«МӘҢГІЛІК ЕЛ» – ҰЛТТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» – ҰЛТТЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫАлтай мен Атыраудың ара­сындағы ұлы даланы ұрпағына аманаттау үшін ата-бабаларымыз не көрмеді? Ат үстінен түспей, жатқа намысын таптатпай, «қара қазан, сары бала» қамы үшін қайрат қылды. Олар ұрпағының өз жерінде, бейбіт заманда берекелі ғұмыр кешуін арман етті. Ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстанған, Түрік қағанатынан бермен қарай ұлы даланы мекен еткен халықтың өмірлік мұраты мәңгілік ел болу еді. «Мәңгі өмір» іздеген Қорқыт атаға, халқына жерұйық іздеп, желмая мініп жер шалған Асан Қайғыға қатысты аңыздардың астарында халықтың қолайлы тұрмыс кешіп, лайықты өмір сүруін арман еткені аңғарылады.

Қара қылды қақ жарған қаз дауысты Қазыбек бидің «Біз – қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, жылқы қылын найзасына таққан елміз» деген сөзі ата-бабалардың ой-арманы мен мақсат-мұратын аңғартып тұрғандай. Абылай ханның «Менің үш арманым бар. Біріншісі – менің елімнің аспаны қашан да ашық болса екен. Осы уақыт ішінде қан көп төгілді. Екіншісі – халық өз жерінің игілігін әлі толық көре алған жоқ, қала да сала алмады. Үшіншісі – мен өз елімнің басын қоса алмай кетіп барамын», деген сөзі де халық жадында. Бүгінде Абылай ханның арманы ақиқатқа айналды. Бейбіт заманда өмір сүріп, ұлы даланың төсіне қалалар тұрғызылды. Тұтас ел бір мақсат, бір бағытқа жұмылып, Қазақстан әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындады.

Елбасы өз Жолдауында «Мәң­гілік ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық» деді.

Соңғы жылдары «елдіктің ұраны, идеялогиясы қандай болуы керек?» деген сауал талай пікірталастарға арқау болды. Осы кезеңде Елбасы болашаққа бағдар болатын, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды. Бүгінде бұл идея «Қазақстан-2050» стратегиясының түпқазығына айналды. «Мәңгілік Ел» Елбасы айтқан «Ұлы Дала елі» ұғымымен егіз, «Тәуелсіз ел» атты қасиетті сөзбен тамырлас.

Ғалымдардың пайымынша, ұлттық идея көп ойды бір ауыз сөзбен түйіндейтін, айтылғанда көзге көрінетіндей образы шығатын, барлық жастағы адамдарға түсінікті болуы керек. Ұлттарды біріктірген «Аспанасты империясы – әлемнің кіндігі», «Жапондықтар – бір отбасы», «Дін, патша және Отан үшін», «Британия – теңіздер иесі», «Американдық арман», «Тең мүмкіндіктер қоғамы», «Бостандық. Теңдік. Туысқандық» деген идеялардың тарихи маңызы, атқарған ролі, түпкі нәтижесі қандай болғанын аталған елдердің бүгінгі бет-бейнесінен анық аңғаруға болады.

Әлемдегі алпауыт елдердің жоғары деңгейге жетуіне олардың көшбасшылары ойлап тапқан жалпыұлттық идеяның ықпалы зор болғаны тарихтан белгілі. АҚШ-ты күйзелістен құтқарған Рузвельттің «Жаңа бағыты», Дж. Кеннедидің «Америкалықтарға балық беруді қойыңдар, қайта оларға балық аулауды үйретіңдер», «Америка маған не береді деп емес, мен Америкаға не беремін деп ойлану керек» деген ұрандары халқын рухтандырды. Нәтижесінде «доллар», «американдық арман», «кең мүмкіндіктердің елі», «демо­кратиялық құндылықтар» деген ұғымдар бүкіл әлемге тарады.

Осыдан 70 жыл бұрын екінші дүниежүзілік соғыста тауы шағылған Жапонияның озық технологиялар еліне айналу жолында ұстанған идеологиясы – «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек» болды. Ұзақ уақыт Жапонияның отарында болған Оңтүстік Корея тәуелсіздігін алған соң, езгісінде болған елмен бәсекелесіп, оны басып озуды мақсат етті. Генерал Шарль де Голльдің, жарты өмірін түрмеде өткізген Нельсон Манделаның идеялары өз ұлттарын ұшпаққа шығарғаны аян.

«Мәңгілік Ел» – жоғарыда аталған ұлттық идеялардан кем түспейтін, Тәуелсіздікті сақтап қалу жолында бүкіл халықты бір мақсатқа жұмылдыратын идея. Онда қазақстандықтардың ерек­шеліктері, көпұлтты, көпдінді мемлекет екендігі, азаматтарының ұстанымдары ескерілген. Оның түп негізінде қазақстандықтарды біріктіретін баға жетпес құнды­лықтар жатыр. «Мәңгілік ел» идесы арқылы халық өз көзқарастары, ұстанымдары мен құндылықтары туралы айдай әлемге айта алады.

Елбасы «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік елдің іргесін қаладық» дегенде, ең алдымен «тәуелсіздік» деген киелі ұғымның қасиетін жете түсіну, оны көздің қарашығындай қорғау барлығымыздың борышымыз еке­нін айтады. Келешек ұрпақ ата-бабаларының ат үстінен түспеген жауынгер халық болғанын, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген ұстаныммен өмір сүргенін біз арқылы білуі керек. Ентелей келген жаудың аптығын басқан айбарлы бабалардың ерлік дастанын жас ұрпақ көңіліне тоқып өсуі тиіс. Сонда «Мәңгілік ел» болу­ға талпыныстың бір күнде немесе бір жылда туған идея еместігін, ғасырдан ғасырға жалғасқан бабалар арманының ақиқатқа айналғанын түсінеді.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2015 г. 1 273 0