« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ұлт әдебиетінің абызына айналған Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов туған жеріне келді. Өзі туып-өскен Арал атырабындағы жерлестерімен жүздесті. Облыс орталығында оқырмандармен кездесу өткізді. Жерлестері қара сөзге деген адалдықтан айнымаған қаламгерге шынайы құрмет көрсетті.
Теңіз төскейіндегі ағайынның ернеуінен асып төгілген қуанышы біздің де қиялымызды қияға шарықтатқанеді. Жексенбіде Арал қаласының шетаймағындағы көрікті нысанның ауласына жиналған дүйім жұрт қарашаның нарды құлатар қара суығын елер емес. Бәрінің жүзіне шаттық ұялапты. Оның мәнісі де бар. Осынау келісті ғимаратқа Аралдың арда ұлы, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық үйі қоныстанған екен. Еденіне тас плиткалар төселіп, самаладай әсем түнгі жарықтармен безендірілген, жасыл желек көмкерген ауланың бір бұрышындағыұлттық ою- өрнекпен әдіптелген шағаладай киіз үй өлмес мұрамыздың куәсі сынды.
Мұражайдың түскен орны да кәсіби мамандардың асқан талғампаздығын паш етеді. Әудем жердегі көшені бойлап қаз-қатар салынған сүйріктей тұрғын жайлардың ішінен жазушының шығармашылық үйі ерекше көзге шалынады. Ал, дөң басынан ескен саф ауаны дархан даланың аяулы перзентіне деген ыстық ықыласындай сезіндік. Үлкен де - кіші де ғимараттың нақ ортасындағы өзгеше сомдалған ескерткішке жанарын қадап, толқып тұр. Бұл дарабоз дарынның «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған символикалық композициялық ескерткіші болатын. Оны Ақтау қаласының сәулетшісі Көшер Байғазиев мүсіндеген екен.
Міне, жүрек толқытар сәт. Айқара ашылған есіктен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов, Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов, қарымды қаламгер Шәкірат Дәрмағанбетұлы өзге де ел ағалары енгенде көпшілік теңіздей толқыды. Ел-жұртының қызу қошеметіне бөленген Аралдың абызы дәл осы тұста баршаға тағдырдың сел-дауылына мойымаған мәуелі алып шынардай елестеген-ді.
– Қазақтың екі ғасыр өмірін керемет суреттеп, романдар жазды. Қаламының қарымымен қазақ ұлтын әлемге әйгіледі. «Соңғы парызда» тартылған теңізбен адамдардың мейірімділігінің азайып бара жатқандығын үлкен шеберлікпен ұштастырған. Шығарманы оқи отырып, сол оқиғаның бел ортасында жүргендей боласың. Осындай абыз ағамыздың шығармашылық үйі сөз бен ойдың парқын түсінетін оқырмандары рухани ордасына айналады. Дүние тұрғанша тұрыңыз, абыз Әбе аға, – деді ескерткіштің ашылу рәсімінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Қарымды қаламгер Шәкірат Дәрмағанбетұлы болса Әбеңнің ғибратты ғұмырының әрбір парағын өскелең буын өнеге-үлгі тұтарына тоқталды. Келесі кезекте облыс әкімі, халық жазушысы, өзге де ел ағаларының қатысуымен «Соңғы парыз» романы кейіпкерлеріне арналған ескерткіш салтанатпен ашылды.
Шығармашылық үйінде журналистер қауымымен тілдескен Әбдіжәміл Кәрімұлы кіндік қаны тамған қасиетті Арал өңірінің танымастай түлегеніне сүйсініп, халқының алғаусыз ниетіне ризашылығын білдірді. Шындығында мұражай талапқа сай жарақталыпты. Өткен жылы Аралда жазушының тоқсанжылдық мерейтойына орай шығармашылық үйі ашылған болатын. Өскелең ұрпақ әдебиет үйінен жазушының шығармашылығымен танысып, танымал тұлғалармен түскен суреттерімен таныса алады. Ескерткіш осы шығармашылық үйінің алдына орнатылған.
– Бұдан кейін туған топыраққа келудің сәті түсе ме, білмеймін. Ол енді Алланың бұйрығына, денсаулығыма байланысты. Бірақ дәл қазір шексіз қуаныштымын, – деді Әбдіжәміл Нұрпейісов.
Айта кетейік, елімізде тек Ә.Нұрпейісовтің шығармаларының кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылған. 2008 жылы Ақтөбе облысында «Қан мен тер» романының кейіпкерлеріне қойылса, Аралдағы ескерткіш «Соңғы парыз» романының, түйінделер тұсын бейнелейді.
Мұнан соң облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Нұр-Ай» жеке балабақшасының жұмысымен танысты. Мамандығы бойынша дәрігер Туби Ибраева басшылық жасайтын бүлдіршіндер ордасының ашылғанына санаулы уақыт болыпты. Әйтсе де ұйымшылдықты ту көтерген ұжымның жеткен жетістігі бір төбе. Қысқа мерзімде аудандық «Менің балабақшам» атты сайыстың бас жүлдесін иеленіпті. Мұның өзі ұстаздар қауымының кәсіби деңгейінің биіктігін пайымдатары хақ. Жоғары жетістік табысқа жетеледі. Қаланың әр аймағынан бүлдіршіндердің осы балабақшаға келуі соның айғағы. Әрі балабақшада тасымал көлігінің болуы да басқалардан шоқтығын асыра түскендей. Аталмыш машинамен балаларды таңертең әкеліп, кешкілік үйлеріне жеткізіп салады. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге кәсіпкер жеке қаражатынан бөлек Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 10 млн теңге несие алыпты. Балабақша тәрбиеленушілеріне мейлінше жағдай жасалынған. Ғимарат ыстық-салқын сумен қамтылған. Ата-аналардың төлемақысы да қалтаға салмақ түсірмейді. Іші ұядай жылы бүлдіршіндер ордасында орыс, ағылшын тілін меңгеру күн тәртібіне тұрақты қойылған.
Облыс әкімі бастаған қонақтарды балабақша бүлдіршіндері үш тілде сәлемдесіп қарсы алды. Қызық мұнымен шектелмеді. Балғын бөбектер сахналаған Керей мен Жәнібек бейнесі назарға ұсынылғанда сүйсінбеген жан қалмады. Ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында екендігіне тоқталған Қырымбек Елеуұлыұжым мүшелерінің еңбектеріне жеміс тіледі.
***
Аралға сапарының алдында. сенбі күні Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен оқырмандардың кездесу кеші өтті. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет қызметкерлері мен жастар қатысты. Кешті филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым Бағдат Кәрібозов жүргізді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысы Арал ауданы Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан қаламгер шығармалары бүгінде ұлттық әдебиеттің бай мұралары болып саналады.
Жазушының тұңғыш шығармасы – Ұлы Отан соғысы тақырыбына арналған «Курляндия» романы 1950 жылы жарық көрген. Бұл шығармасы үшін жазушы Жамбыл атындағы сыйлықтың иегері атанды. «Курляндия» романы кейіннен өңделіп, толықтырылып, 1958 жылы «Күткен күн» деген атпен қайта жарияланған. Оның қаламынан туған «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары дүниежүзі халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Кездесу кешіне келген кітапсүйер қауым үшін мәдениет үйінде жазушының туындылары қойылған көрме ұйымдастырылды.
– Сыр елі үшін бүгін үлкен мереке. Арал теңізінің құйқалы пұшпақ, құйынды топырағында туып-өсіп, қазақ әдебиетінің абызына, әлемдік әдебиеттің көрнекті өкіліне айналған жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жерлестерімен кездесуінің сәті түсіп отыр. Құрметті Әбе, туған жерге қош келдіңіз! Елге келген сапарыңыз жаныңызға қуат, бойыңызға демеу болғай. Әдебиет – ұлттың тағдыры. Өткен ғасырдың алғашқы жартысында жазылған «Қан мен тер» – қазақтың мәдени, рухани деңгейін әлемге танытқан, халықтың мұңы мен сырын, үміті мен арманын шұрайлы тілде паш еткен бірегей туынды. Әбеңнің шығармалары әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзссіз. Сондықтан біз Тәңірге қазаққа сіздей сый бергені үшін рахмет айтамыз! Дүние тұрғанша тұрыңыз, қадірлі Әбе, құрметті абыз аға, – деп облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жазушыға жылы лебізін жеткізді.
Аймақ басшысы заңғар жазушының қайраткерлік қырларын да сөзіне арқау еткен болатын.
– Әйгілі Желтоқсан оқиғасынан кейінгі «қазақ ұлтшылдығы» жайлы негізсіз даурықпа басыла бере, тағы бір дабыра-дақпырт қаулап ала жөнелгенін ұмыта қойған жоқпыз. Александр Солженицынның орталық басылымның бірінде «Біз Ресейді қалай көркейтеміз?» деген атышулы мақаласынан кейін елдігіңе сын айтып, астамси пікір айтатындар өрттей қаулап ала жөнелді. Іле-шала академик Дмитрий Лихачев бастаған ғалымдар тобы ұлттық республикалар тілдерін менсінбейтіндіктерін ашықтан-ашық жария етті. Ел мен жер, тіл мен діл тағдыры қыл үстінде тұрған осындай сәтте жауынгер-қаламгер Әбең қатты ширықты. Алматыға келген сапарында КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы президенті Михаил Горбачевқа ел арасын алатайдай бүлдіргелі тұрған қауіп жайлы қаймықпай айтты. Осыдан кейін Қазақ елі туралы қисық пікір айтып қалмаса ішкен асы бойына тарамайтын шовинистер айылын жиды. Олардың орталық басылымдар бетінен түспейтін желбуаз пікірлері пышақкесті тыйылды. Абыз айтқан ел сөзі үлкен бір қауіптің алдын алды, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Арал атырабында туып-өсіп, ұлт әдебиетінің абызына айналған Әбең жерлестерімен жүздескеніне қуанышты.
– Мен 92 жасқа аяқ бастым. Бүгін елге келіп, жерлестеріммен, оқырмандарыммен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Әсіресе, кездесуге жастардың көп келгені көңілге қуаныш ұялатады. Сондықтан осы жастарға адал болыңдар, көп оқып, алған білімдеріңізді ел игілігі үшін жаратыңдар дегім келеді, – дейді жазушы.
Басқосуда жазушы оқырмандарға өзінің жан дүниесін толғандырған ойларды айтып берді.
– Адам баласының алдында үлкен мәселе тұр. Ол – экология мәселесі. Тағы бір мәселе бар, ол – адамзат пиғылының бұзылуы. Адам адамдықтан кетті. Хайуани деңгейге түсіп кетті. 21 ғасырда рухани қазынаға көзқарас күрт салқындап кетті. Қазір шетелде, Францияда, Англияда еркек еркекке, әйел әйелге үйленеді. Ал парламенті оларды қолдайтын заң шығарыпты. Адамдық қайда? Адамның бойындағы ұлы сезім махаббат еді ғой. Олар бүйте берсе, ұлт болудан қалады. Онсыз да ол елдерге Африкадан, Азиядан халық ағылып жатыр. Екі ғасырдан кейін Еуропаға сол халық ие болуы мүмкін. Осыны үйіме келген ағылшын лордына айттым. Мені экология мәселесі қатты ойландырады. Біздің табиғаттың болашағы осылай қиындап кете беретін болса, ақырзаманға апармай қоймайды. Біз қоршаған ортаны сақтауда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жанашырлықпен күресе білмесек, ақырзаманға барамыз. Сондықтан адамзаттың соңғы парызы – табиғаттың тазалығын сақтау, – деді жазушы.
Кездесуге келген кітапсүйер қауым Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларына, жазушының жеке өміріне қатысты сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
Дәурен ОМАРОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |