« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шөбі шүйгін, құдығының суы тұщы Қызылқұмның жайлауы қайбір жылдары мыңғырған малдан ада болып, жетімсіреп қалғандай еді. Төскейді толтырған түлік бартердің бұйдасында кеткен тоқсаныншы жылдардың осындай көрінісін ел әлі ұмыта қойған жоқ.
Уақыты туған сәтте мемлекет мал шаруашылығына қайта мойын бұрды, жайылымдарды игеруді қолға алды. Бағытты бағдарламалар қабылдады. Осы оң игіліктің әсері болар, Сыр өңірінде мал шаруашылығы қайта түледі. Әсіресе, Жаңақорған ауданы төрт түлікті түгел өрістетіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өткен Қой жылының көктем айында мал шаруашылығы мамандарының облыстық слетін өткізді. Малсақ қазаққа жарасымды мереке. Жуырда жолымыз бір қиырдағы Қашқанкөлге түсе қалғаны. Мұнда киелі кәсіптен қол үзбеген үлкен отбасы бар. Кешегі қым-қуыт кездері таршылыққа мойымай, бір бас малды екі бас етіп, қойды өз төлінен көбейтіп алғандардың бірі – Әлібековтер отбасы. Отағасы Әбсадық, оның бейнеткеш жары Рысқал алыстан ойлайтындардың қатарынан екен. Екі мыңыншы жылдарғы қатал қыстарда түн ортасында ұйқы көрмей, туылған қозылардың аузын үрлеп, жылы кепеге тасып жүретін ерлі- зайыптылар мінекей, бұл күндері қой-ешкісінің санын бір отардан асырды. Қазір аудандағы белді шаруашылық ретінде қалыптасқан «Әлібек» шаруа қожалығы уақ малмен қатар ірі қара мен жылқының да басын молайтты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген аталы сөздің мерейі осы да. Жастары сексенді алқымдап қалған қариялар тізгінді бұл күндері кенже баласы Мақсатқа берген. Ол келіншегі Бибігүл екеуі ата жолын сәтімен жалғастырып, лайықты алып келеді.
– Мал қыстатуды ауылдан жиырма бес шақырым жердегі қыстауымыз «Тұрыста» өткізіп жатырмыз. Төл алу науқаны – «Қызыл шалыда» атқарылады. Биылғы қыс оншалықты қатал емес, жауын-шашын мол болғандықтан шөп жұмсақ, мал тойымды. Оның үстіне қысқа қажетті мал азығын да жетерліктей етіп қора басына жинап алғанбыз, – дейді шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Әбсадықұлы бізбен әңгімесінде. Айтса айтқандай, ұжымда МТЗ-80, ДТ-75 тракторлары бар. Қажетті орақ, тырма, шөп тайлаушы секілді құрал-жабдықтары да жетерлік. Болса да тасымал көліктерінен қам жоқ. Шаруашылық малы үшін құнарлы мал азығын дайындайтын егістік алқаптары да күтімде.
Қыстау басындағы мал күтімінде Бақыт Төлеубеков, АманқызНақыпбекова, олардың балалары Думан мен Ынтымақ аянбай еңбек етіп жүр. Ауызбірлік пен түсінісе еңбек еткен жерде береке де болады, молшылық та серік екендігі бесенеден белгілі. Айлық жалақылары уақытылы, азық-түлікпен қамтамасыз етілген.
Еңбектің көзін тапқан, бақыттың өзін табады. Мақсаттың келіншегі Бибігүл де бір тынбайды, ауыл маңындағы сауын сиырларды бір өзі сауып, айранын ұйытып, құрт қайнатады. Қыс ауасы демей, оны кептіріп алатын жайы да дайын. «Сенің қолың қимылдаса, аузың қимылдайды» деген қазақы сөздің нақты түсіндірмесі.
– Қарағым, – дейді шаңырақ иесі Әбекең қария, – «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», деп әкелеріміз айтушы еді, сол күйді біз де кешіп отырмыз. Шүкіршілік, балалар істі жалғастырып алып кетті. Қаладағы балаларым Бақыт пен Марат, осындағы Бейсенбай бәрі де керек кезінде қолқабыс жасайды. Біз кемпір екеуміз, жиын-тойлардан қалмай қыдырыстап, үйде болсақ, теледидар көріп, газет оқимыз. Облыстық «Сыр бойы» басылымы келгенше асығып отырамыз.
Иә, мал қыстатумен тыңғылықты айналысып отырған «Әлібек» шаруа қожалығы ертеңгі төл алудың нәтижелі болуын ойластыра жұмыс ұйымдастыруда. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, еңбектің азабын көрген, оның ғажабын да тата біледі деген емес пе?!
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы,
Қашқанкөл елді мекені.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |