ТАЗАЛЫҚ МЕКЕМЕСІНДЕГІ ТЫНЫМСЫЗ ТІРШІЛІК

ТАЗАЛЫҚ МЕКЕМЕСІНДЕГІ ТЫНЫМСЫЗ ТІРШІЛІКТазалық – денсаулық кепілі. Ал ол жеке бас гигиенасынан бөлек қоршаған ортамен де тікелей байланысты. Сондықтан да табиғатты қорғау, айналаны таза ұстау кез келген адамның азаматтық борышы. Алайда, біздің қала тұрғындары оны қаншалықты сезініп жүр? Бұл сауалға тосылып қалатынымыз анық. Себебі көпқабатты үйлердің алдындағы жәшікке баруға ерініп, қоқысты алыстан сыртына лақтыра салатындарды көз көріп жүр. Ал оның бұрыстығын айта қалсаңыз, бар жауапкершілікті қоқыс тазалайтын мекемеге ысыра салатыны тағы бар. Осыдан-ақ қала тазалығымен айналысатындардың бейнетін бағамдай беріңіз. Осындай шырғалаңы көп, жауапкершілігі жоғары жұмысты жүйелеп, ұйымдастыратын «Қызылорда тазалығы» ЖШС директоры Талғат Құлмағанбетовті әңгімеге тартқан едік.

– Талғат Бекмырзаұлы, әңгімемізді «Қызылорда тазалығының» техни­калық мүмкіндіктерінен бастасақ. Техникалық базасы жаңа ма?

– «Қызылорда тазалығы» мекеме­сінің өз жұмысын бастағанына екі жыл болды. Мекеме алғаш құрылғанда соған дейін қала тазалығымен айналысқан «Көркейту» компаниясынан қалған 42 дана техника болатын. Оның бастапқы легі – 2005, соңғысы 2009 жылы әкелінген еді.Ал біздің серіктестік құрыла сала облыс әкімінің қолдауымен 548 млн теңге бөлініп, заман талаптарына сай, соңғы үлгідегі 63 дана техника алып берді. Өткен жылы да облыстық бюджеттен 397 млн теңге қаралып, 12 түрлі қызметтерді атқаратын көлік пен 22 шаңсорғыш алынды.

Бұл техникалардың барлығы соңғы үлгіде жабдықталған. Мәселен, «бақша тракторы» деген көлік тұңғыш рет біздің өңірге 2013 жылы әкелінді. Швециядан шыққан онымен жазда шөп оруға, қыста қар тазалауға болады. Көгалдандыру жұмыстарына, қала тазалығына да пайдаланамыз. Ал қоқыс тазалайтын көліктердің көпшілігі көрші Ресейден әкелінген. Одан өзге жаяу жүргіншілерге арналған жолды тазалайтын арнайы шағын шаңсорғышымыз бар. Ал «ДНК» деген ресейлік құрылғы уақытты да, жұмыс күшін де үнемдеуге мол мүмкіндік берді. Себебі көше бойындағы темір қоршауларды жууға бірнеше адам жұмылатын. Қазір техниканың көмегімен, мәселен, Абай даңғылының бойындағы шарбақтарды екі сағатта жуып шығуға болады.

– Қала тазалығы заманауи құрыл­ғылардан бөлек адам санын да қажет етеді. Жұмыс күші жеткілікті ме?

– Қазіргі таңда штат бойынша370 адам жұмыс істейді. Жұмыс күші жеткілікті деп те айта алмаймыз. Басым бөлігі – көше тазалайтын жұмысшылар, жүргізушілер, қоқыс тиеушілер, көгалдандырушылар. Олар негізінен қаланың санитарлық тазалығымен, абаттандыру жұмыстарымен айналысады. Соған сай көшедегі талдарды, бордюрлерді және темір қоршауларды, айналма жолдарды, бағаналарды сырлап, әктейді. Сондай-ақ, келісімшарт негізінде тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, кіші және орта бизнес нысандары мен жеке сектордан шыққан қоқыстарды полигонға жеткізу де бізге жүктелген. Әрине, адам санының аздығы сезіледі. Алайда оны көбейту мүмкін болмай тұр. Себебі қаланың санитарлық тазалығына, көркейту, абаттандыру жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемі 2010 жылдан бері өзгеріссіз келеді. Қала үлкейді, жұмыс көлемі артты. Ал қалалық бюджеттен бөлінетін қаражат бес жылдан бері 500 млн теңгені құрап отыр. Бұл ақшаны біз коммуналдық шығынға, техникалардың қажетті бөлшектерін алуға, жанар-жағармайға және жұмысшылардың айлық жалақыларына жеткізуіміз қажет.

– Штат саны аздық еткенімен, әсіресе, қыста «Қызылорда тазалығы» техникаларының тынымсыз қоғалысын, жұмысын байқап қаламыз. Жұмысшылардың жұмыс кестесі қандай?

Қоқыс жинаушы көліктердің жұмысы таңғы алтыдан басталып, кешкі жетіге дейін жалғасады. Түскі мезгілде белгіленген үзілістері бар. Осындай тынымсыз еңбектің нәтижесінде полигонға былтыр – 139 376, биылғы он айда 98 мың 257 текше метр қоқыс шығарылды. Ал қыста қар тоқтағанша техникалар да үздіксіз жұмыс жасайды. Осы орайда айта кететін жайт, бізде сағат сайын ауа райын бақылап, мамандармен сөйлесіп, ғаламтордың болжамын бағамдап отыратын бөлім бар. Соның негізінде жұмысымызды жоспарлаймыз. Мәселен, қар жауатын болса, техникаларды екі мезгіл кезекшілікке қойып, барлық бөлшектерін тексеріп, дайындаймыз. Ал жер тайғақ болады деп күтілсе, ауыр көліктерге тұз, құмды алдын ала тиеп қоямыз.

– Бір сөзіңізде жеке тұрғын үйлермен келісімшарт негізінде жұмыс жасайтындықтарыңызды айттыңыз. Бұл туралы тұрғындардың бірі білсе, бірі хабарсыз болуы мүмкін. Бұл қызмет түрін тарқатып айтып берсеңіз.

– Қазіргі таңда 456 көпқабатты және 632 жеке сектордағы тұрғын үймен келісімшарт негізінде жұмыс жасап жатырмыз. Бұл қызметті кез келген үй пайдалана алады. Алайда, оған көпшілігі құлықсыздық танытып отыр. Тіпті қоқысты бір мезгілде шығаруға дағдыланбай отырғандар да бар. Біз мамандармен қаладағы бір көшеге тәжірибе жүргізіп көрдік. Арнайы хабарлама жасап, қоқыс салынған қалталарын таңғы сағат сегізге дейін шығарып қоюға шақырдық. Бірақ онымыздан түк шықпады. Кейбір көшелерде қоқыс үздіксіз тәулік бойы жинала береді. Осы арада бөле-жара айтарымыз бізге бөлінетін қаржы тек қаланың санитарлық жағдайы мен абаттандыру жұмыстарына қаралған. Сондықтан айналасын таза ұстау, жеке үйінен шыққан қоқысты бей-берекет тастамау әр тұрғынның өзіне жүктелген міндет. Ендеше, туған қаласының тазалығына әр адам жауапкершілікпен қараса деген тілек бар.

 

Сұхбаттасқан

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2015 г. 1 295 0