ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ — «ШАҺНАМА»

ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАУҺАРЫ — «ШАҺНАМА»Түркі өркениеті мен Оғыз мәдениетінің мәртебесіне айналған «Шаһнама» – қазақ халқының әдеби мұрасына қосылған құнды тәбәрік.
Сенбі күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында республикалық жыр-дастан орындаушылардың «Шаһнама» – Оғыз мәдениетінің жауһары» атты фестивалі болып өтті.
Жыраулар сайысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев өзінің құттықтау сөзімен ашып берді.
– «Сыр елі – жыр елінде» бүгіннен бастап «Шаһнаманың» музыкалық-эпикалық жаңа ғұмыры басталды. Ұлт мақтанышына айналған ұлы шығарма жырауларымыздың орындауында 48 дискіде 1000 дана болып шығарылып, мәдени мұрамызға қосылған тағы бір құнды дүние болмақ. Бұл бүкіл түркі халықтарына ортақ мәдени мұралардың кеңінен зерттелуіне тың серпін болары сөзсіз. Ежелгі өркениет ордасы – Сыр өлкесінде «Шаһнама» дастан - эпопеясының қайта жаңғырып, халқымен қайта табысқан күні баршаңызға құтты болсын! – деген аймақ басшысы, Тәуелсіздік күні қарсаңында елордасы Астанада «Шаһнаманың» ұлықталатынын айтты. 
Атақты Фирдоуси жырлаған, тамыры бір түркі мәдениетіне ортақ қазына «Шаһнама» дастаны түркі халықтарының тарихын зерттеуде құнды әдеби еңбек болып табылады. Осы ұлы шығарманы қазақ тілінде сөйлеткен ақын Тұрмағамбет пен оған ұсыныс жасаған мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт мәдениетінің жанашыры Темірбек Жүргеновтің Сыр перзенттері екені – зор мақтаныш. 
Облыс әкімінің ұйытқы болуымен ұлы мұраның аудиоэнциклопедиялық антологиясын шығару идеясының авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматов фестивальға келген жырауларды таныстырып өтті. 
- «Шаһнама» – құдіретіңнің құндағы,
Шырай көрік салтанатың Сырдағы.
Тұңғыш рет «Шаһнаманы» мақамдап, 
Сүлейлердің ұрпақтары жырлады – деп, еліміздің әр аймағынан келген, жыршылар Сардарбек Қожағұлов, Амандық Көмеков, Аманкелді Сәнкібаев, Бисенбек Төлеубаев, Сыр елінен Бидас Рүстембеков бастаған Құрманбек Бекпейісов, Майра Сәрсенбаева, Серік Жақсығұлов, Шолпан Бәйімбетова сынды жыраулармен қатар жас буын өнерпаздар да жырдан шашу шашты.
Сыр сүлейі, жыр жампозы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 34911 жолдан тұратын Шығыстың жеті алыбының бірі саналған Фирдоусидің «Шаһнамасы» еліміздің танымал 22 жыршыларының  әдемі  мақам-саздары арқылы орындалып, бүгінгі ұрпаққа баға жетпес тарту жасалды. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 07 желтоксан 2013 г. 2 126 0