МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕ ӘРІПТЕСТІК ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

 

МЕМЛЕКЕТТІК-ЖЕКЕ ӘРІПТЕСТІК  ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстағы мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларға арналған мәжіліс өтті. Мәжілісті ашқан аймақ басшысы әлемдік қаржы дағдарысы көптеген жоспарларымызға өзгеріс енгізуге мәжбүрлеп отырғанын жеткізді. Қырымбек Елеуұлы осы ретте ағымдағы жылдың 10 шілдесінде Қызылорда облысының әкімдігі, «Қазақстандық мемлекеттік – жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ, «Халықаралық қаржы корпорациясы» және «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын еске салып өтті. Меморандум өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бірлескен жобаларды іске асыруды қолдау арқылы мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасын нығайтуға зор ықпал ететін болады.

Мәжілісте облыстық экономика және бюджеттік жос­парлау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Жақып­бекова облыстағы мемлекеттік-жеке әріптестік жобалары туралы кеңінен ақпарат беріп өтті. Оның алғашқысы Қызылорада қаласындағы ауысымына 500 келушіге арналған емхана құрылысы жобасы. Оған инвестиция көлемі шамамен 1,5 млрд теңгені құрамақ. Құрылысқа беріліп отырған мерзім – екі жыл. Жобаның сметалық құжаттарын дайындауға және мемлекеттік сараптама алуға барлығы 47 млн теңге қаржы қажет. Оның 6,4 млн теңгесі ағымдағы жылы игерілсе, қалған қаржы 2016 жылы берілуі қажет. Келесі жоба – Қызылорда қаласындағы 600 орындық колледж бен оның 200 орындық жатақханасының құрылысы. Бұл жобаға салынуы тиіс инвестиция көлемі 1,9 млрд теңгені құрайды. Десе де, алдын ала болжамдар бойынша жобаның техникалық құжаттарына өзгерістер енгізілуіне орай, бұл көлем ұлғаяды деп күтілуде. Үшінші жоба апатты мектептер орнына жаңа мектептер салуға қатысты. Жоба аясында 11 мектеп құрылысы жүруі тиіс. Оның құны 4,5 млрд теңге. Облыстық мәслихат шешімімен жобаның концессиялық ұсынысын дайындауға 15,8 млн теңге қаржы бөлінген. Төртінші жоба – Қызылорда әуежайы терминалының құрылысы. Оған жұмсалатын қаржы көлемі 7,5 млрд теңге. Үстіміздегі жылдың 17 қарашасында облыстық бюджеттік комиссиясында концессиялық ұсыныс дайындауға облыс бюджетінен 11,5 млн теңге бөлу туралы келісілді. Соңғы таныстырылған жоба – Сырдария ауданы тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету және ауыз су жүйесін кеңейту жобасы. Қажетті инвестициялық қаржы көлемі 1,3 млрд теңге.

Жобалардың концессиялық ұсыныстарын жүргізу бойынша заңды тұлға болып «Мемлекеттік-жеке әріптестік жобаларын жүргізу орталығы» ЖШС анықталған. Бұл орталық жобаның концессиялық ұсыныстарын жүргізеді және жобаны жүзеге асыратын инвестор табуды міндетіне алады. Ал инвестор жобаны жүзеге асырғаннан кейін онымен жасалған келісім-шартта көрсетілген мерзім ішінде жұмсалған қаржы көлемі облыс бюджетінен кезең-кезеңімен қайтарылады.

Мәжілісті қорытқан аймақ басшысы жобалардың сметалық құжаттарына немесе концессиялық ұсыныстарына бөлінуі тиіс қаржы көлемдерін 2016 жылдың бюджетіне енгізу және қаржыны алдағы жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей беру туралы тиісті басқармалар басшыларына тапсырма берді.

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қараша 2015 г. 797 0