КӘСІБИ ЕҢБЕГІНЕ ШЫНАЙЫ ҚҰРМЕТ

КӘСІБИ ЕҢБЕГІНЕ ШЫНАЙЫ ҚҰРМЕТКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Сәдібек Балтабайұлын қабылдап, құрметті еңбек демалысына шығуына байланысты қажырлы қызметіне алғысын білдірді.

Сәдібек Балтабайұлы аймақтық байланыс саласының дамуында 11 жыл аянбай тер төкті. 1972 жылы Ташкент электртехникалық байланыс иститутын «Автоматты электрбайланыс» мамандығы бойынша бітірген ол өз еңбек жолында көптеген жауапты басшылық қызметтер атқарды. Ал облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директорлығына 2004 жылы тағайындалған ол Сыр өңірінің байланыс саласының дамуына да өз үлесін қосты.

– Азамат болу да оңай нәрсе емес. Ол қажырлы еңбек, маңдай тер, жұмыс жасаған ортаң, барлығына тікелей байланысты. Ал әдемі қартая білу де әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан да көпке үлгі болып, мол тәжірибеңізді елдің мүддесіне арнағаныңыз үшін біз сізге ризамыз. Бір салада өмір бойы жұмыс істеп өзіңізді дәлелдеп шықтыңыз. Жоғарғы кәсіби қабілетіңіз бен ізденімпаздылығыңыздың арқасында Сыр өңірінде байланыс сапасы жақсарып өсті. Енді біздің жас өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, халқымыздың асыл арманы мен үкілеген үмітін іске асыратын буынды қалыптастыруға ардагер ретінде үлесіңізді қосады деп ойлаймын, – деп байланыс саласының білгір маманына ризашылығын білдірді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қызылорда облысының "Құрмет” грамотасын тапсырды.

М.ҚОЖАХМЕТОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қараша 2015 г. 906 0