КӨРПЕГЕ ҚАРАЙ КӨСІЛУ – КЕДЕЙЛІК ЕМЕС

КӨРПЕГЕ ҚАРАЙ КӨСІЛУ – КЕДЕЙЛІК ЕМЕСӨткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жария етті. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталған Жол­дау­да Елбасы дүниені дүрліктірген дағдарысты жеңудің жолын нұсқады.

Елбасы бюджет шығынын оңтайландыру үшін Үкіметке бағдарлама мен жоспарды қайта қарап, тиімсізін тоқтатуға пәрмен берді. Дағдарыс кезеңінде әр тиынды үнемдеуге тоқталып: «Жағдайға қарап өмір сүрейік. Соңғы жылдары мұнай мен экспорттың ақшасына мастанып кеттік. Бәріне тараттық. Енді мұны доғаратын кез келді» деп ескертті. Себебі, бюджетке түсетін түсім 20 пайызға азайып отыр. Сонымен бірге, Елбасы қажет қаржыны Ұлттық қордан алуға тыйым салынатынын қадап айтты. Ол бюджет шығынын қысқартуға мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдануды тапсырды.

Тіпті «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» сияқты ірі мемлекеттік холдингтер жабылуы да ықтимал. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев «Үкіметке жекешелендірудің жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын. Оған мемлекет меншігіндегі, соның ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро»-ның құрамындағы ұйым да кіреді. Жекешелендіруден кейін осы үш холдинг нақты іспен айналысатын шағын компанияға айналуы тиіс. Егер бітірген ісі болмаса, үшеуін де жабу керек» деп мәлімдеді. Елбасы мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл қайта құру қажеттігін айтты. Барлық тиімсіз салықтық жеңілдіктердің жойылғаны жөн деді. Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды деген Президент мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қарауды тапсырды.

Бұл Үкіметке, мемлекеттік органдарға қатысты айтқаны. Содан кейінгі сөзін ауқатты қазақстандықтарға, бизнесмендерге, іскер азаматтарға арнады.

Президент түрлі-түсті газетке шығып, елге мақтанатын бай мен кәсіпкерді тағы сынап, оларды жекешелендіруге белсене қатысуға үндеді. Осыған орай «Елдің арқасында ауқатты болдыңыздар! Жақсы газет бетіне шығып, миллионер, миллиардер болғандарыңды көрсеттіңдер! Құтты болсын! Бақытты болыңыздар! Енді ел алдында жауап беретін кездерің де келді. Салынған ақшаны Швейцарияның өзі ашып беретінін көріп отырсыңдар. Тек Қазақстанға әкелсеңдер, ешкім тиіспейді. Оны мемлекет қорғайды. Бұдан үш нәрсе жасайсыңдар: сатып алған нысаннан табыс табасыңдар, халыққа жұмыс бересіңдер, мемлекетке салық төлейсіңдер. Тек халықтың рахметін, ризашылығын аласыңдар», – деді. Елбасы сондай-ақ отандық киімді өзіміздің өндірушілерді қолдау үшін киетінін түсіндірді. Бай-бағландарға: «Шетелде миллиардер біздікі секілді көліктің үлкенін мінбейді, киімнің жарқырағанын кимейді. Әйелдері мойнына үлкен алтын тастарды тақпайды. Менің білуімше, Швейцарияда байлар қарапайым киім сатып алатын дүкен бар. Елдің көзіне түсіп, қызғандырмау үшін байлар жәй киім киеді. «Мынау байып кетті» демес үшін. Ал біздің байлар 4 қабатты үй салады, қазір соны не істерін білмей жүр. Біздің байдың көлігі де ең үлкені болуы керек. Егер де танк секілді автокөлік жасаса, қазақтың жігіттері соны да алар еді. Ал еуропалықтар кіп-кішкентай мәшине мінеді. Біз де бай болуды үйренуіміз керек. Бірақ ешкімге байлық та, мансап та бақыт әкелмейді. Тапқан табысыңды жаратып, елге әкеліп, ризалығын алсаң, сонда ғана бақытты боласың!» деді.

Жолдау бәрімізге ой салуы тиіс. Жергілікті кәсіпкерлер, тапқан табысына тойхана сала бермей, ел кәдесіне жаратар бұйымдар немесе азық-түлік өнімдерін шығаратын шағын цехтар ашуға бет бұрғаны абзал. Талай жылдан бері мұнай компанияларына қызмет етіп, нанын тауып келген, енді жұмыссыз қалып жатқан қаншама сервистік мекемелер бар. Енді олар бизнесін әртараптандырып, басқа салаларға да бет бұрғаны дұрыс болар еді. Алдағы уақытта Қызылорда облысы буферлік аймақтан шығады. Содан кейін бізде өндірілген етті сыртқа шығара беруге рұқсат етіледі. Аграрлық сала – асыраушы сала. Азық-түлікке сұраныс ешқашан тоқтамақ емес. Олай болса, ет өндірушілер, жалпы азық-түлік өндірісімен айналысушылар ұтылмайтын болады.

Президенттің «Көрпеңе қарап көсіл» дегені тек Үкіметке ғана емес, іскерлерге де, қарапайым халыққа да арналғанын ұмытпайық. Сондықтан қарапайым халық та ысырапшылдықтан арылып, тойларды азайтқаны жөн. Жалпы, кез келген қиыншылықтың пайдалы жақтары да болады. Үнем мен ұқыптылыққа барынша мән беретін кез жетті. Бұл мәселеге әр адам, әрбір отбасы аса маңыз беріп, ар­тық шығындарын барынша азайтқаны жөн. Осы ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың Сыр еліндегі әр отбасының, әр әулеттің өз бизнесі болуы керек дегенін қаперге алуға тиіспіз. Микробизнесі дамыған ел дағдарыстың әсерін сезіне қоймайды. Аймақ басшысы микробизнесі дамыған Польша мемлекетінен үлгі алу керек екенімізді үнемі айтып келеді. Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер. Ендеше, сондай жаңа мүмкіндіктерге қол созайық.

Кешегі Жолдаудың, яғни, дағдарысқа қарсы стратегиялық құжаттың жаңалығы да жетерлік. Қуанарлығы, елеулі дәрежедегі үнемшілдікке қарамай жалақы өсіп, жастар кәсіптік-техникалық біліммен қамтылады. Осы орайда Елбасы жастарды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырды. Кезінде өзі де жұмысшы киімін киіп, домна пешінің от-жалыны жанында тұрғанын еске алды. "Жылдар өтеді, бірақ осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріне жарайды” деді.

Біз жалпыға бірдей Еңбек қоғамына ұмтылып келеміз. Солай бола тұрса да шынын айтқанда, қоғамда әлі өз орнын таба алмай, еңбек етуге құлқы болмай жүргендер бар. Ал адал еңбектің наны тәтті. Жұмыстың жаманы жоқ. Тіпті, көше сыпырушы болсаң да еңбек етіп, отбасыңа, қоғамға пайдаңды тигіз. Тарих беттеріне үңілсек, тіпті, білдей бір мемлекеттің тізгінін ұстаған президенттердің өзі кезінде аула сыпырып, нәпақасын тауыпты. Тіпті, Ресей Федерациясы Үкіметінің басшысы Дмитрий Медведевтің еңбек кітапшасындағы алғашқы жазу «аула сыпырушы» деп жазылыпты. АҚШ-тың экс-президенті Б.Клинтон да аула сыпырушысы болған. Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков та 1970 жылдары көше тазалаған екен. Тіпті, «Кремльдегі аула сыпырушы» атты ескерткіште тастан қашалып сомдалған бейне дәл осы Лужковтың бейнесі көрінеді. Қарапайым ғана аула сыпырушы болып жүріп-ақ тасы өрге домалаған мұндай адамдардың өмірі өзге жұртқа өнеге емес пе?! Өмір мектебі деген де осы болар шамасы.

"Қазақстандықтар өздерінің болашақтарына сенімді болуы тиіс. Лайықты өмір сүріп, жұмыс істеуі тиіс. Дағдарыстар келеді, кетеді. Бұл жолғысын да біз өткереміз, – деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстаннның міндеттері зор. Біздің болашағымыз – біздің қолымызда. Қазақстан алға баса береді. Біз жеңіп шығамыз»-деген Елбасының түйінді сөзі барша қазақстандықтардың көңіліне нық сенім ұялатып, Отанымыздың гүлденуі мен нығаюы жолында тың серпінмен еңбектенуге жігерлендірері анық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 желтоксан 2015 г. 1 167 0