ШЫБЫН

ШЫБЫНЗуылдаған көлік, шиқылдаған құс, терезенің әйнегін тесіп жіберетіндей жарқылдаған күннің сәулесі Айбардың тәтті ұйқысына кедергі келтірмеді. Түнімен әлеуметтік желіні шарлап, түрлі бейнежазбаларды таң атқанша тамашалады. Мұны ол дағдыға айналдырған. Өзі небәрі үшінші сыныпта оқиды. Әріп таниды демесеңіз, оқуға ынтасы жоқ. Көзін тырнап ашып, керіліп-созылып болғаннан кейін ғана оқуға баратыны еске түседі. Таңмен тыныштық бермейтін телефоны бүгін тым-тырыс. Әкесінің азанда дайындап кеткен шайында шыбын-шіркей үймелеп жүр. Ыдыс-аяққа шоқшиып бір қарады да, демін ішіне тартты. Амал қанша?!

Асқазаны шұрылдап, сөмкесін асынып мектепке бет алды. Айбардың бір жақсы қасиеті, сабақтан қалмайды. Тек ұйқысы қанғаннан кейін ғана барады. Оған сыныптастары да үйренген. Сынып жетекшісі жанын қоярға жер таппай, дызақтайды да жүреді. Әдеттегідей мектептің алдынан Айбарды мұғалімі күтіп алды. Үйреншікті айқайын тағы бастады. Одан секемденіп тұрған Айбар жоқ. Өйткені директордың кабинетінің табалдырығын осыған дейін талай тоздырған. Мұғалімнің «басыма сор болдың-ау» дегеннен басқа айтары да қалмаған. Айбардың күнделікті айтатын бір сөзі бар. Ол:

– Кешіріңіз, ұйықтап қалыппын!

Бұл сөзден оны айтқан ауыз да, естіген құлақ та жалығар емес. Оның еркетотайлықтан жасап жүрген әрекеті емес. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожаның болмағандығынан. Әке-шешесі ажырасқаннан кейін бұл баланың тәрбиесіне ешкім бас ауыртқан жоқ. Әке-шешесінің оның қайда, кіммен жүргеніне мән беріп жатқаны шамалы. Жүректерін тас басқандай. Анасы жас күнінде осы Айбарға екіқабат болып, амалсыздан тұрмысқа шығуына тура келген. Онда да баланың болашағы үшін. Бірақ жұптары жараспаған ата-анасы бір жыл бұрын ажырасып тынды. Қазір екеуі қаланың екі шетінде тұрады. Айбар әлі күнге осы екі үйдің ортасында жүр. Олар өмірлерінің қисық жолдарына осы бейкүнә баланы кінәлайды. Сондықтан тұңғыштары болғанына қарамастан мейірімділік танытқан емес. Содан болар, Айбар тұйық мінезді. Адамдарға сенімсіздікпен қарайды. Өзін біреу құзға итеріп жіберердей үркіп жүреді. Бұзақылық жасамағанымен, өзімшіл.

Кезекті оқу жылы аяқталар сәт. 25 мамыр. Соңғы қоңырау. Түлектердің білім алған ұяларын қимағаннан көздеріне жас алатын күн. Ал оқушылардың үш ай бойы қаланың қапырық ауасынан бой тасалап, ауылға аттануға асығатын сәті.

Бүгін Айбар таңмен таласа тұрды. Түнімен құлағының түбінен ызыңдап кетпей қойған шыбынның кесірінен ерте оянғаннан басқа амалы жоқ еді. Оны өлтіргісі-ақ келген. Бірақ онысынан ештеңе шықпады. Қос қабағы айқасып, мектепке жиналды. Ұзын жолдың бойымен келеді. Ыңылдап әндетіп қояды. Бір қызығы, таңмен миының құртын жеген әлгі шыбын ізінен бір елі қалар емес. Өзі бір ерекше шыбын екен, қып-қызыл. Адамның көзіне оттай басылады. Сондықтан болар, ол да өзінің Айбарды аңдып жүргенін білдіргісі келмейтіндей. Мұны Айбар байқағанымен онша мән бере қоймады. Осылайша оқу жылының соңғы күні мектепке бірінші болып барды. Сыныптастары аң-таң. Бір-бірінен сүйінші сұрап жүр. Жыл бойы ұйықтап, бір күн болса да уақытылы келгеніне бәрінен бұрын сынып жетекшісі қатты қуанды. «Енді үш ай демалыста сені ойлап, уайымдамайтын болдым», - деп мұғалім Айбардың екі бетін кезек-кезек сүюмен әлек. Көптен күткен соңғы қоңыраудың да үні естілді. Оқушылар мәз. Үйлеріне қарай тартып тұрды. Ал Айбар үлкен ой үстінде келе жатыр. Осы қалпымен қаланың шетіне шығып кеткенін де байқамай қалды. Табиғат аясы. Күн шыжып тұр. Жердің беті көкмайса шөп. Демалмақ боп бұтаның түбіне отыра бергенінде әлгі қызыл шыбын қасынан зу етіп ұшып өтті. Көзін уқалап жіберіп, анықтап қарады. Расымен, қызыл шыбын екен. Айбар бұрын мұндай түстегі шыбынды көрмеген. «Бұл қалай болды?». Өзіне осы сұрақты бірнеше мәрте қайталап қойды.

– Жауабын мен айтайын ба?

Бұл дауыстың қайдан шыққанын ол аңғармай қалды. Жан-жағына анықтап бір қарап шықты. Тірі жан жоқ. Айбар қорқа бастады.

– Қорықпа.

Кім сөйлеп тұрғаны белгісіз. Әрбір сұрағына жауап беріп тұр. Біреу аңдып тұрғаны анық. Бірақ кім, не үшін?

– Бұл кім? Саған не керек?

Айбар бар дауысымен айқайлады. Істі насырға шаптырмауды ойлаған шыбын алдымен ызыңдап оның көз алдына келді.

– Сабыр сақтаңыз енді.

Айбар шошып кетті. Көзін бір, құлағын бір тексерді.

– Шынымен сөйлеп тұрсың ба?

– Иә.

– Бұл қалай болғаны?!

– Ол ұзақ әңгіме. Менімен дос боласың ба, кеңесшің болайын. Жол көрсетіп отырамын.

Екі көзі тостағандай болған Айбардың келіспеске амалы қалмады. Бір жағынан, шыбынның сөйлегенін қызық көрді.

- Дос болармыз-ау. Бірақ кеңес беретіндей кімсің өзің?

- Алдын ала мақтанбай-ақ қояйын. Уақытында көресің.

Айбар сөзден қалыспай «бес күн өмір сүретін шыбыннан ақыл сұрап, данышпан болу ақылға сыймайды ғой» деп миығынан күліп, сумаңдаған жәндікті алақанымен ұстап алмаққа ұмтылды. Қармаққа ілініп қала жаздаған шыбын қашып үлгерді.

Байғұс шыбынға да жан керек. Қанаты талса да қонбастан зуылдап ұшып жүр. Бұрын мұнша азап шегіп, тауқымет тартып көрмепті. Ақыры құтылудың жолын тапты-ау! Ағаштан кішкене ашық тесік тауып, әупірімдеп демін басты. Бірақ ұшайын десе, ұша алмайды. Қанаттарын біреу қырқып тастағандай. Біразға дейін ызыңдады. Одан басқа дауыс естілмейді. Айнала тып-тыныш. Айбар ой үстінде. Бала күнінен жалғыздықпен өмір сүргеннен көп ойлана береді. Бәлкім, «болашағым қалай болады?» дейтін шығар. Арада сүт пісетіндей уақыт өтті. Әлгі шыбын ызыңдауын әлі қоймаған. Зер салып тыңдап еді, дауысында өмірге деген құлышынысы ерекше екендігі аңғарылды.

– Әй, шыбын! Тірісің бе?

– Ауыр жарақат алдым. Сенің бойында зұлымдық басым екен.

Бұл сөз балаға қатты тиді. Бір жағынан намысқой екенін көрсетті.

– Намысты екенсің өзің. Сонымен ұсынысымды қабылдайсың ба?

Айбар бірден ашығын айтты. Бірнеше сауалына жауап беруін сұрады. Сонда ғана дос болуға келіспек.

– Көкейдегі барлық сұрағыңды қой. Жауап беруге дайынмын.

– Шыбын мен адамның достығын көз алдыма елесте алмаймын. Адамзаттың сендермен қаншалықты байланысы бар?

Шыбын дұрыстап жайғасып алып, әңгімені әріден бастады:

– «Егер біріңнің сусыныңа шыбын түссе, оны батырып алыңдар. Өйткені оның бір қанатында індет, ал екінші қанатында шипа бар» деп сахих хадис­те айтылғандай, адамның да ішінде жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Бұл – адам мен шыбынның басты ұқсастығы. «Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы» деп Абай айтпақшы, шыбын да боққа құмар келеді. Сондықтан да қазіргі дүниені боқ-дүние деп жатамыз.

– Бес күн өмір сүретін шыбын мұндай ақылды болады дегенге кім сенеді? Саған мұндай данышпандық қайдан пайда болды?

– Шыбын бар-жоғы бес күн өмір сүретіні рас. Осыған орай мына жалғанды да бес күн тірлік дейді. Пайдалы жағымызды ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп тастаған. Оның үстіне адам болмысын шыбын арқылы да тануға болады. Бұған ауызекі тілде қолданылатын сөздер дәлел: «Шыбын жаны көзiне көpiндi – жанына қатты батты. Шыбын жанын қояpға жеp таппады – ауpуы жанына қатты батып қиналды. Шыбын жанын шүбеpекке түйдi – жанұшыpды, жанын аямады». Айта берсең, толып жатыр. Мен өзімді данышпан санамаймын. Маған бес күн ғана өмір берілді. Өзге шыбындардан артықшылығым, сөйлей аламын. Бірақ даусым саған ғана естіледі. Егер мұны басқа біреуге айтсаң, мен ендігәрі сөйлей алмаймын. Тек бір адам арқылы ғана жалпы жұртқа көмегімді тигізсем деймін. Менің ұзақ өмір сүруім саған байланысты.

Бұдан кейін Айбардың шыбынға сенбеске амалы қалмады. Алақанын созып, ағаштың бұтасынан шыбынды алды. Екеуі дос болуға уағдаласты. Күннің көзі ұясына батуға сәл қалған. Айбар үйге қайтуға қам жасады. Үсті-басын жөнге келтіріп, жаңа досын ертіп үйге қайтты. Жол бойы Айбар мен шыбынның аузына дамыл болмады. Сырт көзге Айбардың әрекеті ерсі көрінді. Жынданғандай өзімен өзі күбірлеп келеді. Оны байқаған шыбын адам өтіп бара жатқанда сөйлемеуді өтінді. Осылайша үйге де жетті. Кешкі асын ішіп, бөлмесіне ентігіп кірді. Күндегі әдетінше бүгін компьютерге шұқшиған жоқ. Оның орнына шыбынмен әңгімелескісі келді.

– Шын дос болсаң, анам мен әкемнің неге ажырасқанын айтып бере аласың ба?

– Сенің әкең мен анаң – өте жақсы адамдар. Қателеспейтін адам болмайды. Екеуі де шалыс басты. Өмірлерінің өзегі бала екенін түсінбеді. Ағайын-туыстың барлығы сол үшін жазғырды оларды. Қазір сол үшін екеуі ешкіммен араласпай, жеке әлемдерінде өмір сүріп жүр. Бұл қателікті сен ғана түзете аласың.

– Қалай сонда?

– Негізі, сенің әке-шешеңнің махаббатына қызығатындар көп болды. Екеуі де келбетті. «Бірі бірі үшін жаралғандай» деп таңдайын қағатын жұрт. Сегіз жылға жуық қыз бен жігіт болып жүріп барып, отау тікті. Бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешті. Анаң биші болғандықтан алғашында бала көтеруге асықпады. Ағайын-туыс, көрші көлемнің негізгі әңгімесі де осы болды. «Ел мақтаған ғашықтар баласыз жүр» деп миығынан күлді көпшілік. Содан әкең бұл өсектен құтылғысы келді. Өмірге сен келдің. Екеуінің қалауынсыз туылғасын олар саған мейірімділікпен қарай қоймады. Үнемі бала күтушіге тастап кететін сені. Бұл – енді үлкен қасірет. Бір қызығы, әкең де, шешең де дау шығармастан бір күні ажырасып тынды. Сот әкеңнен сонда «не үшін ажырасасыңдар?» деп сұрақтың астына алды. Ол сабырмен «Менің аяқ киімім қанша әдемі болып жылтырағанымен, оның сыры маған ғана аян» деп жауап берді.

Ата-анасының жақсы адамдар екенін осы уақытқа дейін ешкімнен естімеген Айбар еріксіз көзіне жас алды. Өзінің өмірге келгеніне өкініш білдірді. «Неге? Неге?» деп өзегін өксік басты. Әкесін оятып алып, мән-жайды өз аузынан естімек болған. Шыбын оны тоқтатты.

– Қазір түн ортасы. Әкеңді барып ояттық делік. Ол саған тұшымды жауап бермесе, қайтесің? Көп болса, «Балам, бұл – өткен шақ» дер.

Айбар көзінен дөңгелектеніп аққан жасты жемпірінің жеңімен сүртті. Әлі өксігі басылар емес. Шыбын оны сабырға шақырып, жатып демалуын өтінді. Әңгімені ертең жалғастыруға кеңес берді.

Бозарып таң атқаннан терезеге жарық түсе бастады. Бұл жолы шыбынның ызыңысыз-ақ Айбар ерте тұрды. Әкесіне барып, жаңа жұмыс күніне сәттілік тілеп, таңғы асты даярлауға жәрдемдесті. Бұл қылығына әкесі сүйсіне қарады. Баласының бар екенін есіне түскендей, маңдайынан иіскеді. Әке мен баланың махаббаты бұл үйде енді сезіле бастағандай. Айбар осылайша әкесін жұмысқа шығарып салып, анасына қоңырау соқты. Хал-жағдайын сұрады. Анасы да «Балам, ерте тұрыпсың ғой» деп таңырқап жатыр. Бұл шаруаны бітіріп, үйдің шаруасымен айналысты. Жан-жағын ретке келтіргесін шыбынмен әңгімесін қайта жалғады.

Шыны керек, шыбын Айбарға ерекше шабыт берді. Өмірге деген құлшынысын арттыра түсті. Бірақ Айбар түнімен көз ілмей, әкесінің теңеуіне таңғалумен болды. Көкейіндегі сұрағын шыбынға қойды.

– Әкем шешемді шын сүйсе, неге оны аяқ киімге теңеді?

– «Осы сұрақты неге қоймады?» деп мен ойлағам. Не нәрсеге де атүсті қарамайды екенсің. Бұл қасиетің қуантады. Тыңда, айтайын. Киім – адам денесін ауа райының, қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайтын бұйым. Әйел де сол сияқты ер азаматына жылу сыйлап, оны сөзге қалдырмауға тырысады. Негізі, адамдар бір-біріне қарағанда көздері еріксіз аяқ киімдеріне түседі. Мұны көпшілігі байқай бермейді. Әсіресе, оның тазалығына қатты мән береді. Сенің әкеңнің аяқ киімі үнемі жылтырап жүретін. Анаңның жүзі жадыраңқы болды. Бұл жағынан ешкім күмән келтірген жоқ. «Дүниенің кеңдігін қайтейін, аяқ киімің тар болса» деп бекер айтылмаған. Әркімнің аяқ киімінің тар-кеңдігі өзіне ғана аян. Сол секілді сырт көзге білдірмегенімен анаңның кемшілігін әкең ғана білетін. Оны анаң да жақсы түсінді. Екеуінің ақылдылығының арқасында осындай шешім болды. Оның зардабын сен тарттың.

Айбар тағы терең ойға батты. Бірақ өзінің өзге замандастарына қарағанда тағдырдың қатал сынына тап болмағанына іштей болса да қуанды. Расымен, қазақтың балалары маскүнем ата-ананың, жауапсыз махаббаттың құрбаны болып, үй-күйсіз бұзақылықпен айналысып жүр. Мұндай балалардан келешек қандай ұрпақ өспек?! Айбар тағдырлас замандастарының болашағын ойлап, демін ішіне тартты. Енді қолынан не келетінін ойлады. Жан-жағындағы зұлымдықты жоюдың амалдарын іздеді. Ең бастысы, ата-анасын татуластырудың жолын қарастырды. Екеуінің бір шаңырақ астында тұрмайтындары анық. Бірақ араласып тұруына жағдай жасау қажеттігін ойлады. Айбардың ата-анасы – шығармашылықтың адамдары. Бір-бірінің жанын сондықтан түсінгісі келмейді. Қолдары қалт етсе, өз істерімен айналысуға бейім. Әкесі мен шешесіне қолқанат болып, олармен ашық сөйлесуге тырысып бақты. Бір амалын тапқандай. Екі күннен кейін Айбардың туған күні. Сегіз жасқа толады. Осы мүмкіндікті пайдаланып ата-анасын бір-бірімен кездестіруді ойлас­тырды.

– Әке, менің туған күнім жа­қындады. Білесіз бе?

– Кешірші, балам, есімнен шығып кетіпті.

– Оқасы жоқ. Жұмыспен қапы­лысып жүрсіз ғой. Дегенмен, бір күн уақытыңды қиып, табиғат аясына шықсақ, қалай болады?

Әкесі баласының көңілін қимай бірден келісті. Осылайша әкесі екеуі туған күнді атап өтудің қамына кірісіп кетті. Айбар кешкілік анасына қоңырау шалып, оны да туған күніне шақырды. Алғашында түрлі сылтау айтқанымен баратын болды.

Ертемен тұрған Айбар әкесі екеуі бар керек-жарағын алып, табиғат аясына шықты. Шоққа картоп көміп, кәуаптың қамына кірісті. Шақырайған күн тас төбеге жеткен сәтте алыстан анасы да көрінді. Айбар «уралап», анасының құшағына қарай жүгірді. Анасына жете берген сәтте тасқа сүрініп құлады. Оны байқаған әкесі де алып ұшты. Әкесі мен анасы сәлемдеспестен баласының тізесінің қансырап тұрған жерін дәкемен орап әлекке түсті. Айбарды қолтықтап, дастархан басына әкелді. Демдерін басқасын бір-бірінің хал-жағдайын сұрады.

– Көріспегелі көп айдың жүзі болыпты, жағдайың қалай?

– Шүкір, жақсы. Өзіңнің жұмысың қалай? Жаңа суреттер салып жатырсың ба?

– Иә. Жұмыс деп баламыздың ер жеткенін аңғармай қалыппыз.

Айбар біразға дейін әңгімеге құлақ түріп отырды. Сый-сыяпатын алып, жақсы тілектерін естігеннен соң Айбар ата-анасына бір өтініші бар екенін айтты. Екеуі де «балам, құлағымыз сенде» деп тыңдауға дайын екендіктерін жеткізді. Шыбын да сыбырлап, Айбардың қай жерде, қалай сөйлеу керектігіне бағдар берді.

– «Әке – асқар тау, ана – бауы­рындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ». Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан мақалы. Асқар тауым, әке, өзіңізсіз. Бауырындағы бұлақ – анам. Бірақ сол бұлақтың өзге таудан ағып жатқаны өкінішті. Құрақ болып жүрген мен екеуіңіздің арасыңызды жалғай алмай жатырмын. Бұл тағдыр шығар. Кемшілікті әркез түзетуге болады. Бала болып ақыл айтты демеңіздер. Сіздердің шаңырақ көтергендеріңізге он жылдан асты. Қатарластарымнан қалып жатқан жоқпын. Бірақ ата-ананың жылы алақанына зәру болдым. Сіздерге бір әңгіме айтып берейін: Шымшық – түсi көк, дене тұрқы торғайдай, көктемде келетiн жыл құсы. Күздің қоңыр салқын кезі. Қыр астында қыс тұр. Құстар жылы жаққа бет алып жатыр. Бір шымшық күн суытқан кезде балапандайды. Жылы жаққа ұшып кетейін десе, балапаны аштан өлетіні белгілі. Не істерін білмей шарқ ұрады. «Мұнда қалғанда балапаныммен бірге аштан өлемін бе?» деп ойлап қояды. Бірге алып ұша алмайтыны анық. Күндер өтіп жатыр. Аяз күшейді. Амалы таусылғандай болды. Қанша бауыр еті елжіреп тұрса да, балапанын қанаттандырмастан жылы жаққа бет алады. Шыр-шыр етіп, кішкентай шымшық ұясында қала береді. Анасының жиып берген асы да таусылды. Өзі ұша алмайды. Оның үстіне ұясынан басын шығарса, сырттағы аяз үсіріп жіберердей. Бейкүнә балапанға қарғалар көмектеседі. Түрі салқын көрінетін қарғалар мейірімділік танытады деп кім ойлаған?! Қыстың көзі қырауда өздері ішерге асты әрең тапса да, шымшықты аш қалдырмады. Осылайша жылы ұяда шымшық бір қысты өткізеді. Көктем келгенде оны анасы іздейді. Бірақ кіші шымшықтың өмірге деген көзқарасы басқаша болып қалыптасқан еді. Қарғалар секілді қарқ етіп, жан-жағына қаталдық танытады. Өзімшіл шымшықтардың әрекеті үшін оларға күн бермеуге шығады. Бірақ өзін қысты күні жауратпай өсірген қарғалар оны ақылға шақырып, кешірімшіл болуға үйретеді. Кішкентай шымшық қанша ашуланса да, өз ортасына қосылу қажеттігін түсінді. Сондықтан барлығына кешіріммен қарады. Ал өзіне қамқор болып, жақсылық жасаған қарғалар үнемі қыстық азықтарын жинауға көмектесіп барып, жылы жаққа ұшатын.

Балаларының әңгімесін ұйып тыңдаған Айбардың ата-анасы ұзақ уақытқа дейін үнсіз отырды. Өздерінің әрекеттері үшін баласынан ұялды. Бір кезде екеуі бірдей солқылдап жылап, Айбардан кешірім сұраумен болды.

– Мен сіздерге ренжіген жоқпын. Тек тағдырыма ашулымын. Бұл қателік бүгіннен бастап түзеледі деп сенемін. Бір-бірлеріңізді сүйгендеріңізбен жа­рас­­па­дыңыздар. Бұл кешірімшілдік, кішіпейілділік, түсіністікпен қараудың жоқтығынан. Сіздерде өзімшілдік басым. Бірақ бұлар қанға сіңген қасиет емес қой. Одан арылуға болады.

Бұл сөздер әкесі мен шешесінің жүрегіне қанжар сұғып алғандай әсер етті. Бір-бірінен кешірім сұрап, шайқалған отбасын қайта қалпына келтіруге уағдаласты. Осылайша бір отбасының төрт көзі түгелденгендей. Айбардың қуанышында шек жоқ. Кешкілік бөлмесіне барған соң шыбынға алғысын қарша боратты. Бірақ Айбарды тағы бір ой түнімен ұйықтатпады. Таңды әрең атырды. Бүгін шыбынмен дос болғанына бесінші күн. «Өзіме жақсылық көрсеткен шыбыннан айырылып қалам ба?» деген ой оны жегідей жеді. Ұйқыдан тұра сала әлгі шыбынды іздеді. Бірақ таба алмады. Кешке дейін келер деп үміттенді. Қас қарайды. Ызыңдаған шыбынның дыбысы естілмейді.

Арада бес күн өтті. Бірақ Айбар ешнәрсеге зауқы болмай бөлмесінен шықпастан жатты. Ата-анасы асты-үстіне түсіп әлек. Бір қызығы, Айбар үйдің есік-терезенің барлығын ашып қойса да бірде-бір шыбын кірмейді. Бұған аң-таң. Осылай мазасыз күйде жүргенде жазғы демалыстың да бір айы өтті. Өзімен-өзі күбірлеп отырып, «менің бұл әрекетім дұрыс емес-ау» деп ойлады. «Ол шыбынның менімен қоштаспай кеткені болмаса, маған көп жақсылық жасады ғой» деп қояды. Бар күш-жігерін жинап, кітап оқуға тырыс­ты. Айбар өз отбасын түгендедім, болды деп шектелгісі келмей, елінің ертеңі үшін қызмет етуді жоспарлады. Ол үшін, алдымен, білім қажеттігі анық. «Патриот болу – әрбір қазақтың парызы» деген ұстанымда болды.

Кезекті оқу жылы басталып, Айбар төртінші сыныпқа барды. Жазғы демалыс туралы шығарма жазғанда осы оқиғаны қағаз бетіне түсірді. Сыныптас­тары аң-таң. Көпшілігінің сенгісі жоқ. Бірақ ата-анасының қайта қосылғанын көргенде сенбеске амалдары қалмады. Айбардың сабақ үлгерімі өзгерген. Бір жағынан Айбардың бұл әрекеті сыныптастарына шабыт бергендей. Қазір барлығы сабақты жарысып оқитын болды. «Еліміздің патриоты болуға ұмтыламыз» деп ұрандатып жүр олар.

 

Тәжімұрат ӘЛЖАНОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ӘДЕБИЕТ 24 қараша 2015 г. 1 679 0