« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел Тәуелсіздігінің 24 жылдығына орай Қармақшы, Жалағаш аудандарында жаңа жобалар іске қосылды. Осы аудандарға жасаған сапары аясында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жаңа нысандардың ашылуына қатысып, ел қуанышына ортақтасты.
Қармақшы ауданының орталығы – Жосалы кентінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қазақ елі» аллеясының ашылу салтанаты ұйымдастырылды.
– «Біз – Ұлы Даланың мұрагерлеріміз», – деп Ұлт көшбасшысы атап көрсеткендей, Ұлы Даланы дүбірлеткен бабаларымыздың ерлігі бәрімізді сөзсіз мақтаныш сезіміне бөлейді. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуіміз ең әуелі батыр бабаларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихынан тағылым алу үшін маңызды, – деді аймақ басшысы.
Атшаптырым жерді алып жатқан аллеядағы ескерткіштер ұлт тарихынан сыр шертеді. Қазақ хандығын қаласқан хандар, үш жүздің арда билері, қаһарман батырлар келбеті керемет бейнеленген. Сондай-ақ, тағдырдың жазуымен, тарихтың талқысымен қазақ жерін паналаған түрлі ұлт өкілдерінің шығармаларына арнайы тақта қойылған.
Салтанатты шарада жарты мыңжылдықтан астам тарихымыз театрландырылған қойылым арқылы көрсетілді. Өскелең ұрпақ жадында өткеніміз қайта жаңғыртылды. Кенттің архитектуралық келбетіне сән қосқан аллея енді қармақшылықтардың жан сергітер демалыс аймағына айналары сөзсіз.
Осы күні Ақтөбе ауылының тұрғындары да қуанышқа кенелді. Мұнда 300 орындық ауылдық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Салынғанына отыз жылға таяп қалған руханият үйі қайта жаңғыртудан өтіп, жаңа келбетке ие болды. Мыңдаған дана кітапханасы, ауылдың өзегінен сыр шертер мұражайы бар мәдениет үйінде бірнеше үйірмелер жұмыс істейді.
Осы күні Ақай ауылында жаңа білім ошағының ашылуы ел қуанышын еселей түсті. Байқоңырмен іргелес ауылда осыған дейін бір мектеп қана болатын. 320 орындық ескі мектептегі 800-ге жуық оқушының 600-і енді жаңа мектепте дәріс алатын болды. Халық санының өсуіне байланысты өткен жылы құрылысы басталған білім ұясы Тәуелсіздік күнінде пайдалануға беріліп, үздік оқушылар «Жас ұлан» ұйымының қатарына қабылданды.
Дәл осындай жаңа 300 орынды мектеп Жалағаш ауданының орталығында да ашылды. Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп – облыстағы алдыңғы қатарлы білім ошағы. Оқушылары жыл сайын жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрген оқу ордасының ғимараты әбден ескірген болатын. Осыны ескерген ел ағалары білімге құштар шәкірттерге Тәуелсіздік күнінде сый жасады.
– Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп өскен жеткіншектеріміз заман талабына сай білім алулары керек. Айта кетейін, 2013 жылы облыста 36 апатты мектеп бар болса, 2 жылда соның 23-ін жаңадан салып шықтық. Тағы екі мектептің құрылысы 2016 жылы аяқталады. Енді жөндеуді талап ететін 11 мектеп қалып тұр. Бұл мәселені біз мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы шешеміз. Келер жылы осы мектептердің құрылысын бастайтын боламыз. Осындай зәулім сарайдай мектепте білім алып жатқандарыңыз Тәуелсіздіктің арқасы, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жалпы облыста биыл 19 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жыл басынан бері 15 білім ошағы пайдалануға берілді. Тағы бірі жыл соңына дейін беріледі, ал қалған мектептердің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Қармақшы, Жалағаш аудандары.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |