ЭНЕРГЕТИКАҒА ҮЙЛЕСІМДІ ҚЫЗМЕТ ҚАЖЕТ

ЭНЕРГЕТИКАҒА ҮЙЛЕСІМДІ ҚЫЗМЕТ ҚАЖЕТСейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен мәжілісте аймақ энергетикасын дамыту және саладағы бірқатар мәселелер сөз болды.

Алдымен аймақ басшысы энергетиктерге құттықтау лебізін жеткізді.

– Энергетика қашанда әлеу­меттік сала мен индустрияны алға жылжытушы күш, әрі экономиканың негізгі діңгегі болып саналады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында энергетика саласын дамыту қажеттігін айрықша атап өткен болатын. Экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, алға қойған жоспарларымыздың барлығы аймақтың энергетика саласын дамытуды қажет етеді. Сондықтан соңғы үлгідегі кернеулігі жоғары электр стансасын салып, күн мен жел қуатын пайдаланужоспарларын міндетті түрде іске асыруымыз керек. Себебі өңірді дамыту үшін энергетиканы дамытуға мүдделіміз. Сіздер аймағымыздың айбынын арттырып, сымбатына сән қосып, өңіріміздің өсіп-өркендеуіне серпін беретін өндіріс саласына орасан зор үлес қосып келесіздер. Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға ынтымақ пен бірлік, қызметтеріңізге абырой мен ел ризашылығын тілеймін, – деп, сала мамандарының мерейін асқақтата түсті. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарды «Еңбек сіңірген энер­гетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілерімен және облыс әкі­мінің алғыс хатымен марапаттады.

Одан әрі сөз алған облыстық энер­­гетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық бас­қар­­­­­ма­­сының басшысы Ержан Әб­­­­ді­­­­қалықов қаладағы «Қызыл­орда­жылуэлектрорталығы» МКК мен Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі «Қазалы-Теміржолжылу» МКК-н біріктіру барысын баяндады. Айтуынша, аталмыш кәсіпорындар облыстық коммуналдық мүлік дең­гейіне берілген. Соған сай не­гізгі қондырғыларды қабылдау мақ­сатында арнайы комиссия құрылып, алыс-беріс актілері жасалуда.

Басқарма басшысы бұдан өзге 2015-2016 жылдардағы жылу маусымының өту барысы мен кәсіпорындар арасындағы коммуналдық қарыздарды азайту мәселелерін ортаға салды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар штаттық режимде жүргізіліп жатқандығын айтқан Ержан Әбдіқалықов бірқатар мәселелерді жеткізді.

– Энергетикалық қадаға­лау және бақылау аумақтық депар­таментінің мәліметіне сәйкес 15-30 қазан аралығында жекелеген ЭСО-лар тарапынан өтінім берілген электр қуатынан артық пайдалану бойынша 26 бұзушылық факті анықталған. Осылайша, кешкі сағат 19-00-ден кейін электр энергиясын артық пайдалану әсерінен жүйелік оператормен (КЕГОК) бекітілген күнделікті электр кестесіне қосымша тапсырыс бермеу салдарынан бұзушылықтар орын алды. Мұндай фактілердің жиі қайталануы облысты электр энергиясымен қамтамасыз етуде үлкен мәселе туындатуы мүмкін, – деді ол. Бұл орайда «Энергосервис», «Шиелі жарығы», «Дәулетэнерго» ЖШС басшыларынан мән-жайды түсіндіруін сұраған аймақ басшысы оларды сын тезіне салды. Сонымен қатар жұмыстарына жауапкершілікпен қарауды қатаң тапсырды. Онан соң басқарма басшысы Ержан Әбдіқалықов көпшілік назарын коммуналдық қызметтерге қарыздары қордаланып қалған мекемелердің мәселесіне аударды.

– «Қызылорда жылуэлектр орталығы» МКК-ның «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы қарызы үстіміздегі жылдың 21 жел­тоқсанына 1 млрд теңгені құрады. Ал кәсіпорынға деген өзге коммуналдық мекеме қарыздары 798 млн теңгеден асады. Ал «ҚЭТТ» АҚ 671 млн теңге алашағын ала алмай жүр. Бұған сай арнайы қарыз­дарды өтеу кестесі жасалды. Дегенмен, төлем өз деңгейінде жүріп жатқан жоқ. Мәселен, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-на «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ жоспардағы 49 млн теңгенің 8 млн теңгесін ғана төлеген. Ал «Су жүйесі» МКК қараша-желтоқсан айларына 21 млн теңге аударуы керек болса, осы уақытқа дейін ешқандай қаржы бөлмей отыр, – деп күрмеуі қиын жайттың өзектілігін ортаға салды.

Жағдайдың бұлайша күрделену себебін коммуналдық мекеме басшыларынан сұраған Қырымбек Елеуұлы мәселені тез арада шешуді қатаң тапсырды. Жиын соңында тиісті тапсырмалар беріліп, бекітілген істі жауапкершілікпен атқару сала басшыларына жүктелді.

 

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 желтоксан 2015 г. 933 0