ТАҒЫ БІР КЕШЕН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

ТАҒЫ БІР КЕШЕН ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫСырдария ауданында жақын күндері тағы бір ауқымды кешен іске қосылмақ. Шаған ауылындағы 3000 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңының құрылыс жұмыстары бүгінде аяқталуға жақын.

Елімізде мал бордақылау алаңдарын кеңейту мақсатында «Шаған-Жер» ЖШС құны 1 миллиард 170 миллион теңге тұратын 3000 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу жобасын жуырда ғана қолға алған болатын. Құрылыс жұмыстары жыл аяғына дейін бітетін кешеннің инженерлік жүйеге келтірілген 750 гектар жері бар. Онда мал азығына қажетті жүгері, жоңышқа, бидай егіліп, жем-шөп қоры толықтырылып тұрады. Қазіргі таңда бекітілген стандартқа сай үлкен 3 қойма, әкімшілік ғимарат, мал- дәрігерлік пункт, су қоймасы және малды азықтандыратын, қамайтын қыстық, жаздық қоралар салынып бітті.

Жоба іске асқан кезде, өндірілген ет өнімдері Қызылорда, Байқоңыр, Алматы қалаларының нарығына шығарылып, көрші Ресей, Өзбекстанға экспортталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 100-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгінгі күні ауданда «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша құны 20 млн теңгені құрайтын 5 жоба екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендірілген. Аталмыш бағдарламаның «Өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тетігі бойынша 42 млн теңгеге Н.Ілиясов ауылындағы «Мағжан и К» серіктестігінің астық қырманына баратын ұзындығы 2,7 шақырым жол салынды. Ал облыстық «Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС аудан кәсіпкерлерінің құны 37,6 млн теңгені құрайтын 9 жобасын қаржыландырды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 желтоксан 2015 г. 808 0