ЖАСЫЛ ШЫРША ЖАЙНАҒАН

ЖАСЫЛ ШЫРША ЖАЙНАҒАНБейсенбіде облыс орталығындағы «Empire» мейрамханасында оқуда озат, өнерлі, спортта топ жарып жүрген 200 жас жеткіншек Президенттің Жаңа жылдық шыршасын тамашалады.

Жаңа жыл – әр баланың асыға күтетін мерекесі. Бұл күні бала көңіл тәтті армандардың орындалатынына сенеді. Ал Президенттің шыршатойына қатысуды армандамайтын өрен жоқ шығар, сірә.

Дәстүрлі шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан балаларына арналған бейнеқұттықтауын тамашалаудан басталды.

– Бүгін байтақ еліміздің барлық өңірлерінде өнегелі, оқуда озат, өнерде алда жүрген балалар жаңажылдық шыршаның айналасына жиналды. Жаңа жыл ең алдымен балаларға қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сендерді, барша қазақстандық балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын.

Біздің Тәуелсіз еліміз жылдан жылға өркендеп келеді. Қазір дүние жүзі Қазақ елін құрметтейді. Айналайындар, сендер осындай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыңдар.Егемен еліміздің болашағы өздеріңмен байланысты. Сондықтан білімді, зерделі де зерек болыңдар. Сендердің білімді де парасатты азамат болуларың үшін елімізде барлық мүмкіндік бар,– деген Елбасы өрендерді оқуда озат, өнерде алда болуға шақырды және дендеріне саулық, мол бақыт тіледі.

Елбасының жылы лебізі, ақ тілегіне балғындар ризашылықтарын ду қол шапалақпен білдірді.

Осыдан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстың барлық аудандарынан келген жеткіншектерді Жаңа жылмен құттықтады.

– Ардақты балалар! Баршаңызды Елбасы, аталарыңыз – ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атынан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бүгінгі Президент шыршасына облысымыздың барлық ауданынан оқуда озат, спортта үздік, үлгілі оқушыларымыз қатысып отыр. Сондықтан сіздерді өткен 2015 жылғы жетістіктеріңізбен шын ниетіммен құттықтаймын! 2015 жылды Сыр елі үлкен табыспен аяқтап отыр. Күріштен рекордтық өнім алды, құрылыс салу, инвестиция тарту бойынша республикада алдыңғы қатардамыз. Мысалы, құрылыс облыс көлемінде 3,5 есеге өсті. Мұның барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалып жатқан игі істер. Халқымыздың асыл армандарын жүзеге асыратын сіздерсіздер, қадірлі жас достар. Біз алдымызға Мәңгілік ел болуды үлкен мақсат етіп қойып отырмыз. Осыған жету жолында біздің ұрпағымыз, яғни, сіздер терең білімді, ақылды, парасатты болуға тиіссіздер. Бұған елімізде барлық мүмкіндік жасалған. Ендеше әрдайым оқуда озат болып, үлгілі, өнегелі, отансүйгіш азамат болып өсіңіздер,– деді облыс әкімі.

Биылғы Жаңажылдық шырша мерекесі «Жібек жолының жаңа жылдық ертегісі» тақырыбында ұйымдастырылған. Жасыл шырша айналасында жеткіншектер Ұлы Жібек жолындағы елдердің әндерін әуелетіп, билерін биледі. Атап айтқанда, сырдариялық өнерлі балғындар түрік биін билесе, қазалылықтар испанша, аралдықтар иран биін, жаңақорғандық жасөспірімдер өзбек биін мың бұрала биледі. Сонымен бірге Аяз ата мен Ақшақар, Тазша бала мереке мазмұнын байыта түсті. Ескі жылдың иесі Қойды ризашылықпен шығарып салған балғындар жаңа жыл иесі – Мешінді қарсы алды.

Шырша тойында балаларға Елбасы атынан ноутбук сыйға тартылды, тіл үйірер тәтті торт үлестірілді.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2015 г. 1 231 0