МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕЛЕРДІҢ МАҢЫЗЫ АРТАДЫ

МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕЛЕРДІҢ  МАҢЫЗЫ АРТАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда бес мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе, яғни, 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мен 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекелерін атап өтуді ұйымдастыру туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жазира Жылқышиеваның хабарламасы тыңдалды.

– Биылғы жылдың жалпыұлттық оқиғалар қатарының маңызды арқауы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы болды. ҚР Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығын мерекелеу 2015 жылдың қоғамдық-саяси күн тәртібін аяқтайды, – деп бастаған басқарма басшысы хабарламасында әрі қарай атаулы күндердің маңыздылығына тоқталды.

Тұңғыш Президент күнін мерекелеудің негізгі мақсаты – қоғамды елдің Тәуелсіздік жылдарында, қазіргі уақытта іргетасы болып табылған және болашақта іргетасы болып табылатын Мемлекет басшысының идея­сы мен саясатының айналасына біріктіру. Осы орайда Тұңғыш Президент күні өте маңызды мереке екені аталып өтіліп, сондықтан текконцерттермен, спорттық жарыстармен шектелмей, қоғамдық-саяси маңызды шараларға мән берілу керектігі айтылды. Және мерекелік іс-шараларды дайындау мен өткізу қоғамдық санада Тәуелсіздік құндылықтары мен патриотизмді нығайтуға, Елбасының басшылығымен жүргізіліп жатқан жаңартулардың маңызын жеткізуге, жасампаз еңбек құндылықтары мен әрбір қазақстандықтың мемлекеттің дамуына қосқан үлесін ілгерілетуге бағытталуы тиіс екені нақты тапсырылды.

Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев сөз алып, VІ «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумына дайындық жұмыстарымен таныстырды. «Байқоңыр» инвестициялық форумы – өңірімізде дәстүрлі түрде өткі­зі­ліп келе жатқан шаралардың бірі. Осыған дейін өткізілген бес форум аясында 64 екіжақты келісім мен меморандумға қол қойылып, облысқа 100 млрд. теңгеге жуық инвестиция құйылған.

Ағымдағы жылы желтоқсан айының 14-15 күндері аймақта алтыншы «Байқоңыр» инвестициялық форумын өткізу жоспарланып отыр. Бүгінде оған жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

– Аталған іс-шара барысында Қызылорда қаласы мен Сырдария өзенінің сол жағалауын кешенді дамыту және облыстағы орта, шағын бизнестің жаһандану жағдайында даму перспективалары, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, ІТ-индустрияны, сондай-ақ, мемлекеттік-жеке серіктестік механизмі арқылы инвестицияларды тарту қарастырылады. Форумға еліміздің барлық аймақтарының және шет мемлекеттерден бизнес-қоғамдары, банк секторлары, мемлекеттік органдар, даму институттары, ұлттық компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары қатысады деп күтілуде,– деді Ғалым Әміреев.

Мәжілісте Қызылорда облысының спорт түрлері бойынша 2016 жылғы Рио-де-Жанейро қаласында өтетін ХХХІ жазғы олимпиада, Параолимпиада ойындарына және Лиллехаммер қаласында өтетін ІІ қысқы Жасөспірімдер олимпиада ойындарына қатысатын және жолдама алуы мүмкін спортшылардың сапалы дайындығын қамтамасыз ету туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев баяндады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда 19 спортшы ХХХІ жазғы олимпиада ойындарына жолдама алуға үміткер атанып отырса, параолимпиадаға бес спортшы жолдама алуға үміткер болуда. Сонымен қатар, бір спортшы қысқы жасөспірімдер олимпиадасына жолдама алды. Ол – мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері Элизабет Тұрсынбаева. Бүгінде спортшылармен тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жиында сондай-ақ, күн тәртібіндегі төртінші мәселе, яғни, Қызылорда облысының экономиканың «ерекше кезең» жағдайындағы кәсіпкерлік және туризмді дамытудың Жол картасының орындалу барысы жөнінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Мирас Төлебаевтың хабарламасы тыңдалды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, қазіргі экономиканың қолайсыз жағдайларында, әсіресе, бірінші кезекте өңірлерде шағын және орта бизнестің жалпы аймақтық өнімдегі үлесінің деңгейін арттыру мақсатында республикамыздың барлық өңірлерінде арнайы Жол картасы бекітілді. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, 2014 жылдың қорытындысымен өңірде шағын және орта бизнестің жалпы аймақтық өнімдегі үлесі небәрі 11,1 пайызды құраған. Жол картасында орындалуы тиіс 92 тармақ қарастырылса, бүгінгі күні оның 74 тармағы бойынша жұмыстар жүргізілген.

Облыста мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарының желісі мен мектеп жасына дейінгі балаларды қамтудың жайы туралы баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев ағымдағы жылдың 1 қазанындағы есеп бойынша ай­мақта 648 мектепке дейінгі ұйымның жұмыс жасайтынын атап өтті. Онда 43351 бала тәрбиеленіп, 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы 51 пайызды, 3-6 жастағы балғындардың қамтылуы 93,5 пайызды құрап отыр.

Ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 460 орындық балабақша құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілсе, жекеменшік балабақшалардың желісі 53 бірлікке өсіп, бүгінде олардың саны 234-ке жетті. Бұл барлық балабақшаның 60 пайызын құрайды. Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балалардың қамтылуын 100 пайызға жеткізу мақсатында қосымша 2968 орын ашу жоспарлануда.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, оларды уақытылы орындауды ескертті.

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қараша 2015 г. 996 0