпті таяқ деп білгеннен, күн сайын, мен өз халқымның надандығының, жалтақтығы мен артта қалғандығының көріністері қынжылтатын. Ол кезде маған ата-бабаларымды мақтан тұтудың түйірдей болса да дәнін жан дүниеме егу маңызды болды. Мен не үшін оларды ардақтауым керек? Мені оларды аяуға және жек көруге табандылықпен мәжбүрледі, - дейді О. Сүлейменов. - Бағыма орай Александр Бектің «Волоколам тас жолында» кітабын оқыған едім. Оның темір Бауыржаны менің қаһарманым болды. Мен мұны кейіннен көптеген жылдардан соң сезіндім... Сонан соң Әуезовтің «Абайы».
1980 жылы «Менің Бауыржаным» атты арнайы мақаласындағы ақынның мына бір жан тебірентерлік сөздерінің әдіснамалық маңызы зор. «Өмірде өзіме ықпалы болған адамдар көп емес, бірнешеу ғана. Ой- өрісімнің, сыртқы дүниеге көзқарастарымның қалыптасуы да соларға байланысты. Кейде өмір бойы бір адамның тұтқыны болу үшін онымен екі-үш рет кездескенің жетіп жатады... Өз кітабымда мен де Бауыржанға соқпай кете алмаймын. Мен оны ерте, балалық шағымнан-ақ «Волоколам тас жолын» алғаш оқыған кезден білемін». Олжастың мектеп қабырғасында жүргенде-ақ, әдебиет пен тілден бөлек, тарихпен параллельді әуестенуіне түрткі болғандардың бірегейі, тау-кен институтының профессоры, қазақтың ғұлама ғалымы Ақжан Машанов (Машани) болды. Олжас оның ұлы Араратпен бір мектепте оқыды. Үйлерінде де жиі болатын. Профессор өзінің тау-кен істерінен бөлек 50-жылдары тыйым салынған ғылым - тарихпен байсалды әуестенетін. Мүмкін сол кісімен араласу болашақ ақынның бойына ұлт тамырын іздеу қасиетін дарытқан болар. Кеңестік орта мектептерде қазақ тарихы оқытылмайтын. Тіпті, оқу бағдарламасында болған жоқ. Оқылатыны КСРО тарихы, оның өзі де негізінен орыс тарихы. Сондықтан Олжастың өзіне қойған «осы мен кіммін?» деген сұрағы жоғары сыныптарда-ақ «осы біз кімбіз?» - сұрағына ұласқандай.
«Осы мен кіммін?» Кәмелеттік аттестат алып, үлкен өмірге қадам басқалы жатқан Олжас үшін бұл риторикалық емес, практикалық мәні бар сұрақ еді. «Бірінші сыныптан бастап оныншыны бітіргенге шейін фамилиясы Сүлейменов болып жазылып, Әбдуали Қарағұловты ештемеге күмәнданбастан туған әкем деп атап келген Олжас, кейде ғана: «Мен неге жалғыз Сүлейменовпін? Неге Қарағұлов емеспін?» - деп таңданыспен сұрау беріп қоятын. «Олжас – үлкен атасының баласы. Сол себепті атасының атын ұмыттырмай Сүлейменов болып жүр» деген жауапты естіп, ақынжанды бала көңілі өсіп, марқайып қалады. Орта мектепті тәмамдар жылы барып қана өз әкесі – Омархан, атасы Сүлеймен, қайтыс болған ағасы - Олжар, арғы атасы Олжабай батыр екендігі хикаясын тыңдап қаныққан, барша ақиқат жайларды өз құлағымен естіген бозбала Олжас түнере сұрланып, қатты толғанып, сұлық төмен қарап отырып қалған көрінеді. Бірақ, бірер күн өткен соң «бәрібір менің әкем Әбдуали Қарағұлов!» -деп рухани әкесіне ұлы сүйіспеншілігін білдіреді.
Мектеп бітірген жылдары оны «Игорь полкі туралы жырдан» гөрі қызықтырған «осы біз кімбіз?» - деген сұрақ болды. Бабасы туралы аңыз оның жауапкершілік сезімін күшейте түсті. 1954 жылы Олжас орта мектепті бітіргенде оның дүниетанымдық көзқарасы, өмірлік бағдарламасы интенсивті түрде қалыптасып жатты. «Өзінің тарихы бар халық қана ұлы халық бола алады» дейді М. Шолохов. Бала күнінде естіген осы сөз Олжастың өмірлік бағдарламасын анықтады. Ол осылайша өз халқының жоғалған тарихын іздеуге ден қойды.
Мектеп бітірген соң Олжас әкесінің кеңесімен мамандықты қалай таңдағанын былай деп еске түсіреді: «Ол менің әдебиетпен әуестенетінімді көріп жүрді, бірақ оның қаншалықты еңбек пен бейімділікті талап ететін ауыр іс екенін өз басынан білетін. «Мен журналистика факультетіне түсемін» дегенде ол басын шайқап: «ортаңқолды журналист болғанша, ортаңқолды инженер болған жақсы. Қателеспе, балам» деді. Мен құжаттарымды геология мамандығы бойынша тапсырдым. Дегенмен, институт бітірген соң Горький атындағы әдебиет институтына түстім. Әкем қарсы болған жоқ» дейді ол. «Азиялық отбасы» құрылымында өскен О. Сүлейменов үшін әке беделі зор болды.
Соғыстан кейінгі жылдардағы елдегі ауыр қоғамдық-саяси, идеологиялық атмосфера, моральдық психологиялық ахуал, 60 жылдардан бастау алған жылымық та Олжастың көзқарасының қалыптасуына әсер еткені анық. «Бізді аналарымыз бен әкелерімізді атып тастаған мемлекет тәрбиеледі... Үйреншікті «кім кінәлі?» және «не істеу керек?» ең бастысы «неліктен болды?» сияқты сұрақтар төңірегінде ойланатынбыз»- дейді О. Сүлейменов. Айта кететін жайт, Олжастың достарының арасында өзі сияқты «халық жауларының» балалары аз болған жоқ. Бұл орайда Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің балалары: М.Майлин мен Б.Жансүгіровті атауға болады. Олжас тек балаларымен ғана емес, «халық жауларының» аман қалған туыстары мен жақын жұрағаттарымен де араласты. Бұл орайда, ақын әсіресе И.Жансүгіровтің әйелі Фатима Ғабитқызынан көп нәрсенің анық-қанығына жеткені аян. Жалпы қазіргі заманғы Қазақстан тарихындағы екі Фатиманың: Фатима Насыржанқызы мен Фатима Ғабитқызының орны айрықша. Екеуінің ұлдары да бұдан былайғы Қазақстан мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Екеуінің де өздерінің Қазақстан тарихындағы лайықты бағасын алуы – уақыттың еншісінде.
1954-1958 жылдары геология факультетінде техникалық мамандық бойынша білімін жалғастырған О.Сүлейменовкесирек кездесетін жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Геологиялық экспедициялық практиканың барысында қала баласы Қазақстанның сайын даласын, барлық аймақтарын аралап шықты. Қарапайым ауыл адамдарының, шопандарының тұрмыс-тіршілігімен танысты. Тарихи қалалар мен ескерткіштердің орнын көріп тұшынды. Бұлардың барлығы ақынның болашақ өлеңдерінде бейнеленді. Ауылдарды тұңғыш рет көрген қаланың қазақ баласы үшін бұл үлкен тәжірибе болып, ақынжанды жастың Дала әлемін тікелей сезінуіне септігін тигізбей қойған жоқ.
«Геологиямен шұғылдану мені көп нәрсеге үйретті, олар кейін ақын ретінде менің кәдеме жарады. Мен, жалпылама айтқанда, институт шығармашылық қызығушылық туғызуы тиіс, ал нағыз шынайы білім үнемі өз білімін жетілдіру арқылы алынады деп ойлаймын» - дейдіО.Сүлейменов. Геология факультетінде оқып жүргенде де ақын өлеңдермен қоса, очерктер, фельетондар, әңгіме, повестер, тіпті романдар жазып редакцияларға апарып жүреді. Бірақ, өкінішке орай қолжазбалардың көпшілігі жарыққа шықпайды және авторға қайтарылмайды. Ақырғы соңында әдебиетке деген құмарлық жеңіп, 1958 жылы геология факультетінің төрт курсын бітіріп, сырттай бөліміне ауысады да Мәскеудегі әдебиет институтына оқуға түседі. Сөйтіп, әдебиет институтында оқып жүріп, біруақытта геологиядан «Ембі мұнай құрылымындағы тұз күмбездерінің түзілу механикасы» тақырыбында диплом жұмысын жазуға мәжбүр болады.
О. Сүлейменовтің 1958 жылы 22 жасында Мәскеудегі Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түсуі – шығармашылық жастық шағы мен кәсіби білім алуының аяқталу кезеңі болды. Жалғыз ғана әлемдік әдебиет институтында әлемдік әдебиеттің майталман мамандары В.Сидельников, Л.Озеров, Л.Мартынов, Б.Слуцкий, А.Пухов, т.б. сабақ берді. Илья Эренбург, Михаил Шолохов, Вселовод Иванов, Борис Пастернак, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, тағы басқалармен кездесулер өзіндік университеттер болды. Курс тыңдаушылары да кеңестік Одақтас республикадан келген туған әдебиеттерінің Олжас сияқты келесі буынының білімді, барынша еркін ойлайтын талантты өкілдері еді. «Біз бір-бірімізге шәкірт әрі ұстаз едік, - дейді О.Сүлейменов, - мұнда дүниетанымымыз қалыптасты, мінезіміз шыңдалды. Т.Зульфикаров, С.Фридбург, С.Эбаноидзе...».
Әрбір ұстаз тағылымы – қазына нұсқасы. Әсіресе, Б.Слуцкийдің кеңестері О.Сүлейменовке өте пайдалы болды: «Қазақ поэзиясын тану – Одақта нольге тең. Әлем деңгейінде одан да аз. Мүмкін түпнұсқада ғажайып шығар, бірақ аудармасы ешкімді қызықтырып отырған жоқ. Сіз аудармашының көмегінсіз іске кіріскен екенсіз. Демек, сіз орыс оқырмандарының алдында бірден-бір қазақ поэзиясының өкілі болу міндетін мойныңызға алып отырсыз. Иә, солайы солай, сіздің дүниелеріңіз бойынша қазақ поэзиясы туралы жалпылама және терең пікірлер айтылатын болады. Енді аудармашыға кінә арта алмайсыз. Сіздің орыс құрдастарыңыздың жағдайы жеңілірек. Олардың артында ұлы тарих, ата-бабаларының даңқы, ғаламат мәдени мұра тұр. Орыс ақынының орташа ақын болу мүмкіндігі бар. Сізде ол жоқ». «Слуцкийдің сабақтары бұрыннан сезіп жүрген, бірақ әлі бір жүйеге келтіре алмай жүрген нәрселерді анықтауға көмектесті, - дейді О. Сүлейменов, – Жиырмадан кейін өмірлік жоспарларыңның сұлбасын тәртіпке келтіруге тырысасың. Жастық шақтағы «Мен кіммін?» - «біз кімге?» тәуелді екенін сезесің. Мен өздерінің «мен кіммін?» деп түп тамырын, тарихын іздеп бас қатырмайтын құрдастарыма қатты қызығатынмын: тарихтың қара топырақты қабаттары мыңжылдықтың қойнауынан оларға ұлт өмірінің зәулім ағашын көкке жеткенше нұрландырып көрсетіп отырды. Менің достарымның сол үлде мен бүлдеге оранған ағаш бастарында алқызыл алмадай жайнап отыруға мүмкіндіктері болды... мен өзім үшін қазақтардың тарихын қалпына келтіруді бастадым».
Институт қабырғасында жүргенде поэзиямен шектелмей, геология, тарих, лингвистика, палеографиямен өз бетінше әуре-сарсаң болып жүрген Олжасқа орыс достарының бірі аң-таң болып: «Олжас, түкке тұрмайтын тірлікпен неге айналысып жүрсің, уақытыңды тасқа жазылған қалжыңды тарқатуға жіберіп жүргеніңе жол болсын. Одан да өлең жаз, жұрттың алдына шық» деген ұсынысына Олжас: «Сенің мәдениетіңнің алтын ғасыры болды, ол – ХІХ ғасыр, сен үшін жұмыс істегендер бар. Біздің мәдениетіміз қазір ренессансты да, көп жағдайларда қайта тууды да бастан кешу үстінде. Біз, мәдениетімізде қазір бір уақытта ХІХ ғасырды, ХХ ғасырды да бастан кешудеміз. Нақ сондықтан да қазақ жазушысының міндеті орыс жазушысының алдында тұрған міндеттерден көлемі жағынан да, бағыты жағынан да өзгешеленеді. Бізге ағартушы тіпті, аздап шырақшы болуға да тура келеді» - деп жауап береді. Оқу бағдарламасына сәйкес профессор Сидельниковтен алған «Игорь полкы туралы жырдағы тюркизмдер» атты курстық жұмысына, геологиядан алған диплом жұмысына қандай ыждағаттықпен қараса, курстық жұмысына да соншалықты тиянақты геологиялық мінез, геологиялық машықпен кірісіп кетеді. Кеңестік дәстүр бойынша формальды түрде, дөрекі айтқанда, көшіріп бере салуға да болар еді. Бірақ бұл Олжастың стилінде емес. Курстық жұмыстың тақырыбы күтпеген жерден Олжастың бұрыннан келе жатқан қазақ тарихына деген қызығушылығын еселей түседі. «Менің ата, бабаларым тілінің бір замандарда бір тамырдан тараған түркі-тілдес халықтар тобына жататындығын білісімен, мен тұңғыш рет қандық туыстықтың айрықша сезімін тұшындым. Атавизм ба, иә, бірақ жастық шақта ол қаншалықты демеу болады десеңізші?! Өзімнің түркі екенімді танып, мен өзімде бұрын байқалмаған қасиеттердің қалай көтерілгенін сипаттап жатпай-ақ қояйын, бірақ олар менің тұлғамды қалыптастырды, сөйтіп менің дүниетанымымның элементі ретінде жастық түркілік көзқарасымның дамуына септігін тигізді».
Әдебиет институты – әлемдегі бірегей жоғары оқу орны. Кеңестік Одақтас республика өкілдері үшін бұл айрықша маңызды болды. Одақтас республикалардың көркемдік шығармашылық жастары Мәскеу авторларымен байланыс орнатып, еңбектерін орыс тілінде шығаруға тырысты. Жас авторлар астаналық әдеби басылымдарды жағалап туындыларын бастыруға ұмтылды. Сөйтіп кеңестік әртүрлі ұлттардың жас ақындары бір-бірімен шығармашылық жарысқа түсті. Элитарлық әдебиет институты мен жоғары әдеби курстарында айрықша нәзік мәдени атмосфера қалыптасты. Әдебиет институты мен жоғары әдеби курстары жекеленген ақын-жазушылар ғана емес, жаңа типтегі кеңестік әдебиеттің бүтіндей бір ұрпағын – «алпысыншыжылдықтардың» - көптеген өкілдерін даярлады. Идеологиялық шектеулерге қарамастан, кеңес әдебиетіне эстетикалық кеңдік, жоғарғы кәсіптік деңгей тән еді. Әдебиет институты барлық уақытта өзінің тыңдаушыларына әдеби мектептер, тенденциялар, бағыттар, стильдер туралы мол кәсіби білім беретін. Ең бастысы, кәсіби білімді – тіл мен әдеби дәстүрлерді сезінуді берді. Әлемдік әдебиеттің «иран-бағында» аз-кем болса да, шығармашылық еркіндіктің элементтері айқын сезілетін. Лекция - семинар сабақтары шығармашылықты шыңдаудың, әдеби стильді жетілдірудің нағыз мектебі еді. Бір автордың туындысы әлденеше рет талқыланып, сараланды. Бұл мектептен О.Сүлейменов те өтті. Оның кіршіксіз жазу стилі, сөйлеу мәдениеті нақ осы мәскеулік кезеңде мүлтіксіз жағдайда жеткізілді. Бұдан былайғы жерде О. Сүлейменовтің ауызша дайындықсыз сөйлеген сөздерінен басы артық сөздерді табудың өзі қиынға соғатын.
Мәскеулік кезеңдегі тартысты оқу мен тоқу мол нәтижелер берді. 1959 жылдың 13 маусымында орыстың белгілі ақыны Л. Мартыновтың алғысөзімен «Литературная газетада» оның топтама өлеңдері жарық көрді. Алайда поэзия аспанында жұлдызы жарқырай туған қазақ есімінің пайда болғанын Одаққа, одан қалды әлемге әйгілеген атақты «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы болды. Поэма үзінділерінің, жырдың көктемгі Алматы көгінен ұшақтан үнпарақ болып шашудай шашылуы ерекше құбылыс. Қазіргі заманның бірде-бір ақыны ондай қошеметке бөленген жоқ-тын.
Сөйтіп, ақынның «өз халқым ішіндегі орнымды тапсам» деген жастық арманы тамаша орындалды. Ақын мұндай табыстардан кейін тоқмейілсімей іле-шала бағдарламасының екінші бөлімі – әлем халықтарының ішіндегі өз халқының орнын іздеуге шұғыл кірісіп кетті. Дүниетанымы әбден қалыптасқан жаңа тұрпатты жас ақын шығармашылығының келесі айналымы басталды. Сол тұста Қазақстан қоғамдық пікірі мен билік орындарын да қас-қағым сәтте танымал болған О.Сүлейменовтің алдында екі айырық таңдау тұрды: бірі – жеңіл табысқа жетелейтін пендешілік мансап жолы, екіншісі – халық тарихының жүгін арқалаған ғылым жолы.
1981 жылы ақын сол уақыттағы өзінің ар-ождан жағдайын былай деп еске алады: «Сол бір 61-жылы кеңес әдебиетінде зор дауысты ақындардың ұрпақтары қанаттарын жая бастады... Ел жастары жасанды жырларды емес, ақындарды тыңдады. Менің алдымда да өте айқын, атылған оқтай түп-түзу ақындық мансап қылаң берді: қазіргі заман тақырыбы, көкейтесті бүгінгі күн, мыңдаған аудиториялар, телевидение, радио және көп тиражды кітаптар, т.б. Бірақ маған тоқтау болған, жүрісін саябырсытқан менің арғымақтарым болды. Эстрада тартымды, бірақ ол жазушы үшін қауіпті еді. Ол асығып-үсігуге мәжбүрлеп, ойлау қабілетіңнен біржолата айыруы мүмкін. Мен ақын әкелеріміз бен аталарымыздың қолынан келмеген, олар атқара алмаған немесе атқарып үлгірмеген істері төңірегінде ойлануды өзімнің парызым деп сезіндім. Қазір артқа тастаған 20 жылыма қарай отырып, өзімді Пегас тұлпарға мініп, ойқастаған салт аттыдан гөрі тарихтың Авгий атқораларындағы малшыдай сезінемін. Менің өз тамырымды өзім табуға тура келді, өйткені тамырсыз ағаш – бұтағы мен жемісі жоқ бағана ғана. Сол сияқты халық та адамзат бау-бақшасындағы алмадай. Меніңше, бұл қазақ жазушысының өз орнын тауып орнығуының мүмкін боларлық жалғыз ғана формасы – халықтың санасын орнықтыра отырып, өзің де орнық».
Бұл күшті тұлғалық таңдау еді. Бұл жылдардағы О.Сүлейменовтің жеке тәжірибесі айрықша маңызды болды. Ғылыми бағытын да өз бетінше белгілеп алды. Ол қазақ-түрік, орыс-славян халықтарының көне және орта ғасырлар тарихының қойнауына ресми жолдан бөлек, өз жолымен жаңа ғылыми-әдіснамалық жабдықтармен кіріп, өзінің атақты «аласартпай тауларды, асқақтатсам даламды» принципін жариялаудың алдында тұрды.
Дастан СӘТБАЙ,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің доценті,
тарих ғылымдарының докторы.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |