ЖЕМІСТІ ЕҢБЕККЕ – ЖЫЛ ҮЗДІГІ

ЖЕМІСТІ ЕҢБЕККЕ – ЖЫЛ ҮЗДІГІСенбі күні облысымызда жыл қорытындысы бойынша әр салада жемісті еңбек еткен, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі» номинациясы табысталды.

Салтанатты жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұртшылықты табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өңіріміздің жетістіктері мен алдағы міндеттеріне тоқталды.

– Өткен жылға өкпеміз жоқ. 2015 жыл Сыр елі үшін табысты болды. Жаңадан 11 мыңнан аса жұмыс орнын аштық. Оның 8 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орны. Төрт аудан орталығына көгілдір отын жеткізілді. Келер жылы қалған үш аудан газдандырылады. Елді мекендердің 71 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Қызылорда қаласы таза жерасты ауыз суына көшті. Әлеуметтік нысандар салынды. Қазір аймақта үш ауысымда білім беретін мектептер жойылды. «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын аяқтап, қызылордалық балғындарды балабақшамен 100 пайыз қамтыдық. Ендігі алда тұрған міндет – ол 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндерді балабақшамен қамту. ҰБТ нәтижесі де көңіл қуантарлық. Сыр өңірі 13-орыннан алдыңғы бестікке көтерілді. Ауыл шаруашылығы саласында да жағымды жаңалық жетерлік. Сыр диқандары күріштен рекордтық өнім жинап, мол қуанышқа кенелді. Алдағы жылы облыс буферлік аймақтан шығып, ет өнімдерін экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Экономиканы әртараптандыру бағытындағы бастамалар аймағымызда қызу қарқынмен жүргізілуде. Өңдеу өнеркәсібі соңғы үш жыл ішінде 4 есеге өсті. Құрылыс көлемі 3,5 есе артты. Қызылорда қаласында құрылыс көлемі 8 есе өсті. Осының бәрі Сыр халқының ақ ниетпен жасаған еңбегінің және бірлігінің нәтижесі. Ғаламдық дағдарысқа мойымай, 2016 жылы да қызылордалықтар қажырлы қызмет қылып, Тәуелсіз елімізге, Елбасымызға тірек боларына сенімдімін. Жаңа жылда жақсылық, табыс мол болсын! – деген облыс әкімі жемісті еңбек еткен азаматтарды марапаттады.

Жыл үздіктері атанғандар арасында журналист, спортшы, мұғалім, дәрігер, құрылысшы секілді сала мамандары бар. Осындай құрметке бөленгендер қатарында Александр Зайчиков («Жыл спортшысы»), Асхат Кенімбаев («Озат шопан»), Бауыржан Халданов («Жыл құтқарушысы»), Толқын Қабылша («Үздік журналист»), Мінәжадин Өтеев («Жыл меценаты»), Мырзахмет Жуасбаев («Жылдың үздік энергетигі»), Расул Ысқақов («Жылдың үздік құрылысшысы»), Жалғасбай Оразұлы («Жыл мұнайшысы»), Ринат Тимербулатов («Үздік теміржолшы»), Кеулімжай Ботабаев («Мәдениет майталманы»), Бибігүл Әбдірасылова («Жыл ұстазы»), Гүлнәр Қазбекова («Үздік әлеуметтік қызметкер») және тағы басқа да азаматтар болды.

Марапат иелеріне арнайы дипломдар табыс етіліп, сый-сияпат көрсетілді.

– Өткен жылы мен жақсы жетістіктерге жеттім. Әлем чемпионы атандым. Бүгінгі марапатты халықтың ықыласы деп қабылдап отырмын. Сондықтан болашақта да Қазақстанның, Сыр елінің мерейін өсіріп, көк туымызды желбіретемін деген үмітім зор, – деді зілтемірші Александр Зайчиков.

Салтанатты жиында өнер ұжымдарының мерекелік бағдарламасы сахнаның көркін келтіріп, жиналғандар мерекелік көңіл күймен тарқасты.

 

Дәурен ОМАРОВ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 желтоксан 2015 г. 1 386 0