АРАЛДЫҚТАР АЛАУ ЖАҚТЫ

бір айда 4 аудан орталығы көгілдір отынға қосылды

АРАЛДЫҚТАР АЛАУ ЖАҚТЫСәрсенбі күні Арал ауданының орталығы көгілдір отынға қосылды. Автоматтандырылған газ тарату станциясын іске қосу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев және «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев қатысты.

Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында былтыр жасалған меморандумға сәйкес, Жаңақорған, Шиелі, Әйтеке би кенттері мен Арал, Байқоңыр қаласын газдандыруға қажетті қаражат бөлінген. Ал қалған аудан орталықтары келесі жылы газбен қамтылатын болады. Ол жұмыстарға қаржы Еуропалық қайта құру және Даму Банкі инвестициясы есебінен тартылады. Сол кезде облыс халқының 85 пайызға жуығы көгілдір отынға қол жеткізеді.

Арал қаласын газдандыру биыл мамыр айында бас­талып, газбен жабдықтау жүйесі мерзімінен екі ай бұрын пайдалануға беріліп отыр. Аудан орталығында 293 шақырым қалаішілік газ құбыры салынды. Екі газ тарату пункті, 36 шкафтық газ тарату пункті орнатылды. Енді 32 мың қала тұрғыны, 143 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын табиғи газды пайдалануға мүмкіндік алды. Жаңадан іске қосылған «Арал» газ тарату станциясы өзге де елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жеткілікті болғандықтан, алдағы уақытта Жақсықылыш, Шижаға ауылдарына да құбыр жүргізу жоспарда бар.

– Алдымен баршаңызға Елбасының ыстық сәлемін жеткізейін. Мемлекет басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалар мен игі істерге жоғары бағасын берді. Бұл сындарлы кезеңнің өзінде сыр бермейтін Сыр еліне деген Елбасының сенімі, әрқашандаЕлбасыға қолдау болған халқымыздың тілегі деп білемін. Бүгін Сексеуіл кентінің тұрғындары жаңа емхана мен мәдениет үйіне қол жеткізсе, бұл қуаныш көгілдір отынның қосылуымен жалғасып жатыр. «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясы нағыз халықтық компанияға айналып отыр. Соның арқасында халықтың тұрмысы түзеліп, әлеуметтік жағдайы артатын болады. Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

– Бүгін Қызылорда облысында көгілдір отынға төртінші аудан қосылып отыр. Бұл бастама жалғасын тауып, келер жылы қалған аудандарды да газдандырамыз. Біздің компания әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қояды. Барлық жұмысты сапалы әрі мерізімінен ерте аяқтап отырмыз, – деді «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев.

АРАЛДЫҚТАР АЛАУ ЖАҚТЫАудан орталығында газды жеке үйлер мен әлеуметтік нысандарға газ тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Арал қаласында алғашқылардың бірі болып үйіне көгілдір отынды кіргізген Берсүгіровтер отбасы. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев осы шаңырақта болды. Үй иесі Хұсайын Берсүгіров Арал көпсалалы колледжінде мұғалім болып қызмет атқарады екен. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіруде. Олардың қуанышында шек жоқ. Талай жылғы армандары орындалғанына риза. Ал оның анасы Ақкүріш апа 56 жыл бойы от жағып, күл шығарғанын айтады. Енді балалары мен келіндерінің сол бейнеттен құтылғанына қуанышты.

– Газ келді, үйге жаз келді деген осы. Асылық айтудан аулақпын, от жағу, көмір тасу бейнетінен арылдық. Елбасының, ел азаматтарының еңбегінің арқасында тұрмысымыз жеңілденді. Қиыншылықтың бәрі артта қалды, – дейді қария.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінің бойында салынып жатқан «В» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Жеке кәсіпкер Берік Жандәулетов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 60 миллион теңге несие алып, оған қосымша өз қаражаты есебінен құрылысты жүргізуде.

– Кешен екі қабаттан тұрады. 21 орынға арналған қонақ үй, әр бөлмеде жуынатын орын мен дәретхана орналастырылған, сонымен қатар дәрігерлік бекет те бар. Асхана, сауда дүкені, қосалқы автобөлшек дүкенін салып жатырмыз. Бұдан басқа, шұбат, қымыз секілді сусындар мен ұлттық тағамдар сатуға арналған киіз үй тігіледі. Жанар май құю бекеті мен көлік жуу және автокөлікке арналған сервистік қызмет көрсету орталығы да бар. Кешен алдындағы автотұраққа 30 жеңіл автокөлік пен 20 жүк көлігі сыйып кетеді, – дейді Берік Жандәулетов.

Жалпы, Арал ауданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыда серпінді дамып келеді. Оның үстіне, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Сексеуіл – Жезқазған» сияқты ауқымды жобалар іске асуда.

 

 

 

КЕНТТЕГІ ҚОС ҚУАНЫШ

Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінің тұрғындары қос қуанышқа кенелді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев кенттегі жаңа емхана мен ауылдық клубтың ашылуына қатысты.

АРАЛДЫҚТАР АЛАУ ЖАҚТЫСоңғы жылдары Сексеуілде серпінді істердің қатары артқан. Кент – тоғыз жолдың торабындағы елді мекен. Облыстағы тіректі елді мекеннің бірі ретінде өткен жылы 405 млн теңге қаржы бөлініп, 2 мектеп, 1 балабақша жөндеуден өтті, ұзындығы 8 шақырым болатын 7 көше асфальтталды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен елімізде жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайтын ғасыр жобасы «Бейнеу-Жезқазған» теміржолының құрылысы басталып, былтырғы жылы пайдалануға берілді.

Осы жобаның Сексеуіл стансасы арқылы өтетін бөлігінде 5 бекет, 1 станса және 2 пәтерлік 38 тұрғын үй құрылыстары жүргізілуде. Осы жоба аясында кенттің 200-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтылды.

Енді, міне, 10 мыңнан астам халқы бар кент тұрғындарына арналған жаңа емхана ашылып отыр. Емхана құрылысы мен құрал-жабдықтары заманауи талапқа сай. Ауысымына 100 келушіге арналған емхананың құрылысына 248 млн теңге қаржы жұмсалған.

– Халқымыз қашаннан «Бірінші байлық – денсаулық» деп денсаулықты дүниедегі байлық атаулының барлығынан жоғары қойғаны белгілі. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Мәңгілік елімізді дамытуға қабілетті бола алады. Жаңа емхананың ақ халатты абзал жандары келушілерге сапалы қызмет көрсетеді деп сенеміз. Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Жалпы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымызда денсаулық сақтау саласы жыл­дан-жылға жақсара түсті. Арнайы «Жол картасы» қабылданып, материалдық-техникалық база нығайтылып, облыс тұрғындарының денсаулық көрсеткіштері едәуір жақсарды. Соңғы 2 жылда облыс­та 35 медициналық нысан пайдалануға берілген. Осы Арал ауданының Аралқұм, Қарақұм, Қамыстыбас елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар іске қосылды.

Сонымен қатар, соңғы үш жылдың көлемінде облыста 19 ауылдық клуб пен 2 музей пайдалануға берілді. Сондай жаңа нысанның бірі Сексеуіл кентінде ашылып отыр. Қонақтар мәдениет ошағының ашылу салтанатына қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Мұндай клубтың ашылуы ауылдың ажарын кіргізіп, өнерге серпіліс береді. Енді ауыл азаматтарының рухани демалып, мәдени шаралар ұйымдастыруына барлық жағдай жасалып отыр. Тек соны тиімді пайдаланып, рухани құндылықтарымызды арттыруға атсалысуларыңыз қажет. Заманауи үлгідегі жаңа клубы бар ауылдан Сыр елінің мерей-мәртебесін асқақтатар талай талантты ұл-қыздардың өсіп-жетілеріне сенімім мол, – деген облыс әкімі Қ.Көшербаев сексеуілдіктерді тағы бір қуанышты жаңалық күтіп тұрғанын айтты. «Келер жылы кентке газ құбыры тартылатын болады» деген аймақ басшысының сөзі тұрғындарды бір серпілтіп тастады.

Бұл ауылда өнерлі өрендер көп. Сондай жастардың бірі Нұрболат Сейітқалиұлы жаңа мәдениет ошағына меңгеруші болып тағайындалған. Ол жақында Түркияда өткен халықаралық «Грация-Түркия» байқауында І орынды иеленіпті. Қазіргі таңда өзі де жергілікті өнерпаздарды баулуда.

– Жаңа клубтың ашылғанына ризамыз. Енді мұнда тәлім алатын өрендер жоғары белестерді бағындырары сөзсіз, – дейді Нұрболат.

Ал, ардагер Жақсылық Сүйінғараев сексеуілдіктердің көптен күтіп жүрген арманы орындалғанын жеткізді.

– Бір күнде екі бірдей ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Мұндай игі істер мұнымен тоқтап қалмаса дейміз. Аудан орталығына газ келіп жатыр, темір жол саласы дамуда. Жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың жағдайы жақсара береді деген сенімдеміз. Соған барлығымыз тілекші болайық, бірлікте болайық, – деді қария.

 

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қазан 2015 г. 1 055 0