САЯСИ НАУҚАНҒА ӘЗІРЛІК ОЙДАҒЫДАЙ

САЯСИ НАУҚАНҒА ӘЗІРЛІК ОЙДАҒЫДАЙ«Сыр медиа» жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов, облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаева және облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қожамжар Наурызбаев БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Онда олар 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарының және мәслихат депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізу туралы айтып берді.

 

Комиссия төрағасының айтуынша Қызылорда облысы бойынша 9 аумақтық, 29 облыстық округтік, 118 аудандық, қалалық округтік және 350 учаскелік сайлау комиссиясы, барлығы 506 сайлау комиссиясы бар. Бұлардың ішінде 24-і арнайы сайлау учаскелеріне жатады. Осы сайлау учаскелерінде тіркелген, облыс бойынша барлығы 405736 сайлаушы дауыс беретін болады. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 8 ақпанға дейін, тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. Мұны Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Ал үгіт-насихат жұмыстары 20 ақпан-18 наурыз аралығында жүргізіледі.

Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы Ассамблея Кеңесіне тиесілі. Еліміздің Конституциясы талаптарына сәйкес 25 жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұратын азамат Мәжіліс депутаты атана алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.

Мәжіліс депутаттығына сайлану үшін партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілігімен жүргізіледі. Саяси партиялар партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшесі болып табылмайтын адамдарды енгізуге құқығы жоқ. Саяси партия­­лар ұсынатын партиялық тізімдердің құрамында дауысқа түсетін кандидаттардың өз сайлау қорларын құруға құқығы жоқ. Саяси партияның сайлау қоры ең төменгі жалақы мөлшерінің (22 859 теңге) бес мың еседен аспайтын және осы мөлшердің он мың еседен аспайтын еріктіқайырымдылық қаражатынан құралады. Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 ақпанға дейін созылып, ал оларды тіркеу 29 ақпан - 5 наурыз аралығында өтеді. Үгіт-насихат жұмыстары 6 - 18 наурыз аралығында жүргізіледі.

Мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға дейін, ал оларды тіркеу 23 ақпанға дейін жүргізіледі. Үгіт-насихат жұмыстары 24 ақпан - 18 наурыз аралығында жүр­гізіледі. Бұл ретте мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсынуды белгіленген тәртіпте тіркелген республикалық немесе жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады.

ҚР Конституциясы бойынша Қазақстан Республикасының 20 жасқа толған азаматы мәслихат депутаты бола алады. Мәслихат депутаттығына кандидаттың сайлау қоры ең төменгі жалақы мөлшерінің (22 859 теңге) жүз еседен аспайтын жеке қаражаты, осы мөлшердің екі жүз еседен аспайтын, өзін ұсынған қоғамдық бірлестік қаражатынан және үш жүз есе мөлшерден аспайтын ерікті қайырымдылық қаражатынан құралады.

Мәслихат депутаттарын сайлау қорытын­дыларын тиісті аумақтық сайлау комиссиялары 5 күн мерзімнен кешіктірмей анықтайды. Басқа кандидаттарға қарағанда көп дауыс алған кандидат мәслихаттың сайланған депутаты болып есептеледі. Аумақтық сайлау комиссиялары жергілікті басылымдардың 26 - қаңтар күнгі нөмірлерінде жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау округтерінің, сайлау учаскелерінің тізімі, олардың орналасқан жерлері мен шекаралары, сайлау комиссияларының құрамы туралы хабарламаларын жариялады.

Брифингте комиссия хатшысы 2016 жылғы 25 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясының алдағы сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыру мәселелері жөнінде республикалық семинар-кеңес өткені туралы әңгімелеп берді.

Семинар-кеңестің жұмысына барлық облыстардың, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, Қазақстан Республикасы саяси партияларының, мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ сайлау саласында қызмет ететін халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан. Семинар барысында сайлау науқанын материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз етуге, сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық, қоғамдық институттарының тиімді өзара іс-қимылына,сайлау процесіне қатысушылардың бәрінің сайлау заңнамасының нормаларын бұлжытпай орындауын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер талқыланды.

Қазіргі уақытта сайлау комиссияларында сайлауды өткізуге қажетті барлық кадрлық және материалдық ресурстар жеткілікті. Облыстық сайлау комиссиясы тарапынан сайлаудың ашық, жариялы түрде, қолданыстағы заңнамаға сай өтуіне барлық жағдай жасалуда.

2016 жылғы 22 қаңтарда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Үндеуі жарияланды. Үндеуде сайлаушылардың дауыс беру құқығын пайдаланудың жолдары көрсетіліп, сайлаушыларды дауыс беруге шақырған. 4 наурыздан бастап сайлаушыға өзінің сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректердің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік беріледі.

Брифингте сонымен қатар, сайлау заңнамасы бойынша егер сайлаушы 30 күн бұрын өзінің тіркелген мекен-жайы бойынша болмайтындығын білген жағдайда, жергілікті әкімдікке хабарласып, сайлау күні болатын жерінің сайлаушылар тізіміне тіркелуіне мүмкіндігі бар екендігі айтылды. Сондықтан, сайлаушылар осы мүмкіндікті пайдалана алады.

Брифинг соңында журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауаптар берілді.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қаңтар 2016 г. 1 010 0