ҮЙРЕК ҰШЫРЫП, ҚАЗ ҚОНДЫРҒАН

ҮЙРЕК ҰШЫРЫП, ҚАЗ ҚОНДЫРҒАНТалаптыға нұр жауатыны анық екен. Мұны күнделікті өмір­де талай байқап та жүрміз. Жуырда аудан әкімі Нажмадин Шамұратов облыс орталығындағы брифингте сөйлеген сөзінде Қазалыда кәсіп­керлік саласының қарқынды дамып келе жатқанына ерекше тоқталған еді. Бұған өзге көршілердің Қазалы­ны кіші Түркістанға теңеуі айқын дәлел болады. Соған орай ауданда кәсіпкерлік нысандары жылдан-жылға арта түсуде. Мұны мамандар да теріске шығармайды. Олардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді қолдануды жүйелі ұйымдас­тыр­ған Қазалы ауданы облыс бойынша кәсіпкерліктің көшін бастауда.

Енді нақты дерекке жүгінсек. Қазалы аудандық прокуратурасы, әкімдік, кәсіпкерлік бөлімінің бір­лескен жұмыс тобы Қарақұм беткейінен Қызылқұм шекарасына дейінгі елді мекендерді аралап шыққан еді. Әрине, тектен-текке жүрген жоқ. Баршаға бизнестің «100 жоба» кітабы таратылды. Нәтижесінде 10 айда 480 млн теңге көлемінде 31 жоба қаралды.

– Үй қаздары, үйрек пен тауық – қосалқы шаруа­шылықтағы ең пайдалы табыс көзі. Олар көп күй талғамайды. Аса құнарлы ет пен май, жоғары сапалы мамық жүн алуға болады. Жұмыртқасын, балапанын сатып қаржы табуға да мүмкіндік мол. Құс шаруашылығын дамытудың тартымдылығы оны үй бизнесіне айналдырудың қолай­лы екендігінде жатыр. Өсіру қайта­рымы өте тиімді, – дейді бізбен тілдес­кендер.

Турасына көшсек, «Эко-Даму» Қазалы ауданындағы құс шаруа­шы­лығының алға басуына септігін тигізуде. Кез келген істі жандандыру қаржысыз алға баспайтыны көпке аян. Не істеу керек? Көкейді күпті қылған сауалдың жауабын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ тапты. Аталмыш қордан 13 адам «Эко-Даму» бағдарламасы бойынша төрт пайызбен 35400000 теңге несие алды. Осы тұрғыда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның аудандағы өкілі Қанат Сүйеубаевтың іскерлік қабілетін, көпшілікпен жұмыс атқарудағы тәжірибесін, кәсіби жоғары деңгейін атап кету ләзім.

Төгілген тер, мазасыз күндер жемісін берді. Нақты кезеңде ерекше қорғалатын аймақтарда тұратын кәсіпкерлер аудан тұрғындарын экологиялық таза құс етімен қамтып отыр. Олардың қатарында Тасарық ауылының тұрғыны Жасұлан Асқаров та бар. Ол өзі несиеге алған 5 млн қаражатын ұқыпты пайдаланып, мың дана қаз, екі мың үйрек балапанын бағып-күтуде. Сондай-ақ құс шаруашылығын дамытуға кіріскендер легінен «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Мирамбек Силтеуов, Күлзада Абдразақова, Бибігүл Нұржанова сынды өзге де кәсіпкерлерді кездестіруге болады. Істеріңіз оңға бассын.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қараша 2015 г. 1 361 0