« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сенбі күні Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының 60 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов, өзге облыс театрларынан келген қонақтар мен көрермендер қатысты. Сахна театр ұжымының арнайы дайындалған шағын қойлымымен түрілді. Алдымен құттықтау сөз облыс әкіміне берілді.
– Құрметті өнерсүйер қауым, Алаштың анасы атанған Сыр өңірі ұлттық театр өнерінің талбесігі екені белгілі. Қазақ тарихында тұңғыш кәсіби театр сахнасындағы алғашқы спектакль де Қызылорда қаласында қойылған. Сондықтан да аймақ мәдениетінің қарашаңырағы саналған Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының 60 жылдық мерейтойы тек қызылордалықтардың ғана емес, барша елдің мейрамы. Аталған кәсіби театрдың негізін салушылардың бірі Жұмат Шанин кезінде "Театр – ұлттың айнасы, тәрбие құралы һәм рухани қазынасы” деп тегін айтпаған. Тұңғыш кәсіби қазақ театрын құру туралы шешім 1925 жылы қабылданды. Ал 1926 жылы Қызылорда қаласында М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет сахналанды. Сол күні шымылдығын түрген сахна төрінде Ә.Қашаубаев, Қ.Жандарбеков, С.Қожамқұлов және Ж.Шанин секілді саңлақтар өнер көрсетті. Олардың барлығы да ұлт мәдениетін ұлықтаған маңдайалды тұлғалар болды. Міне, қасиетті жерде киелі өнердің оты осылай тұтанды. Осы толқынның жалғасы, қазақ өнерінің ақжелкені атанған Сабира Майқанова апамыз да Сырдың перзенті. Актрисаның 100 жылдық мерейтойына орай Асанәлі Әшімов: "Қазақ театрының әкесі – Қалибек Қуанышбаев, ал анасы – Сабира Майқанова” деп айтқан болатын. Ұлттық өнерге қосқан өлшеусіз еңбегіне құрмет ретінде сол жақ жағалауда құрылысы басталайын деп жатқан жаңа қаладағы театр ғимаратының алдына Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» шығармасындағы Толғанай образындағы Сәбира апамыздың ескерткіші бой көтеретін болады, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Алпыс жылдық тарихы бар театр 1955 жылы Жетісу өңіріндегі Еңбекшіқазақ, Ақсу, Қаратал колхоз-совхоз театрлары негізінде шаңырақ көтерді. Құрылған кезден-ақ М.Әуезовтің "Абай”, "Қаракөз”, "Қарақыпшақ Қобыланды”, Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” секілді сүбелі пьесаларын қойған театрдың бас режиссері Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі Жақып Әбілтаев еді. Содан бері талай сахна шеберлері табысты еңбек етіп келеді. Соңғы жылдары театр біраз белесті бағындырды. Түркі халықтарының театр фестивальдеріне қатысып, жүлделі оралып жүр. Өнер ұжымы республикамызда да белді, бірегей театр саналады. Басты өнер ордасының материалдық базасын жақсартуға, оның репертуарын жаңа қойылымдармен толықтыруға жыл сайын облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп отыр. Сонымен қатар қосымша штат беріліп, театр жанынан жастар труппасы құрылды.
Салтанатты шарада облыс әкімі театр ұжымына сый ретінде автокөлік кілтін табыстады. Аймақ басшысы театрдың көркемдік жетекшісі Х.Әмір-Темір мен бас суретшісі С.Пірмахандымерейлі 75 жасқа толуларымен құттықтап, Қызылорда облысының "Құрмет грамотасы” мен 1 млн. теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, театрдың шығармашылық өсуіне елеулі үлес қосып жүргенерлі-зайыпты Сырым мен Ақтолқын Әбдірзақовтарға пәтер кілті берілді. Театрдың белді әртістері Бақытбек Темірбеков, Айгүл Байдалиева және Қайрат Исмайлов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеудеге тақты. Бірқатар әртістер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерейлі шарада сөз алған Қазақстан театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов өнер десе, ішкен асын жерге қоятын Сыр елінде мұндай театрдың болуы заңдылық деді. Бұл театрға деген ықыласы ерекше екенін де тілге тиек етіп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар облыс әкімінің өнер адамдарына жасап жатқан игі істеріне алғысын жеткізді. Бірқатар өнер иелеріне Қазақстан театр қайраткерлерінің одағы атынан құрмет көрсетті.
Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Сара АДАЙБАЕВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |