КЕҢЕСТІҢ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КӨМЕГІ КӨП

КЕҢЕСТІҢ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ КӨМЕГІ КӨПБейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Бұл биылғы жылдың бірінші басқосуы. Мұнда өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланып, 2016 жылға арналған жұмыс жоспары мен Кеңестің жаңа құрамын бекіту мәселесі қаралды.

 

Өткен жылы Кеңес бес мәжіліс ұйымдастырыпты. Онда мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру, индустриялық аймақтарда инвестициялық жобаларды орналастыру, шағын және орта бизнесті дамыту секілді өзекті тақырыптарды талқылап қана қоймай, нақты жұмыстар жүргізген.

Өңірлік инвестициялық орталық жанынан кәсіпкерлік пен туризмді дамыту мәселелері бойынша үйлестіру орталығы құрылды. Қызылорда қаласында және барлық ауданда кәсіпкерлер үйлері ашылып, соның ішіне «бір терезе» қағидасы негізінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы орналастырылды.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Мирас Төлебаевтың баяндауынша, өткен жылы ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында Өңірлік инвестициялық орталықтың жарғылық капиталы 360 млн теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде, орталық 342,1 млн теңге болатын 56 жобаны қолдады және 223 жұмыс орны ашылды. Орталық қаржысының едәуір бөлігі шағын наубайхана және кондитерлік цех ашу жобаларына бөлінген, ол шамамен 48,8 млн теңгені құрайды, ал техникалық қызмет көрсету станциясын ашу жобаларына – 41,3 млн. теңге, мал шаруашылығы жобалары – 33,2 млн теңге, супермаркет, қоғамдық тамақтандыру орталықтарын және асханалар ашуға – 25,5 млн теңге, жарнамалық агенттіктер және баннер әзірлеу жобаларына 22,1 млн теңге берілген.

Бұдан басқа, биылдан бастап облыс әкімдігі «Микробизнес-Қызылорда» жобасын іске асыруды бастады. Қазіргі таңда ӨИО жобаның қаржысына ниетті ауыл адамдарының өтініштерін қарап жатыр. Сұраныс жоғары.

Айта кетер бір жайт, VI инвестициялық форумы аясында облыстағы басым жобаларды бірлесіп қаржыландыру бойынша «Даму» қорымен меморандум жасалынды.

– Өткен жылдың ортасында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының кепілдендіру компоненті бойынша 2015 жылға қаралған қаржылардың мерзімінен бұрын игерілуінен көптеген кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден несиелер алуға мүмкіндіктері болмады. Бұл мәселе салалық министрлікпен жүргізілген шұғыл жұмыстар арқасында шешімін тауып, «Даму-Өндіріс» бағдарламасы аясында екі жоба бойынша 101 млн теңгеге кепілдендіру мәселесі шешілді, – деді басқарма басшысы М.Төлебаев.

Сонымен бірге, 2016-2018 жылдарға арналған кәсіпкерлікті және туризмді дамытудың жол картасы бекітілді. Соған сәйкес, тыңғылықты жұмыстар жүргізілді.

Арал ауданының индустриялық аймағында ет өнімдерін шығаратын «Берекет» шаруа қожалығының құрылыс жобасы аяқталды. Ал Қазалы ауданының индустриялық аймағында жалпы құны 55 млн теңгені құрайтын екі жоба әзірленді. Олар – жеке кәсіпкер «Мамбетжанованың» темір-бетон бұйымдарын өндіру, күрішті өңдеу және жеке кәсіпкер «Бөлекбаеваның» күріш өндірісін кеңейту жобасы. Одан бөлек, екі кәсіпкер ӨИО арқылы несие алып, Қазалы ауданының индустриялық аумағында жобаларын іске қосты. Олар – «Жанкент ЛТД» серіктестігінің бөтелкедегі ауыз су өндірісі және жеке кәсіпкер «Бердімұратовтың» полипропилен қаптарына флексографиялық таңба салу жобасы. Сондай-ақ, Жалағаш ауданының индустриялық аймағында 243,1 млн теңгеге 5 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Атап айтсақ, екі мал сою цехы, пескоблок өндіретін цех, жылу және жарық диодты шам өндіретін кәсіпорын. Шиелі ауданының индустриялық аймағына келетін болсақ, онда 612 млн теңгені құрайтын мия тамырын өңдейтін бір жоба жұмыс істейді.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында сервистік қызмет көрсететін 33 орталық салу белгіленген. Қазір 32 нысанның жер телімі кәсіпкерлерге берілді, тек біреуіне ғана инвестор іздестіріліп жатыр. Қазіргі таңда 7 нысан іске қосылып, 64 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ал биыл Кеңес «Ұлттық чемпион» болуға ниетті кәсіпорындар, инвестициялық жобалар, «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік және басқа да мәселелерді қарауды жоспарлап отыр.

Жиын соңында облыс әкімі Кеңестің биылғы құрамы мен жұмыс жос­парын тағы бір пысықтап алу керектігін айтты.

– Биыл Кеңестің жұмысы тиімді әрі нәтижелі болады деп үміттенеміз. Ғаламдық дағдарысқа қарсы кәсіпкерлікті қолдауда, экономиканы дамытуда өзіміздің ұйымшылдығымызды, кәсіби біліктілігімізді көрсетуіміз керек. Кеңес отырыстарының бірін көшпелі түрде өткізу ұтымды болар еді. Салық базасы төмен, шағын және орта кәсіпкерлік дамымаған Жалағаш, Қармақшы аудандарын дамытуға бағытталған арнайы жол картасы бекітілді. Осы ретте, отырыстың бірін Жосалыда өткізу туралы ұсыныс білдіремін. Оған барлық ауылдық округтің әкімдері, ауданның кәсіпкерлері қатыссын. Соларды тыңдайық. Мүмкін біз ескермей жүрген мәселелер бар шығар, қол ұшын созайық, көмектесейік, – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев пен Қызылорда облысы Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асқар Махамбетов Кеңес құрамына қатысты өздерінің ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қаңтар 2016 г. 924 0