ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ АУДАН

ӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ АУДАНОсы аптада "Сыр медиа” жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Жиында А.Мұхимов "100 нақты қадам” аясында ауданда атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

 

Атқарылып жатқан жұмыстардың не­гізі әлеуметтік саланы дамытуға, жаңа жұ­мыс орындарын құруға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған. Нәтижесінде аймақ экономикасында тұрақты өсім қалыптасып, барлық сала алға ілгерілеуде. Аймақта атқарылып жатқан "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау”, "Батыс Еуропа – Батыс Қытай”, "Жезқазған-Сексеуіл”, "Бозой-Шымкент” сияқты ірі жобалардың барлығы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастырды. Ел экономикасында болып жатқан қиындықтарға қарамастан жыл басынан бері өңірдегі кәсіпорындардың өнім өндіру көлемі төмендеген емес. Ағымдағы жылдың 9 айында өнеркәсіп кәсіпорындары 4856,4 мың теңгенің өнімін өндірді. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі 118,4 пайызға артты.

Аймақтағы көптен бері жұмысы тоқтап тұрған ұн шығаратын элеватор іске қосылды. Қазіргі таңда "Ранар” ЖШС "Аралым” ұны мен мал шаруашылығына арналған жемді сатылымға шығаруда. Алдағы уақытта экономиканы әртараптандыру мақсатында осы кәсіпорын базасында бірнеше цех пен зауыттарды іске қосу көзделуде. Ауданда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3576-ға жетті. Нәтижесінде 5342 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Аудан экономикасын дамытудың басты көзі болып табылатын "Қамыстыбас-Арал” демалыс аймағын құру жұмыстары өз жалғасын табуда. Өткен жылы "Саут Ойл” компаниясы 20 гектар жерге 100 орындық "Қамбаш” балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығын салды. Биылдың өзінде туризмді дамыту жұмыстары өз жалғасын тауып, осы аймақтан 80-ге жуық нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл аудан экономикасын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға зор ықпалын тигізді. Осы жылы "Қамбаш” көлінің жағасына келушілер саны 70 мыңнан асып отыр. Демалыс орны білім саласының алға өрлеуіне де ықпалы зор. Маусым және тамыз айлары арасында аталған орталықта оқушыларды аймақтағы білікті тәлімгерлер ҰБТ-ға дайындауда. Аудандағы білім саласы жақсарып, ақарылған шаралар өз жемісін беруде.

Аралдағы үздіксіз дамып келе жатқан саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Аталған саладағы жалпы өнім көлемі 3,3 млрд теңгені құрады. Сала өнімдерін өңдеу, сақтау, өткізуді жолға қою мүмкіндіктері мол. Осыған байланысты өңірде бірнеше зауыттар салу көзделуде. Мал шаруашылығында да барлық түлік түрінің тұрақты өсімі байқалады. Ауданда мал басын асылдандырудың 4 бағыты бойынша 8 шаруашылық жұмыс жасауда. Жыл басынан бері аталған шаруашылық бойынша 77,6 млн теңге субсидия алынды.

 

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қараша 2015 г. 1 053 0