КӨЛІКТЕР ДЕ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА КӨШУДЕ

Қызылордада газ құю стансасы салынуда

КӨЛІКТЕР ДЕ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА КӨШУДЕБүгінде бензин бағамынан басы айналғандар газға үмітпен қарай бастады. Сондықтан, соңғы кездері көліктеріне газ баллон жабдығын орнатуды жөн санайтындар көбейген. Олар газбен жүретін көліктердің бензинге қарағанда баға жағынан әлдеқайда тиімді екенін айтады. Дегенмен, оның сапасына ерекше мән бермесе болмайды. Өйткені, жүргізушілер сапасыз газдың кесірінен көліктің кейбір құрылғылары істен шығып, тез тозатынын айтады. Осы жайттарды ескере келе және нарықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында Қызылорда қаласында жаңа жоба қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Дәлірек айтсақ, көліктерге сапалы әрі экологиялық таза газ құятын станция салынуда. Жобаның жетекшісі – «Газ трейд» серіктестігі.

КӨЛІКТЕР ДЕ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА КӨШУДЕБірер айда ашылғалы отырған автокөлікті газбен жабдықтау станциясы – кәсіпкерлеріміздің уақыт талабына сай ізденісі мен инновациялық бастамаларының жемісін көрсетеді. Станция аргентиналық «Дельта» компаниясының құрал-жабдығымен жабдықталған, әлемде кең қолданылатын бұл құрылғы газды кешенді түрде сүзгіден өткізеді. Сондықтан, өнімнің сапасы жоғары. Көліктерді, автобустарды, жүк көліктерін, жеңіл көліктерді ауаны ластамайтын экологиялық таза өнім сұйытылған табиғи газбен (метан) қамтамасыз ететін жобаның тағы бір артықшылығы өнім бағасы екі есе арзан. Мәселен, сұйытылған пропан газының 1 литрінің бағасы – 34 теңгені құраса, метан газының бағасы небәрі 15 теңге болады.

Өңделетін шикізат қалаға келетін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» және «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральды газ құбырының қоймасынан алынады. Сондықтан мұнда газ таусылып қалу жағдайы да орын алмайды, яғни тұтынушыларға күні-түні қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар, бекет арқылы көліктерге газ құю ұзақ уақыт алмайды. Қоғамдық автобустарға газ әдетте 20-30 минут уақытта құйылса, бұл бекетте газ 8-9 минутта құйылады, яғни бір сағат ішінде 30 автобусқа дейін қызмет көрсетіледі. Ал жеке жеңіл көліктердің әрқайсысына бар болғаны 2-3 минут уақыт кетеді.

Мұндай газ құю станциясы еліміз бойынша екі жерде ғана бар, бірі Алматыда, екіншісі – Қызылорда қаласында бой көтеріп отыр.

Жобаға шамамен 400 млн теңгеге жуық инвестиция тартылған. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде – аукционсыз жер телімі мен «Бизнестің жол картасы – 2020», «Даму аймағы – III» бағдарламалары аясында жеңілдетілген несие берілген. Жобаның қуаттылығына келсек, жылына 3,4 млн текше метр табиғи газ (метан) құюға қауқары бар.

Сондай-ақ, станция өз жұмысына кіріскенде 30 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Қазіргі таңда құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталып қалды, жақын арада бұл нысан ресми түрде іске қосылады. Қазірдің өзінде бекет қаладағы №18 қоғамдық көлікке газ құйып, қызмет көрсетуде. «Газ трейд» серіктестігі алдағы уақытта облыс бойынша газ құю бекеттерінің санын көбейтуді жос­парлап отыр. Сонымен қатар, болашақта автокөліктерді газға арналған құрылғылармен жабдықтауды да қолға алмақшы. Бүгінде Ресей еліндегі кәсіпорындармен келіссөз жүргізіліп жатыр екен.

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2016 г. 829 0