АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ АЙШЫҚТЫ ЖЫЛЫ

АЙМАҚ ДАМУЫНЫҢ АЙШЫҚТЫ ЖЫЛЫКеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев брифинг өткізіп, республикалық БАҚ өкілдеріне облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы кеңінен айтты. Брифинг соңында аймақ басшысы журналистер сауалына жауап берді.

Жылдың қорытындысын шығарып, көпшілік алдында есеп берудің реті жаңа жылдың қарсаңына келді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

2015 жыл кім үшін де ерекше кезең болды. Мұнай бағасы күрт төмендеп, үйреншікті экономикалық орта адам танымастай өзгерді. Негізінен мұнай өндірісіне арқа сүйейтін Сыр өңірі үшін бұл оңай болмады.

Мұнай өндіруші кәсіпорындар шығындары мен инвестицияларын барынша қысқартты, соның салдарынан мұнай саласына қызмет көрсететін мекемелер күйзеліске ұшырады.

Біз тиісті шаралар қабылдап, қалыптасқан жағдайдың экономика мен әлеуметтік салаға деген кері әсерін мейілінше азайтуға тырысудамыз. Сөйте тұра, сыртқы экономикалық ортаның бұрынғы қалыпқа келуі енді екіталай екендігін түсінеміз. Сауд Арабиясының мұнай министрі айтқандай, тас ғасыры тас таусылғандықтан аяқталған жоқ, сол секілді мұнай дәуірі де мұнай таусылғандықтан бітпейді.

Елбасының сөзімен айтқанда – "Жаңа уақыт туды, жаңа жағдай қалыптасты... Соған сәйкес батыл қимылдап, экономиканы жаңа арнаға түсіретін уақыт келді”.

Қалыптасқан жағдайда экономиканы әртараптандыру – біз үшін жай ғана басымдық емес, өмірлік маңызы бар міндетке айналды.

Әлбетте, әлем мен ел экономикасындағы өзгерістер біздің де жоспарларға түзетулер енгізуде. Алайда, жоспарымыздың жалпы бағыты өзгермейді, біздің стратегиялық мақсаттарымыздың дұрыстығын уақыттың өзі растап берді.

Сонымен үстіміздегі жылы өңірде қандай маңызды өзгерістер болды? Брифингтің алғысөзін мен индустриялдық және инвестициялық жобаларға қатысты мәселеден бастағым келеді. Бүгінгі таңда қалыптасып отырған ерекше кезеңнің шақыруына біздің экономиканы әртараптандыру бағытындағы белсенді жұмыспен ғана жауап беретініміз айқындалып отыр. Бұл біздің дағдарысқа қарсы жауабымыз болып табылады. Сондықтан біз осыған дейін осы жерде айтылған жобалардың бірде-біреуінен бас тартқанымыз жоқ. Экономикада қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан олардың бірде-біреуі тоқтатылмады.

2014 жылдың қыркүйегінен өнеркәсіп секторында өсім жағдайы сақталып отыр. Мемлекет басшысы он жыл ішінде бұл саладағы еңбек өнімділігін екі есеге арттыру міндетін қойған еді. Біз соңғы үш жыл ішінде оның деңгейін 4,5 есеге өсіруге қол жеткіздік. Бұл көрсеткіш өсімі елімізде орташа 44 пайызды құрайды. Бәлкім, сіздер белгілі бір түйткілі бар шыны зауытының тағдыры туралы естігілеріңіз келетін шығар деп ойлаймын.

Ол салынып жатыр! Жоба "Бәйтерек” холдингі мен "Қазақстанның инвестициялық қоры” және Американың "StewartEngineers” компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жыл сайын зауыт 197 мың тонна шыны шығаратын болады. Бұл тек қана ғимараттарға арналған жай шыны табақша емес, жылтыратылған, энергия сақтағыш, берік және оқшауланған шыны мен айналар шығарылады. Өндіріске қажетті шикізаттың 95 пайызы – кварц құмы, доломит, әк тасы облыста өндіріледі.

Кез келген шыны түрінің өндірісіне қажетті компонент – калцийленген сода біздің облыста – Арал қаласында "Аралтұз” акционерлік қоғамымен бірлесіп шығарылатын болады. Оның техникалық-экономикалық жобасы дайын. Қазір Қазақстанның даму банкін жобаға тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Аймақта ванадийдің, мыстың, сирек кездесетін жер­асты металдарының болуына байланысты біз металлургия кәсіпорындарын құру жөніндегі жұмыстарды бастадық. Іс жүзінде жоғары технологиялық, қазіргі металлургия біздің облыстағы мұнай үшін бәсекеге түсе алатын шынайы балама бола алады деп ойлаймын. Бұл үшін бізде едәуір алғышарттар қалыптасты. «Шалқия» қорғасын, мырыш кенішіндегі қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. 2016 жылы кен байыту комбинатының құрылысы бойынша жобалау құжаттары дайындалып, құрылысты бастау көзделіп отыр.

2017 жылдың алғашқы кезеңінен бастап кен байыту комбинаты жылына 2 млн тоннаға дейін кенді өндіріп, қайта өңдейтін болады. 2019 жылы өңдеу көлемі 4 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Кен байыту комбинатының өнімдері – мырыш концентраты (жылына 112 мың тонна) және қорғасынның концентраты (жылына 29 мың тонна) металлургия өнеркәсібінде кеңінен пайдаланылады. Бұл өндірістің болашағы зор. Мырыш әлемде мыс пен қалайыдан кейін жиі қолданылатын түсті металдардың қатарына жатады. Олар әдетте фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, машина жасау салаларында пайдаланылады. Тіпті оны ақша банкноттарын шығаруға пайдалануға болады.

Біз немістің "ІСМD” (АйСиМДи) компаниясымен Қызылорда қаласында арнайы және кешенді қорытпалар өндіретін ферроқорытпа зауытын салу жөніндегі келісімге келдік. Жобалау құжаттары жасалды. Инфрақұрылым жүргізілді. Кәсіпорын жылына 160 мың тонна мыс қорытпасын (ферросилиций) шығарады. Ферросилиций болатты қорыту кезінде оның беріктігін нығайтатын қорытпа болып табылады. Қызылордадағы зауыт академик Әбдірасіл Жәрменовтің басшылығындағы "Ұлттық минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі орталықтың” қазақстандық ғалымдарының жасаған инновациялық технологиясымен жұмыс істейтін болады. Ферросилиций өндіру үшін жергілікті жердің арзан шикізаты – кварц құмы, ал кокстың орнына күріш қауызы мен сабаны пайдаланылады.

Бұл мыссыз көмірсутегін алуға мүмкіндік береді, нәтижесінде мысы аз ферросилиций алынады, бұл металлургияда жоғары сұранысқа ие өнім. Бұл тұрғыда біздің неміс әріптестеріміз зауыт шығарған барлық өнімдерді өткізуге кепілдік беріп отыр. Өндіріс энергияны көп қажет ететіндіктен жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде қуаты 150 мвт газ-турбиналық электр стансасы салынатын болады.

«Баласауысқандық» кен орнын игеру бойынша жұмыстар жалғас­тырылатын болады. Ванадий өндірісінің тәжірибелік өнеркәсіптік жобасы аяқталып келеді, жуырда өнеркәсіптік өндіру басталады.

Өңірде уранның едәуір қорының болуы "Қазатомөндіріс” Ұлттық компаниясының облыс төңірегіндегі жұмыс ауқымын кеңейтуіне мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде "Қазатомөндірістің” Алматыда орналасқан төрт еншілес компаниясының бас офистері Қызылордаға қоныс аударды.

Үстіміздегі жылдың 11 желтоқсанында Мемлекет басшысы өт­кізген жалпыұлттық телекөпірде Қызылорда қаласындағы «Үй құры­лысы комбинатының» ашылу рәсімі өтті. Алдағы жылдың көктемінде Қытай әріптестерімен бірге тампонаждық цемент өндіретін зауыттың құрылысы басталады. Ол мұнай-газ және уран өнеркәсібінде бұрғылау кезінде бұрғыларды жер­асты су­ларының ылғалынан қорғау үшін пайдаланылады. Оны сондай-ақ жалпықұрылыстық материал ретінде пайдалануға болады. Бұл жалпы алғанда сұйыққұйма секілді, ол ұңғымаға айдалып, ұсақ саңылаулардың өзін бітеп, баяу қатып қалады. Осылайша цементтің бұл түрін пайдалана отырып, біз бұрғыларды цементтеудің сапасын арттырамыз және оны пайдалану мерзімін ұзартамыз.

Сондай-ақ өңірде асфальт-бетон және силикат кірпішін шығару зауыттары жобалары бойынша жұмыстар істелуде.

Біз құрылыс материалдарын шығаруға мән берумен қатар тұрғын үй құрылысын дамытуға да айрықша назар аударып отырмыз. Биылдың өзінде өткен жылдың тиісті кезеңімен салыс­тырғанда тұрғын үй бір жарым есе артық іске қосылды. Мемлекеттік қаржының есебінен ғана оның көлемі 3 еседен астам өсті. Бұл қарқынды келесі жылы да сақтап қалатын боламыз. Бұл тұрғыда "Қазақстанның ипотекалық компаниясы” және "Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қорымен белсенді жұмыс атқарылды.

 

Жергілікті жерден өндірілген құрылыс материалдары өнеркәсіп нысандарын салуға да аса қажет екенін мен айтып өттім. Облыс орталығының сол жаға­лауын игеру жұмыстары басталады. Халықаралық қаржы институттарымен бірге инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылатын болады.

Қармақшы ауданында Байқоңырға жуық маңда полипропилен өндіретін зауыт құрылысы салынады. Жоспар бойынша 2019 жылы кәсіпорын алғашқы 42 мың тонна полипропилен, 46 мың тонна пропан және 25 мың тонна бутан-бутелен фракциясын шығаратын болады. Бұл өнім экспортқа шығарылады. Сондай-ақ кәсіпорын бензин, дизель отын, авиакеросин және қазандық отын шығарады. Олардың барлығы ішкі рынокта тұтынылатын болады.

Машина жасау зауытының жобасы бойынша жұмыстар жалғасын табады.Жобалау-техникалық құжаттары дайын. Бұл жоба негізінде "Қазақстан теміржолы” кәсіпорындарына арналған қосалқы бөлшектер мен жоғары технологиялы жабдықтар және қондырғылар шығарылатын болады. Ал "Қазатомөндіріс” үшін агрегаттар, бөлшектер стандартты емес жабдықтар шығарылады. Сондай-ақ оның өнімдерін агроөнеркәсіптік, мұнай, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары пайдаланатын болады.

Біз үшін ауыл шаруашылығы маңызды саланың бірі болып қала бермек. Басым бағыт орташа және ірі шаруашылықтарға берілетін болады. Кәсіпкерлер палатасымен, аумақтық инвестиция орталығымен, ауыл шаруашылығы кооперативтері және сервистік дайындау орталықтарын ұйым­дастырудың кешенді шаралары жүзеге асырылатын болады.

Ендігі жерде субсидиялау инвести­циялық шығындарды жабуға, яғни техникалар жаңартуға, күрделі құрылыс шығындарын өтеуге ғана бағытталады.

Күріш кластерін дамыту шеңберінде қайта өңдеу өндірістерін модернизациялау жұмыстары жалғастырылады. Келесі жылы өзіндік тұқым базасын қалыптастыру үшін күріштің элиталық, жоғары өнімді тұқымдары сатып алынады. Бұл алдағы жылдары астық тиімділігін арттырып, оның өнімділігін гектарына 60 центнерге жеткізуге мүмкіндік береді.

Биылғы жылы біз күріштен жоғары өнімді қамтамасыз еттік.

Жалпы көлемі 423 мың тонна күріш жиналды. Әр гектарынан 50 центнерден өнім алынды. Осы егістік алқабынан 500 мың тоннадан астам күріш алуға мүмкіндік бар.

Етті мал шаруашылығын дамыту аясында келер жылы 50 мың бас қой­ға арналған бордақылау базасын жа­сақ­таймыз. Сыйымдылығы бес мың бас ірі қараны қамтитын бордақылау кешенінің құрылысы аяқталады. Жылына 7 мың тонна қозы етін өндіретін ет комбинатын салуды бастаймыз.

Мал шаруашылығының қарқынды дамуы жем-шөп базасына байланысты болғандықтан осы бағыттағы өнімдерді өсіруге баса мән беріледі.

Бүгінгідей дағдарыс жағдайында кәсіпкерлікті дамытуға қосымша шаралар қажеттігі белгілі.

Әсіресе, қазіргі кезең жағдайы аяғынан тұрып болмаған кәсіпкерлер үшін көп кедергі тудырып отырғаны белгілі.

Осы орайда Президент бастамасымен дер уақытында жаңадан жасақталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасының маңызы ерекше. Ол бізге шағын несиелеу тәжірибесін жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр (2015 жылы 720 млн, 2016 жылы 420 млн теңге).

Біз «Аймақтық инвестициялық қор» құрдық және ол шағын бизнесті несие­лендіруді бастап кетті. Аймақ кәсіпкерлеріне өз ісін кеңейтуге мүмкіндік беретін жобада облыстық бюджеттің (360 млн. теңге), Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасының (300 млн. теңге) және екінші деңгейлі банктің («Казкоммерцбанк» 100 млн. теңге) үлесі бар.

«Даму» қорының бағдарламалары да біздің бірлескен жұмыстарымыздың жүйелі іске асуына мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, келер жылы шағын кәсіпкерлікті қолдауға облыс бюджетінен 500 млн, ал «Даму» қорынан 1 млрд теңге бөлінеді.

Осылайша біз алдағы жылы шағын кәсіпкерлікке бөлінетін қаржыны 3 есе (кем дегенде 2,7 млрд теңгеге дейін) ұлғайта аламыз.

Осындай қолдау таныта тұра біз несие алушының жауапкершілігін ең бірінші орынға қоямыз. Мысалы, мал сатып алуға алған несиесін туысының тойына жаратып жіберген адамның құжаттарын бірінші несиелік бюроға жібереміз. Бұл әлгі адам екінші қайтара еліміздің ешбір аумағынан немесе банктерден несие ала алмайды деген сөз.

Керісінше, несиесін уақытылы қайтар­ғандар келесі жолы көбірек қаржыға қол жеткізе алады, мысалы, 3 млн-ның орнына 5 млн теңге ала алады.

Өткен жылы облысты газдандыру жұмыстары басталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» 7 аудан орталығының төртеуінде автоматтандырылған газ тарату стансалары мен кварталішілік газ құбырларының құрылысын жүргізді. Байқоңыр қаласына газ тарту жұмыстары жақын арада аяқталады. Ендігі кезекте қалған 3 аудан орталығы мен ірі елді мекендерге газ жеткізу міндеті тұр.

Бюджет тапшылығы инфрақұрылымды жетілдіру мен әлеуметтік дамуды шек­тейтіндігі түсінікті. Тығырықтан шығатын бір ғана жол – халықаралық қаржы ұйым­дарынан инвестиция тарту мен мем­лекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту.

Облыста жалпы құны 333 млрд болатын осындай 31 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Біз бұл жұмыстарды бүгін ғана бас­таған жоқпыз. Сондықтан көптеген жобалар бойынша жасалған жұмыстар соңына таяп келеді.

Халықаралық қаржы ұйымдары есебінен біз облыс орталығындағы су, жылу, электрмен жабдықтау салаларын жаңғырту, кеңейту жұмыстарын бастадық. Бұл ретте бізге түрлі гранттар бөлу арқылы Үкімет жеткілікті қолдау танытып отыр.

Осылармен қатар көше жарықтарын, автобус паркі мен газ құю стансаларын модернизациялау, қатты және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салу, автобустар сатып алу секілді жұмыстар да қалыпты деңгейде жүріп жатыр.

Қала инфрақұрылымын дамытуды дарияның сол жағалауын игеру мәселесінен бөліп қарауға болмайды. Қызылорда қаласының дарияның сол жағалауынан салынатын бөлігінде 150 мыңнан астам тұрғын тұрады деп жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны Азия даму банкі қаржылай қолдап отыр.

Бюджет есебінен жүзеге асырылған жобалар арасында облыс орталығы тұрғын­дарының өмір сапасын жақсартатын мына бастаманы бөле - жара айта кеткеніміз орынды болар.

Өткен брифингтерде мен облыс орта­лығындағы ауыз су сапасының сын көтер­мейтіндігін айтып, оны «гербицидті шырын» деп атағаным естеріңізде шығар. Жағ­дай шынымен де солай еді, қалалық су жүйесіне Сырдария арнасынан тікелей түсетін су көршілес Өзбекстандағы мақталық аймақтардың бар улы қалдықтарын ала келетін.

Сол кезеңде (2013 жылы) біз орасан қоры бар «Қызылжарма» жерасты су қоймасын зерттеуді бастаған едік. Жуырда осы жобаның соңғы нүктесі қойылды. Барлығы 57 ұңғыма бұрғыланып, қала халқы түгелдей таза ауыз суға қол жеткізді.

Енді «Қазсушаруашылығы» және «Ислам даму банкімен» бірлесе отырып облыс орталығын аяқ сумен қамтудың жобасын жасауға кірістік.

Жоба Қызылорда қаласындағы аяқ су мәселесімен қатар жалпы облыстағы ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіруге арналып отыр.

Кешегі кеңестік кезеңде Қызылорда облысындағы суландыру жүйесі 260 мың гектардан асып, Қазақстандағы ең ірі көлемді құрайтын. Бүгінде 230 мың гектар шамасында. Әзірше екі жобаны бастадық. Олар толық аяқталғанда 97 мың гектар жердің ирригациялық-дренаждық жүйелері толық жаңғыртылады.

Арал өңірі климаты жағдайында ең бас­ты құндылық – су. Сусыз тіршілік жоқ, болашақ – бұлыңғыр.

Сондықтан да бүгінгі дағдарыс кезеңіне қарамай Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасының екінші кезеңі туралы келісімді тоқтатпаған Елбасына айтар алғысымыз шексіз.

«Еуропалық қайта құру және даму банкі» қаржысына Қазалы ауданы орталығынан 35 МВт қуаты бар газ­­турбиналық жылу электр стансасын салу жобасын қолға аламыз. Жоба толық жүзеге асқанда Қазалы ауданы орта­лығындағы жылу мен жарық мәселесі толығымен шешіліп, қатар жатқан екі ауданды электр энергиясымен қамтамасыз ететін болады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ая­сында біз Сырдария ауданындағы су желі­лерін жаңғырту арқылы халықты таза ауыз сумен толық қамту жобасын бастаймыз.

Қызылорда әуежайындағы жолаушылар терминалы құрылысы концессиялық негізде жалғасын табады.

Аймақтағы апатты мектептер мәселесін шешуге жеке инвесторларды тарту жоспарымызда бар. Осындай 36 мектептің 25-ін біз бюджет есебінен салдық. Ал қазіргі жағдай қалған 14 мектептің құрылысын салуды көтермейтіндігі белгілі. Сондықтан бұл мәселені МЖӘ аясында шешеміз.

Сондай-ақ, облыс орталығында 600 орындық кәсіптік-техникалық лицей мен ауысымына 500 адамды қабылдайтын емхана салу жөнінде«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүргізу орталығымен» бірлескен жобамыз бар.

Жоспарлағанымыздай біз биыл «Балапан» бағдарламасын мерзімінен бұрын орындап шықтық. Облыстағы балабақшалардың 60 пайызы (680-нің 400-і) жекенің үлесінде. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің нақты көрінісі. Мемлекет әр балаға тиісті қаржыны бөледі, ал бизнес барлық талапты сақтай отырып балаға қажетті жағдай жасайды. Осылайша бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылады, ал олардың аналары жұмысқа шығуға мүмкіндік алады.

Енді 3 жасқа дейінгі балалар үшін балабақшадағы орын тапшылығын жоюға баса көңіл бөлеміз.

Тағы 10 колледжде дуальды технологияны енгізуді жалғастырамыз. Осылайша 2017 жылы 32 мемлекеттік колледждің жиырмасы осы стандарт бойынша жұмыс жасайтын болады.

Елбасы Жолдауында 2017 жылдан бастап барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім беріле бастайтындығы жайлы айтылғанын бәріміз білеміз. Бұл жастарды жұмыспен қамтуға, жұмысшы мамандық мәртебесін қалыптастыруға, ұлттық экономиканыбүгінде ауадай қажет болып отырған кәсіби мамандармен қамтуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласындағы басты міндет – мамандардың біліктілігін көтеру болып отыр. Осы мақсатта 2015 жылы Қызылордадан С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің филиалы ашылды. Қазір 44 маман интернатурада дайындықтан өтіп жатыр. Келер жылы кәсіби дайындықтан өтетіндердің қатары 100-ге жетеді.

«А.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық-ғылыми орталығымен» әріптестік байланысымыз жалғасын табуда.

Көріп отырғандарыңыздай, дағ­дарысқа қарамастан Қызылорда облысы бірқалыпты дамып келеді. Әрине, біз қалағандай қарқында емес. Бірақ бір орында тоқтап қалған жоқпыз, алдыға қойған мақсатымызға сәт санап жақындап келеміз.

Ал Мемлекет басшысының Жолдауын­дағы нақты шаралар алдымыздағы қиын­дықты еңсерудегі басты бағдарымыз болады.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2015 г. 1 077 0