ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ – “ДОСТЫҚ ҮЙІ”

ДОСТЫҚТЫҢ ДӘНЕКЕРІ – “ДОСТЫҚ ҮЙІ”Жексенбі күні Қызылорда қаласында "Достық үйі” салтанатты жағдайда ашылды.

Қазақстан халқы Ассамблея­сының 20 жылдығы аясындағы айтулы шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Анатолий Петренко қатысты.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылында Сыр өңірінде де толымды жұмыстар жүзеге асырылды. Облыстық Ассамблея хатшылығының үйлес­тіруімен этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған игілікті істер, сондай-ақ қайырымдылық шаралар ұйымдастырылған. Осы шараларға қатысқан 43 мың 700 адамның 36,5 мыңына 103 млн. 660 мың теңгенің көмегі жасалған.

«Достық үйінің» алдында мыңға жуық жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттерінің қатысуымен флеш-моб ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, аймақтың ҚХА мүшесі Ғалия Ғизатуллина ғимарат лентасын қиғаннан кейін, меймандарды ақ жаулықты әжелер шашу шашып, қарсы алды. Бұдан соң екінші қабатқа орналасқан конференц-залдағы көрме таныстырылды. Онда әр этностың ерекшелігін көрсететін бұйымдар қойылған.

Салтанатты жиында облыс әкімі Қ.Көшербаев жұртшылықты "Достық үйінің” ашылуымен құттықтап, Ассамблея жылында белсенділігімен көзге түскен бірқатар азаматтарды марапаттады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Байқоңыр қаласы әкім­шілі­гінің басшысы Анатолий Петренконың құттықтауларынан кейін мерекелік шара этномәдени орталықтар көркем­өнерпаздарының концертіне ұласты.

Бұрынғы Ы.Алтынсарин атын­дағы кинотеатр ғимаратын қайта жөндеуден өткізіп, "Достық үйіне” тарту еткен "Қыран” ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Жайсаң Сыздықов.

 

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 желтоксан 2015 г. 1 060 0