БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫТұңғыш Президент күніне орай Қызылорда қаласындағы Талсуат елді мекенінде республикалық балаларды оңалту орталығының филиалы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. 
Бұл 50 төсектік емдеу мекемесі аймақтағы неврологиялық ақаулы мүгедек балаларды оңалтуға арналған. 
Елімізде жыл басында 50860 мүгедек бала тіркелген болса, оның 34 пайызы неврологиялық ақаулармен науқастанады екен. Ал Қызылорда облысында 4000 мүгедек бала бар, соның 1400-і жүйке жүйесі аурулары бойынша есепте тұрады. 
Жаңа емдеу орнының жұмысымен танысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ғимаратты аралап көрді. Мұнда науқас жеткіншектердің сауығып кетуіне барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, емдік дене шынықтыру бөлмесі балғындардың сал болып қалған аяқ-қолдарын жазып, қалыпты жағдайға түсуіне мүмкіндік жасаса, монтессори педагогикасы науқастардың үй жағдайына бейімделуіне көмектеседі. Сондай-ақ, орталықта музыка, ойын терапиялары бар, асханасы да заманауи жабдықталған.  
Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы жиылғандарды жаңа оңалту орталығының ашылуымен құттықтап, балғындарға жылы лебізін арнады. 
– Құрметті ата-аналар, айналайын балалар, бүгін біз қуанышты сәтте тұрмыз. Осы шараға өздеріңіздің қуаныштарыңызды бөлісуге Астанадан бір топ Парламент депутаттары келіп отыр.  Бізде міне,  республикалық балаларды оңалту орталығының филиалы ашылып отыр. Бүгінге дейін біздің балалар Астанаға, Алматыға баратын еді, енді осы жерде емдеуге болатын балаларды өзімізде оңалтатын жағдай жасайық деп осы орталықты ашып отырмыз. Мұның материалдық базасын нығайтуға әлде де жұмыстар жасалу керек болса, оған тиісті қаржыны бөлуге біз дайынбыз. Ендеше, Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында ашылып отырған орталық барлықтарыңызға құтты болсын, осындағы балалар тезірек ауруынан айығып, қоғамда өздерінің орнын тапсын!– деп жылы лебізін жеткізді және естелік сыйлық табыстады. 
Өз кезегінде  ата-аналар атынан сөз алған қала тұрғыны Айжан Жеткербаева қуанышымен бөлісіп, мүгедек жандарға қолдау көрсетіп жатқан Елбасына, Елбасының саясатын жүргізіп отырған ел азаматтарына аналық алғысын арнады.  Сонымен қатар, шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов ата-аналарға, орталық қызметкерлеріне құтты болсын айтып, ізгі тілегін жеткізді. 
Онан соң өнерлі балғындар қонақтарға арнап би билеп, ән шырқады.  
Дәл қазіргі уақытта орталықта 70 бала ем алуда. «Республикалық балаларды оңалту орталығы» АҚ басқарма төрайымы Шолпан Бөлекбаеваның айтуынша, аталған орталықта жылына 700 бала емделіп шығады. Яғни, жүйке жүйесі ауруларымен ауыратын балалардың 50 пайызын оңалтуға мүмкіндік туып отыр. Ал, Астана мен Алматыға баратындарды қосқанда 1400 баланың жылына 70 пайызы тиісті емін алады екен.  
Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 04 желтоксан 2013 г. 5 252 0