« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Биыл облыс бойынша туу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 26,83-тен 27, 29-ға жоғарыласа, табиғи өсім 1000 адамға шаққанда 21,31-ден 20,79-ға төмендеген. Десе де, салада жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 70,6-дан 70,8 жасқа жетсе, жалпы өлім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда өткен жылмен салыстырғанда 3,9-дан 3,6-ға төмендеген. Ал ағымдағы жылдың есепті мерзімінде аймақта 16086 нәресте дүниеге келіп, былтырмен салыстырғанда 889 сәбиге төмен туылған.
– Ана мен бала өлім-жітімін айтар болсақ, сәби өлімі 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 9,6 промиль болып өткен жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға төмендегені байқалады. Аталған мерзімде аймақта алты ана өлімі тіркелді,– деген басқарма басшысы ана өлімінің негізгі себептерін жүктіліктен тыс ауруларының болуымен байланыстырады. «Бұл дегеніміз туу жасындағы аналарымыздың денсаулығының нашарлығын көрсетеді» деген Ақмарал Шәріпбайқызы осыған орай барлық емдеу ұйымдарының күндізгі стационарларында болашақ аналар денсаулығын сауықтыру мақсатында гинекология төсектерін барынша кеңінен қолдану, облыстық перинаталды орталығынан босанғаннан кейінгі сауықтыру шаралары үшін 30 төсектік орын ашуды қолға алынғанын айтты.
Есепті мерзімде облыстық перинаталды орталық жанынан ашылған генетикалық орталықта жалпы саны 9013 зерттеу жасалған. Қазіргі уақытта республикалық деңгейде жасалатын тың әдістің енгізіліп жатқаны да белгілі болды. Ол әдіс жатырдағы нәрестенің денсаулығын тексеруге мүмкіндік береді. Яғни, сәби саулығын алдын ала тексеру арқылы түрлі ақаулардың алдын алып, өлім көрсеткіштерін төмендетуге септігін тигізбекші.
Облыста қан айналым жүйесі ауруларымен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1183,1-ден 1113,9-ға төмендеген. Осы орайда басқарма басшысы қан айналым жүйесі ауруларынан болатын ауыр зардаптар мен одан болатын өлім-жітімнің алдын алу және науқастардың толыққанды еңбекке жарамды болуын қамтамасыз ету мақсатында барлық жеті ауданның кардиостандарттармен (Тредмил тест, Холтер-мониторы, ЭХО кардиограф) қамтамасыз етілетінін жеткізді. Бұл қондырғылармен ауруды ерте сатысында анықтауға болады. Мәліметтерге сүйенсек, соңғы төрт жылда 3599 коронаграфия жасалып, жоспарланған оталардың 80 пайызын құраса, қан тамырларына – 990 стент қойылған. Облыста екі мамандандырылған кардиобригада жұмыс атқарады. Олар өткір инфаркт науқастарын облыстық кардиоорталыққа тасымалдап, 12 сағатқа дейін инфаркт ошағына стент қойылады.
Қатерлі ісіктермен аурушаңдық көрсеткіші бойынша облыс көлемінде есепті мерзімде 4372 науқас анықталып, белсенді түрде жүргізілген скринингтік тексерудің есебінен біршама артқаны байқалады. Қазіргі уақытта басқарма басшысының айтуынша, онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау және өлім көрсеткішін төмендету мақсатында облыстық онкология орталығын заманауи «экспертті класты» медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылуда. Бұл өз кезегінде қатерлі ісіктерге ота жасаудың тың әдістерін енгізуге әкелмек. Сонымен қатар, қатерлі ісікке шалдыққандарға 15 төсектік паллиативтік көмек көрсететін хоспис ашу да көзделуде.
Өңірде туберкулезбен аурушаңдық және онан қайтыс болу көрсеткішінің төмендеу қарқыны байқалады. Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 10 айында 100 мың тұрғынға шаққанда өкпе дертімен аурушаңдық көрсеткіші 62,3 болып отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 66,1-ді құраған. Өлім-жітім көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2014 жылмен салыстырғанда 4,8-ден 3,6-ға төмендеген.
Есепті мерзімде 445 науқасқа жоғары медициналық көмек көрсетілген.
Жалпы, денсаулық сақтау саласына соңғы үш жыл көлемінде бөлінген қаржы 58 пайызға өссе, күрделі шығыстарға бөлінген қаржы көлемі 86 пайызға артып, жан басына шаққандағы қаржы көлемі республикалық көрсеткіштен жоғары деңгейді көрсетіп отырғаны белгілі болды.
Брифингте, сондай-ақ, басқарма басшысы есепті кезеңде саладағы арыз-шағымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 51 пайызға өскенін айтты. Арыздардың 42 пайызы сапасыз медициналық қызмет көрсетуден болғанын да жасырмады.
– Өздеріңізге белгілі, денсаулық сақтау саласы тікелей тұрғындардың денсаулығымен тығыз байланысты. Сондықтан біздің салаға қатысты түрлі пікірлердің туындауы заңды құбылыс. Біз өз тарапымыздан халыққа медициналық қызмет көрсетуде жаңашыл бастамаларға қашанда әзірміз. Айтылған сын-пікір, ұсыныстар саланың өркендеуіне қосқан үлес болмақ, – деген басқарма басшысы Ақмарал Әлназарова әрбір емдеу ұйымдарында «Пациенттердің құқығын қорғау» қызметінің және облыстық медицина орталығы жанынан ашылған «СаІІ» орталықтың саланы тұрғындарға жақындата түсетініне сенімін білдірді және бұл қызметтердің барлығы салаға қатысты арыздарды шешуде «Осы жерде және дәл қазір!» ұранын басшылыққа алатынын, сондықтан осы қызметті қарқынды түрде дамыту уақыт талабы екенін жеткізді.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |