ҚҰРАҚ КӨРПЕ, ҚҰС ЖАСТЫҚ

ҚҰРАҚ КӨРПЕ, ҚҰС ЖАСТЫҚЖуырда Жалағаш ауданының 41 тұрғыны «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ-ның әлеуметтік бастамасы арқылы «Демеу» гранттарына ие болған еді. Қайтарымсыз несиелер халықтың әлеуметтік тұрғыдағы әлсіз топтарына, көпбалалы аналарға, жұмыссыздар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Несиеге ие болған жанның бірі – Орынбек Шаймағанбетов. Тағдырдың жазуымен қос аяғынан айырылып, арбаға таңылған І топ мүгедегі еті тірілігінің арқасында тіршілік етіп жатқан кәсіпкердің бірі. Мүгедектікке ұшырап, үйде отырғалы бері ол анасынан қалған ескі тігін машинасымен ескі көйлектерді тігіп, құрақ құрауды үйренген. Бүгінгі күні құрақ көрпелер, көрпешелер, ұзатылатын қыздың жасауларын тігіп, тапсырыстарды орындап келеді.

Орынбектің сенімді серігі де, күнкөріс көзі де осы тігін машинасы. Әр бұйымға ол бар өнері мен күш-жігерін сарп етеді. Сондықтан болар шебердің қолынан шыққан туындыны аттай қалап әкететіндер көп. Тігінші қыз жасауын 9 көрпе сы­ятын қоржынымен, көрпе, көрпеше, қоржын, жастық, шымылдық, бесік жапқыш, перде және сырмақ киіздерге тапсырыс қабылдаймын деп талаптанып жатыр. Ал отағасының зайыбы Жеңісгүл Баймұратова да қол қусырып отырған жоқ. Өзі өсіретін бөлме гүлдері шаңырақтағы үйлесімнің ұйытқысы ғана емес, табыс көзі де.

Енді кәсіпкер қайтарымсыз грантқа тігін цехын ашып, жаңадан құралдар алып, бизнесін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бір жағынан құрақ көрпе тігумен ғана шектелмей, болашақта шағын жылыжай салып, гүл өсіруді де ойластыруда. Яғни, зайыбының сүйікті ісін де өміршеңді жобаға айналдырмақ.

Жалағаш ауданының тағы бір тұрғыны Әлимаш Нұржан кәсібін наубайхана ашудан бастауға бел буынды. «Демеу» гранты арқылы аудан орталығында нан пісіріп, кондитерлік өнімдерді саудалауды ойластырып отыр. Бүгінде жұмысқа кірісіп кетті. Наубайхана арқылы 2-3 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қаңтар 2016 г. 2 488 0