ОТБАСЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТІРЕГІ

ОТБАСЫ – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ТІРЕГІБейсенбіде облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «ОтбасыМәңгілік Ел тірегі» тақырыбында облыстық әйелдер форумы өтті.

 

Форумға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ұлттық комиссия төр­ағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елена Тарасенко, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен және облыстық комиссия мүшелері мен аймақтың белсенді қыз-келіншектері, Батыр аналар қатысты.

Жиынды жүргізген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кіріспе сөзінде шараға жиналғандарды алдағы Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы роліне тоқталды.

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңын­да өткізіліп отырған «Отбасы – Мәң­гілік Ел тірегі» атты форумының ма­ңызы ерекше. Сыр елінде отба­­сымен қоса еңбектің ұйытқысы бо­ла білген Шырынкүл Қазанбаева, Сә­лима Жұмабекова сынды батыр, ға­сыр аналарымыз бар. Олар дала төсінде ер азаматтармен бірге иық тірестіре жүріп, тынбай еңбек етті. Қазақ халқы ежелден қыз баланы ерекше құрмет тұтып, аялай білген. Қыз-келіншектеріміздің мерейін өсі­ріп, мәртебесін арттыруда Сыр өңірі де үн қосып, қалыс қалмай келеді. Бүгінгі шара соның бір парасы. Отан отбасынан басталады десек, отбасының тірегі де, жүрегі де әйел, ана. Сондықтан Мәңгілік ел боламыз десек, алдымен отбасының, демек, әйелдің халі оңалып, қоғамдағы ролі биіктеуі қажет. Тәуелсіз елімізде әйелдер отбасында ғана емес, барлық саланың дамуына сүбелі үлес қосып, табысты еңбек етіп жүр, – деген ай­мақ басшысы қыз-келіншектердің қоғам­дағы белсенділігін жоғары бағалады.

Бүгінгі таңда облыс көлемінде мемлекеттік қызмет аясындағы басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 15 пайызды құраса, үкіметтік емес ұйымдардың 70 пайызы қыз-келіншектердің басқаруында, сонымен бірге, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындардың 60 пайызын нәзік жандылар құрайды екен.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қырым­бек Көшербаев соңғы үш жылда өңір­дің әлеу­меттік-экономикалық даму дең­­гейі бойынша республикада 16 ай­­мақ­тың ішінде алдыңғы лектегі үш өңірдің қатарынан көрінгенін қуа­ныш­­пен атап өтіп, осы жетістікте нә­зік жандылардың өзіндік үлесі, же­місті еңбегі тұрғанын тілге тиек етті.

Жиында сөз алған Ұлттық комис­сия төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депу­таты Елена Тарасенко Сыр еліне ал­ғаш табан тіреп тұрғанын айта келе, Қызылорда қаласының жарқын да көркем келбетіне, қонақжай пейіліне ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ, Е.Тарасенко саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптерін сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ұлттық комиссияның жұмысы жаңа реформалар аясында құрылғанын, алда әйелдерді еліміздің барлық қоғамдық-саяси және экономикалық салаларына барынша тарту бойынша маңызды міндеттің тұрғанын атап өтіп, әйелдер қауымын «Нұрлы жол» бағдарламасын, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттің индустриалды бағдарламалары бойынша нақты қадамдар жасап, дамытуға күш салуға шақырды.

Студент кезінде Тереңөзекте үш жыл қатарынан күріш жинауға араласқан Ләззат Жаңылысқызы үшін Сыр елі қашан да ыстық. Бұл туралы форумда сөйлеген сөзінде мәртебелі мейманның өзі атап айтты.

– Сыр елі мен үшін қашан да ыстық. Студент кезімде үш жыл Тереңөзекте күріш жинауға қатысып, соңында күрішшілердің бригадирі болып шықтым. Жастық шағымның ең қызықты кезеңі өткен өңірге құрметім қай кезде де ерекше. Сондықтан бүгін сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы жолы Қызыл­орданың ерекше келбетін, сән-салтанатын, айрықша энергетикасын көріп, тіпті таңғалып отырмын. «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасымыз бекер айтпаған. Қазіргі еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат ол ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып елімізді дамыту. Мемлекет басшысының салиқалы саясаты бүгін еліміздегі түрлі ұлттар мен ұрпақтар арасында отбасылық дәстүрлер қоғамда биік адамгершілік құндылықтарды сақтауға, неке жә­не отбасын нығайтуға ықпал етіп отыр. Отбасының ғана емес, бүкіл мемлекетіміздің осындай тұрақ­тылығы мен өркендеуі әлемдік дағ­дарыстың ауыртпалықтарын еңсе­руге орасан зор септігін тигізеді,– деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен.

Осы орайда ол алдағы уақытта да әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссиясы қызме­тінің белсенділігін арттыра түсу керектігін баса айтты.

Л.Сүлейменнің мәлімдеуінше, рес­­публикада қызмет көрсету саласында әйелдер үлесі 70 пайыз болса, өндіріс пен құрылыс саласында 12 пайыз, ауыл шаруашылығында 18 пайыз қыз-келіншектер қызмет атқаруда. Парламент Мәжілісінде 26 пайыз, мәслихатта 19 пайыз әйелдер болса, әкімдердің арасында 11 пайызды құрайды.

Жиында сонымен қатар, «Алтын алқа» иегері, он бала, 30 немере, 20 шөберенің әжесі Ханымкүл Оспанова аналық ақ батасын берсе, Жаңақорған ауданы Сунақата ауылдық округінің әкімі Әзия Қыстаубаеваның «Ұлттық тәрбие – ел болашағының алтын қазығы» тақырыбындағы хабарламасы тыңдалды. Бүгінгі заман талабына айналып отырған отбасылық кәсіп турасында «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы Бақытбек Нұрманбетов әңгімелесе, «Сырдария әйелдері» қоғамдық қорының төрайымы Ұлмекен Жаналиева өскелең ұрпақты рухани адамгершілікке тәрбиелеу бағытында қордың атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндады.

Форумды қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мемлекеттің тірегі отбасынан бас­талатынын айта келе, аймақта әйел­­дер істері және отбасылық-де­мо­­графиялық саясат жөніндегі ко­мис­сияның жұмысын дамыту бағы­тында ауқымды істердің атқары­ла беретінін, комиссияның саясатын қай кезде де қолдайтынын жеткізді.

 

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 желтоксан 2015 г. 1 392 0