ҚОРЫТЫНДЫ КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ

ҚОРЫТЫНДЫ КӨҢІЛ ҚУАНТАДЫ"Сыр медиаЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орта­лығында Шиелі ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы­ның көрсеткіштері туралы бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.

Аудан әкімі ең алдымен бүгінгі әлемді шарпыған дағдарыстың күрделі сипатына қарамастан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап көрсетті. Атап айтқанда, 2015 жылға арналған аудандық бюджетке бірнеше рет өзгерістер енгізіліп, ол үстіміздегі жылдың 11 айының қорытындысымен 10,1млрд теңгеге немесе 27 пайызға артығымен орындалды.

Өңірде әсіресе өңдеу өнеркәсібінің өсімі біршама ұлғайды. Өңірлік индустрияландыру картасына жалпы құны 29,4 млрд теңгенің екі жобасы енгізілді. Оларды жүзеге асыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Олар негізінен құрылыс материалдары өнер­кәсібін қамтиды. Белгіленген жобаларға сәйкес кәсіпкерлерге қолға алған жұмыстарына қолдау ретінде инфрақұрылым нысандарын жүргізіп беру кеңінен жүргізілуде.

Ауыл шаруашылығы салаларында біршама оңды істер атқарылуда. Аудан басшысының атап өткеніндей, алдағы уақытта Шиелі кентінен өсімдік майын шығару зауытын салу жоспарлануда. Иран мемлекетімен жасалған меморандум негізінде мақсары егуге 10000 гектар жер бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, егін шаурашылығында суды көп қажет ететін дақылдар көлемін қысқарту есебінен көкөніс, картоп егістігінің көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Егістіктерде тамшылатып суару әдісі кеңінен қолданылатын болады.

Баспасөз мәслихатында құрылыс саласындағы оңды істер, "Ақбұлақ” бағдарламасы бойынша ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кең көлемде жүргізіліп жатқаны атап көрсетілді. Жобалық құны 4 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын елді мекендердің ауыз су жүйесін толықтай жаңғырту мен Жиделі топтық су құбырына қосу жұмыстары белгіленген мерзімге сәйкес игерілуде.

Аудан әкімі журналистердің бірқатар сауалдарына жауап беріп, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, жұмыссыздықтың зардабын жеңілдету, аудан орталығын газдандыру, сондай-ақ әлеуметтік-мәдени нысандарды салу мен жөндеу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Басқосуда, сондай-ақ, білім, әлеуметтік- мәдени, спорт салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы кеңінен қамтылды.

Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 желтоксан 2015 г. 949 0