ӨТІНІШТЕРГЕ САЛҒЫРТ ҚАРАУҒА ЕШКІМНІҢ ДЕ МОРАЛЬДЫҚ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚ

ӨТІНІШТЕРГЕ САЛҒЫРТ ҚАРАУҒА ЕШКІМНІҢ ДЕ МОРАЛЬДЫҚ ҚҰҚЫҒЫ ЖОҚКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен облыстық прокуратура алқасының бірлескен отырысы өтті. Онда азаматтардың өтінішін қарау заңдылығының орындалу мәселесі талқыға салынды.

Облыстық прокуратураның басқарма басшы­сы міндетін атқарушы Нұрболат Дүйсенбаев өз хабарламасында өткен 9 айда өтініштерді қа­рау барысында заңдылықтардың сақталу жағ­дайына 17 мемлекеттік органға тексеру жүр­гі­зіл­генін атап өтті. Тексеру нәтижесімен бір­қа­тар заң бұзушылықтар анықталған. Атап айт­­­­­қанда, азаматтардың өтініштері облыс әкімі­нің аппараты мен әділет департаментінде кеш тір­­келген. Сонымен қатар, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасы мен меди­циналық-фармацевтикалық қызметті бақылау де­пар­та­ментінде өтініштердің заңмен белгіленген қа­ралу мерзімдері бұзылса, облыстық жер пайдала­нуын қорғауды бақылау басқармасы тарапынан тіпті бірнеше өтініш иелеріне мүлдем жауап берілмеген.

Ал енді бірқатар мемлекеттік органдарда өтініштерді қарау барысында 15 күннен аса бірде-бір әрекет жасалмай, 1 айлық мерзім жақындағанда ғана тиісті сұраулар мен тексерулер жүргізу тәжірибесі қалыптасқан. Мысалы, азаматша А. жер учаскелерін заңсыз иеленіп отырған тұлғаларға шара көру жөнінде Қызылорда облысының жердің пайдадалануын қорғауды бақылау басқармасына өтініш түсіреді. Басқармада өтініш түскеннен кейін 21 өткенде ғана тексеру жүргізу туралы шешім қабылданып, небәрі 2 күн ішінде тексеріліп, арыз иесіне заң талаптары түсіндірілген. Сол сияқты, медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінде де арыздарды қарау барысында 20 күннен астам уақыт бойы өтініштердің қозғалыссыз қалуының 26 дерегі анықталған.

Мемлекеттік органдарда өтініштер объективті және жан-жақты қаралмауы салдарынан арыз иелерінің прокуратураға негізді шағымдануына жол берілген. Сондай-ақ, өтініштерді объективті қарамауымен қатар, жұмыс жүктемесін жасанды көтеру мақсатында статистикалық есептердің бұрмалануы орын алған. Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті 2015 жылдың 9 айында қаралған 141 өтініштің барлығы толық және ішінара қанағаттандырылғаны жөнінде статистикалық есепте көрсеткен. Алайда, шынайылығын тексеру барысында қаралған өтініштердің 42-не заң түсіндірілгені, 13-і қараусыз қалдырылғаны белгілі болды.

Прокуратура өкілі мемлекеттік органдардың күші жойылған заңнамаға сілтеме жасап, өтініш иелеріне жауап беруі – салалық құқықтық нормаларды білмеу жағдайы да орын алғанын атап өтті. Облыстық әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшылығы жыл басынан бері бірде-бір рет азаматтарды жеке қабылдау жүргізбеген. Ал жердің пайдалануын қорғауды бақылау басқармасы ғимаратында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кіріп-шығуына жағдай жасалынбаған.

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Қанат Жайсаңбаев үстіміздегі жылдың 10 айында облыс басшылығындағы азаматтар атына барлығы 1947 өтініш келіп түскенін хабарлады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 7 пайызға немесе 138 өтінішке артып отырғанын көрсетеді. Өтініштердің жартысынан астамы тұрғын үй, жұмыспен қамту, коммуналдық қызмет және жер мәселелеріне қатысты болған. Қалғандары білім, денсаулық, құқық қорғау салаларына қатысты. Ал жергілікті басқармаларға есепті кезеңде 3933 өтініш түскен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артық. Қала және аудан әкімдіктеріне осы мезгілде барлығы 5482 өтініш пен арыз-шағым түскен. Өткен жыл көрсеткішінен 20 пайызға кем. Жалпы өтініштердің 94,8 пайызы өз мерзімінде тексерілген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда қызмет көрсету сапасының артқанын байқатады. Оны прокуратура органдары жүргізген тексерулер де айқындайды. Өткен жылдардағы тексерулер нәтижелерімен салыстырғанда кемшіліктер көрсеткіші айтарлықтай азайғаны байқалып тұр. Десе де, бұған тоқмейілсуге болмайды.

Отырысты қорытқан облыс басшысы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарау мемлекеттік органдарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Қырымбек Елеуұлы азаматтардың өтініштеріне, арыз-шағымдарына салғырт қарауға, оларды сергелдеңге салуғаешкімнің де моральдық құқығы жоқ екенін баса айтты. Сонымен бірге, облыста жұмыс атқаратын аумақтық органдар да бұл мәселеде сырт қала алмайтынына назар аударды. Облыс прокуроры Сапарбек Нұрсейітов өз кезегінде өтініштердің қаралу жағдайына тұрғындар пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізу жайлы ұсыныс жасады. Сонымен бірге, азаматтар өтініштеріне жауап қайтаруда жаңадан енген «гибридті электрондық пошта» жүйесін пайдалану туралы кеңес берді. Оның уақытты үнемдеу, шығынды азайту секілді тиімді тұстары жеткілікті.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қараша 2015 г. 1 052 0