« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Онда кеңестің өткен жылғы отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы, археологиялық зерттеу жұмыстары бойынша далалық комиссия есебі тыңдалды. Сонымен бірге Хорезм экспедициясы кезінде Сыр өңірінен Ресейге әкетілген құндылықтарға жүргізілген ғылыми зерттеулер қорытындысы, мәдени мұра мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамасы жетілдіру жайы талқыланды. Оған қоса Қорқыт ата мұрасы мен түркі әлеміндегі орны турасында ойлар ортаға салынды.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов 2013 жылдан археологиялық қазба жұмыстарына қаржы бөлініп келе жатқанын айтты. Биыл Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің археологтары – Сығанақ қаласын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің археологтары – Жанкент қаласын, ғалым Ж.Құрманқұлов бастаған археологтар Шірік Рабатты зерттеуді жалғастырды. Сыр бойындағы орта ғасырлық қалалар мен Сауысқандық шатқалындағы таңбаларды ЮНЕСКО тізіміне енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ғылыми-әдістемелік кеңес мақұлдаған жобалар кезең-кезеңімен іске асып келеді.
Облыс аумағындағы 3 тарихи орынға жүргізілген қазба жұмыстары бойынша есеп берген кеңес жанындағы далалық комиссия төрағасы Мадияр Елеуов атқарылған шаруаға жоғары баға берді. Далалық комиссия 3 экспедициядан да археологтардың жұмысы, тапқан заттары жайындағы толық есепті алған. Қазба жұмыстары, тапсырылған есептер заманауи археологиялық талаптарға сай атқарылған. Осы ретте кеңес мүшелері археологиялық қазбалар барысында табылған мәліметтерді кітап етіп шығару, ақпараттық портал арқылы тарату, жекелеген экспедицияларды біріктіру туралы ұсыныстарын айтты. Мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов материалдық емес мұраларды жаңғырту туралы ойларымен бөлісті.
Қорқыт ата университеті «Археология және этнография» ҒЗО жетекшісі Әзілхан Тәжекеев Сырдарияның төменгі ағысына Хорезм экспедициясы жүргізген зерттеу жұмыстарын кезең-кезеңге бөліп қарастырған. Ортағасырлық қалаларды, сақ дәуірінің мәдениетін жіті зерттеген Хорезм экспедициясы жұмысының нәтижесінде бай мұрағат қалыптасқан еді. Бүгінде сол тарихи экспедицияның электронды базасы жасалды.
Қорқыт ата университеті Сыр өңірінен Ресейге әкетілген тарихи-мәдени құндылықтардың сандық және виртуалды мұрағатын, каталогын құрды. Сыр бойындағы ескерткіштерге қатысты жүздеген барлау жұмыстарының 25 томдық есебі тарихи-мәдени мұражайға тапсырылды. Хорезм экспедициясының біздің аймаққа қатысты есептері, сызбалары, карталары, әуеден түсірілген суреттер, антропологиялық материалдар Н.Миклухо-Маклай атындағы антропология және этнология институты мұрағатында сақталған. Сондай-ақ Мәскеудегі Шығыс халықтары өнері, Мемлекеттік Тарих музейлерінің қорында құнды материалдар бар. Ендігі кезекте олардың каталогын жасау, оған қоса Мәскеудегі жоғарыда аталған музейлердегі жәдігерлердің көрмесін ұйымдастыру мәселесі тұр. Бұл ұсыныстар кеңес тарапынан қолдау тапты.
Кеңес отырысында Мәдениет және спорт министрлігінің департамент директорының орынбасары Күміс Сейітова тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру туралы баяндама жасады.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі «Қорқыт ата мұрасы және түркі әлемі» тақырыбымен түркітілдес мемлекеттерде өткен шаралардың маңызын атап өтті. Қорқыт атаның өмір сүрген дәуірі мен өмірде болған-болмағанына, қай жерде өмір сүргеніне қатысты әрқилы тұжырымдар бар. Алайда Қорқыт ата туралы көптеген аңыздар мен оның күйлері, қобыз қазақта ғана сақталған. Таяуда өткен жиында түркітілдес елдердің ғалымдары «Қорқыт ата мұрасын сақтап отырған қазақ халқы» деген ортақ мәмілеге келді. Қорқыт атаның мұрасын тану арқылы Сыр бойының түркі дүниесінің қарашаңырағы екені айқындала түспек.
Кеңес отырысына келген археолог, мифолог, тарихшы ғалымдар көтерілген тақырыптарға байланысты өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |