« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Тіршілікте түрлі түйткілдермен бетпе-бет келетін адамдардың маңдай тіреп баратын мекемесі – жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы. Елбасы Жарлығымен әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қазанның соңғы жексенбісіне белгіленген болатын. Біз аталған басқарманың басшысы Марат Делмұхановпен сұхбаттасып, өткен 10 айдағы сала жұмысындағы нәтижелер туралы әңгіме өрбіткен едік.
– Марат Нұрсайынұлы, бүгінгідей айрықша экономикалық кезеңде халықтың жұмыспен қамтылуы басты назарда тұр. Жұмыс болған жерде табыс бар, табыс болған жерде тұрмыс түзу болатыны белгілі. Сондықтан әңгімемізді жұмыспен қамтудыңкөрсеткіштерінен бастасақ...
–Дұрыс айтасыз, кез келген елде жұмыссыздық деңгейі елдің жалпы экономикалық хал-ахуалының көрсеткіші болып табылады. Сондықтан, халықтың жұмыспен қамтылуы қашанда бірінші кезектегі мәселелердің бірі болатыны белгілі. Халықтың жұмыспен қамтылуын үйлестіру басқарманың негізгі жұмыстарының бірі болғандықтан, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды нақтылап атап өткенді жөн көріп отырмын.
Жыл басынан бері 9750 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланса, бүгінгі күнге 9712 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 7783-і тұрақты жұмыс орындары. Жұмыс іздеуші ретінде хабарласқан 27850 адамның 12131-і жұмысқа орналастырылды, соның ішінде 248-і мүгедектер.
Облыста 69 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, жәрмеңкеге 5704 жұмыс іздеуші қатысты, 2023 адамға жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жолдама берілді.
Жұмыспен қамту органдары облыстағы мекеме, кәсіпорындардан жұмыскерлердің жұмыс уақытының немесе штат кестесінің қысқаруына күнделікті мониторинг жүргізуде. Кешенді жоспар аясында облыс бойынша 23386 адамды қамту жоспарланып отыр, соның ішінде 13502-сі жұмыссыздар, 9884-і нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар қатарынан. Бұл облыс бойынша жұмыссыздар мен нәтижесіз жұмыспен қамтылған азаматтардың39,2 пайызын құрайды. 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік, салалық және өңірлерді дамыту бағдарламалар шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларымен 24386 адам жұмыспен қамтылды.
– «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы осы саладағы сәтімен жүзеге асқан жобалардың бірі ретінде халықтан өз бағасын алып үлгерді. Бағдарламаның қазіргі беталысы қандай?
– «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» өзінің маңыздылығын, халыққа қажеттілігін дәлелдеген бағдарлама. 2015 жылға аталған бағдарламаға 1877,9 млн теңге қаралған. Жыл басынан бағдарламаға қатысушы ретінде 5116 адам хабарласса, 5106 адам бағдарламаға қатысушылар қатарына енгізілді. Оның 1820-сы жастар. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 6931адам қамтылды, соның ішінде 6728 адам жұмысқа орналасса, 5845 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
– Әлеуметтік көмекке мұқтаж топтар өздеріне тиесілі жәрдемақыларды алып отыр ма?
– Әрине, барлық әлеуметтік төлемдер уақытылы төленіп отыр. Әлеуметтік сала үлкен жауапкершілікті, нәтижелікті қажет ететін сала. Елбасы халыққа арнаған Жолдауында «Қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа ілгерілеуіміздің маңызды индикаторы болуға тиіс» деген сөзімен бұл салаға жүктелер жүктің маңыздылығын тағы да атап өтті.
2015 жылға бюджеттен аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік көмектер көрсетуге барлығы 1324,0 млн теңге қаражат қаралған, есепті кезеңге 60471 аз қамтамасыз етілген азаматтарға 985,9 млн. теңгеге әлеуметтік көмектер және 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы төленіп, қаралған қаржының 74,5 пайызы игерілді. Жыл аяғына толық игеріледі.
Жергілікті өкілетті органдардың шешімдерімен жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдауға 1056,4 млн теңге қаражат қаралған, оның ішінде республикалық бюджеттен – 184,8 млн теңге (ҰОС Жеңістің 70 жылдығына орай материалдық көмекке), облыстық бюджеттен – 729,9 млн теңге (ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне Жеңістің 70 жылдығына орай материалдық көмек көрсетуге – 19,8 млн теңге, ҰОС жылдары тылда 6 айдан кем емес жұмыс істеген тыл ардагерлерін әлеуметтік қолдауға 402,8 млн. теңге, халықтың әлжуаз тобынан шыққан жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттерге оқу ақысын төлеуге – 175,5 млн теңге, туберкулезден емделудің сүйемелдеу сатысындағы азаматтарға қосымша тамақтануға 125,6 млн теңге, гематологиялық аурулармен (лейкоз) ауырған балаларға дәрі-дәрмек алуға 6,2 млн теңге) бөлініп отыр.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін 10471 адамға 987,4 млн теңгеге әлеуметтік төлемдер төленіп, қаралған қаражаттың 93,5 пайызы игерілді. Жыл аяғына толық игеріледі.
Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап Қызылорда қаласы мен Шиелі ауданы бойынша өзара міндеттемелер қағидаты негізінде табысы аз отбасыларының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы және әлеуметтік бейімделуден өтуі шартымен берілетін шартты ақшалай көмек пилоттық жобасы іске асырылып келеді. Жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттерден 6,0 млн теңге қаражат бөлінді. Жоба аясында есепті кезеңге 160 адамға 5,3 млн теңгеге көмек тағайындалып төленуде. Шартты ақшалай көмектің орташа айлық мөлшері 4561 теңгені құрайды.
Шартты ақшалай көмек алушылардың құрамындағы еңбекке жарамды тұлғалар саны 36 адам. Жоба аясында оның 35-і әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамтылды (14 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 18 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды, 2-і қайта даярлау курстарына жіберілді).
Үкіметтік емес ұйымдардың мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «Сыр мейірімі» жобасын қаржыландыруға 2015 жылға облыстық бюджеттен 37,0 млн теңге қаражат бөлінді. Есепті кезеңге сапалы тамақтануды қажет ететін 240 жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге, өзін-өзі күте алмайтын науқас азаматтарға 17,3 млн теңгеге 33901 ыстық тамақ ұйымдастырылды.
– Қоғамның көмекке мұқтаж тобы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Оларды оңалту шаралары мен бағдарламаларының тиімділігі қандай?
– Аймағымызда 27808 мүгедек бар, өкінішке орай, оның 4371-і балалардың үлесінде болып отыр.
Мүгедектерді оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге, көмекші құралдармен қамтамасыз етуге облыстық бюджет есебінен 256,4 млн теңге бөлінді. Үйде қызмет көрсетілетін 871 жалғызбасты қарт, мүгедектерге және үйде қызмет көрсетілетін 1341 мүмкіндігі шектеулі балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілді. Жыл басынан бері 7030 жеке оңалту бағдарламасы даярланып, орындалды.
Бүгінгі күнге облыс бойынша 179 мүгедек тұрақты жұмыспен қамтылды. Жеке-жеке тоқталсам, Арал ауданы бойынша – 26, Қазалы ауданы бойынша – 14, Қармақшы ауданы бойынша – 18, Жалағаш ауданы бойынша – 8, Сырдария ауданы бойынша – 22, Шиелі ауданы бойынша – 28, Жаңақорған ауданы бойынша – 19, Қызылорда қаласы бойынша 44 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
– Бүгінде еңбек қатынастарын реттеудің тиімді құралы әлеуметтік әріптестік болып отыр.Осы бағыттағы жұмыстардың жүзеге асу ретіне тоқталсаңыз.
– Жыл басында Үкімет денгейінде 2015-2017 жылдарға арналған республикалық Бас келісімге кол қойылып, осыған сәйкес облыс әкімдігі, облыстық кәсіподақтар орталығы және облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында үш жақты облыстық келісім жасалған, комиссия құрамы және комиссияның 2015 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген болатын.
Ағымдағы жылдың басынан бері әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы 8 ретөткізілді. Отырыстар барысында жұмыссыздықты болдырмау, әлеуметтік еңбек жанжалдарының алдын алу және жалақы қарыздарын өтеу бойынша шаралар туралы, сонымен қатар қазақстандық жұмысшылар мен шетел жұмысшыларының арасындағы жалақы сәйкессіздігі, мұнай өндіруші және мұнайсервистік компаниялардың еңбек қатынастары саласындағы жағдайы, еңбек даулары мен жұмыс орындарының қысқаруына жол бермеу бойынша мәселелер қаралуда.
Сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2015» конкурсының облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді. Егер былтырғы жылы «Қазгермұнай» БК ЖШС Гран-при иегері атанса, биылғы жылы қатысуға 18 мекеме ниет білдіріп отыр. Тағы да жетістіктерге жетуге мүмкіндігіміз бар деп есептеймін.
– Төл мерекеңізбен тағы да құттықтаймын, мереке қарсаңында әріптестеріңізге айтар тілегіңіз.
– Көп рахмет. Әлеуметтік жүйе – бұл асқан табандылықты, жауапкершілікті қажет ететін сала. Біз үшін әрбір адам, әрбір адамның мәселесі маңызды. Сондықтан қиыншылығы мен қызығы мол еңбектің иелері – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Ел игілігі үшін атқарып жүрген еңбегіміздің табысты болуына тілектеспін
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |