« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және облыстық құқық қорғау органдарының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру Кеңесінің бірлескен отырысы өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов және қала, аудан, ауылдық округ әкімдері мен құқық қорғау, арнаулы органдардың басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Басқосуда өршіп тұрған мал ұрлығы басты мәселе ретінде айтылды.
– Облыста 9 айда ұрлық қылмысы 3,7 пайызға өскен. Материалдық шығын 250 миллион теңгені құраған. Пәтер ұрлығы, қалта және ұялы телефон ұрлығы артқан. Әсіресе, ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын тудырып отырған өзекті мәселе – мал ұрлығы. Өкінішке қарай, одан республикада бірінші орынға шығып кеттік. Облыс әкімінің атына тұрғындардың арыз-шағымдары көптеп түсуде. Соңғы үш жылда 2023 мал ұрлығы дерегі тіркеліп отыр. Ал арызданбай, тіркеусіз қалып жатқаны қаншама. Ішкі істер қызметкерлерінің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде осы қылмыстардың үштен бірі ғана ашылған. Ауылдық жерлерде мал ұстап, соның өнімдерімен бала-шағасын асырап, күнелтіп отырған азаматтар үшін айдың күннің аманында малынан айрылу – трагедия. Ауыл әкімдері қайда қарап отыр? Учаскелік ниспекторлардың немен айналысып жүргені тұрғындарға беймәлім. Сонда ауылдық елді мекендердегі тәртіпке, қылмыстың алдын алуға кім жауап беруі тиіс? – деген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ішкі істер қызметкерлері мен ауыл әкімдерін сын садағының астына алды.
Шындығында Қазақстанның өзге облыстарында мал ұрлығы фактісі азая түссе, Қызылордада керісінше мұндай қылмыс көбейіп кеткен. Облыс прокурорының орынбасары Н.Мақұлбеков мәліметіне сүйенсек, мал ұрлығы 30 пайызға, яғни 540-тан 693 дерекке өскен. Ал ұрланған мал саны 50 пайызға, яғни 982-ден 1466-ға артқан.
– Мал ұрлығының өршуі тұрғындардың мал санын өсіріп, шаруашылығын кеңейтуге кері әсерін тигізіп отыр, – деген Н.Мақұлбеков тұрғындардың малынан айрылу себептеріне тоқталды.
– Малдардың көбісі өрістен ұрланып, жоғалуда. Яғни, қылмыскерлер төрт түліктің жайылымда қараусыз жүргенін пайдаланады. Ұрылардың қорадағы малдарға да қол салған оқиғалары бар. Бұған қоса, облыс көлемінде 147 ауылдық округтің тек 66-сы ғана бақташымен қамтылған. Яғни, көптеген ауыл ұжымдасып бақташы жалдап, мал жаюды ұйымдастырмаған. Бұл да қылмыскерге ұрлық жасауға оңтайлы сәт туғызады. Сонымен қатар, облыста мал санын түгендеу жұмыстары толық атқарылмай отыр. Бүгінгі күні 755 405 мал құжаттандырылған. Малға ен, таңба салынбаса, құжат алынбаса, қылмыс орын алатыны анық. Бұған қоса, малды өткізетін, сойылған малдың етін қабылдайтын және соятын орындардың қызметіне тиісті бақылау жоқ. Бұл орындарға әкелінген малдың басым бөлігі ұрлық жолымен келетінін жоққа шығара алмаймыз. Тағы бір айта кетерлігі, мал ұрлығы қылмысы орын алған жағдайда ауыл тұрғындары уақытты шығындап, өз бетінше іздеуі қылмыс ізінің суып кетуіне әкеп соқтыруда.
Мал ұрлығы Шиеліден басқа облыстың барлық аудандарында өршіп кеткен, – деді облыс прокурорының орынбасары.
Байқасаңыздар, мал ұрлығының орын алуына иелерінің салдыр салақтығы себеп болуда. Сонымен бірге, уәкілетті органның қызметкерлері де бейқам отыр.
– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ішкі істер органдары қылмысты әшкерелеуші емес, оны тіркеуші органға айналған. Қылмыстың алдын алу және оны ашу шаралары тиісті дәрежеде жүргізілмейді, – деп кесіп айтты Н.Мақұлбеков.
Бұдан кейін баяндама жасаған ішкі істер департаменті басшысының міндетін атқарушы А.Меңдіғалин айтылған сын мен келтірілген кемшіліктерге қатысты тұшымды уәж айта алмады. Облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлының оған қойған сұрақтары да жауапсыз қалды. «Мал ұрлығын кәсіп еткен ұйымдасқан қылмыстық топ неге анықталмаған? Онымен тек бір ғана адам айналыспайтыны белгілі емес пе?» деген сауалына мардымды жауап берілген жоқ.
Облыс прокуроры Сапарбек Айтуұлы биылғы жылдың басында өткен Үйлестіру кеңесінде осы мәселе талқыланып, шешу жолдары қарастырылғанын айтып өтті. Алайда ішкі істер органдарының қызметкерлері содан бері тиісті қорытынды шығармаған. Мал ұрлығы тыйылмай, өршіп кетті.
– Ұрлық қылмысын әшкерелеуде тиімді жұмыс жүргізген Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін зерделеуді ұсынамын. Елдің тыныштығы, тіршілігі табысты болуы үшін еңбек етсек, халықтың сеніміне ие боламыз, – деді прокурор.
Ал облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы ауылдық округтердің әкімдері мен учаскелік инспекторлар бірлесіп, халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуі керектігін айтты.
– Учаскелік полиция инспекторлары ауыл әкімдерімен бірге халыққа есеп беруі керек. Сол кезде ел алдында олардың жұмысының шынайы бағасы айқындалады. Ең бастысы, бізге елдің алаңдамай, тіршілігімен айналысқаны керек, – деді аймақ басшысы.
Отырысты қорытындылай келе, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудандар мен қала әкімдігі, ішкі істер департаменті, облыстық прокуратура органдары, ветеринариялық бақылау басқармасы, «Нұр Отан» партиясы филиалы қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар берді.
Дәурен ОМАРОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |