« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен аптаның сенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жылу беру бойынша құрылған комиссияның отырысы өтті. Комиссия мүшелері мен басқарма басшылары қатысқан жиында жылу маусымының жай-жапсары талқыланды.
15-қазаннан бастап аймақтың барлық әлеуметтік нысандары мен тұрғын үйлеріне жылу берілген. Қыстан қиындықсыз шығу үшін 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Жалпы, өңірде 1041 әлеуметтік нысан болса, оның 621-і көпқабатты тұрғын үй. Барлығын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін 1 млрд 770 млн теңгеге көгілдір отын мен мазут қоры жасақталды.
– Қызылорда жылу-электр орталығы мен Оңтүстік жылу орталығының тозығы жеткен құбырларына, бу қазандықтарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылда жылу беру маусымы 1-қазаннан басталатын, биыл Қарағанды зауытынан жаңа құбырлардың кешіктіріліп жеткізілуіне байланысты кейбір нысандарға жылу кеш қосылуда. Екі күн мерзімінде 100 пайыз барлығын жылумен қамтамасыз ететін боламыз. Министрлікпен тиісті келіссөздер жүргізілді. Сондықтан жылу беру маусымында қиындықтар болмайды,– деді мәжілісте алғаш болып сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов.
Сонымен бірге басқосуда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы жылу беру маусымының барысы жөнінде айтып өтті. Оның айтуынша, алғашқы жылу беру сәтінде қалада 14 көпқабатты үй жылуға қосылуға дайын болмаған. Қазір олардың тоғызы жылуға қосылды. Қалған бес үйге де бір-екі күнде жылу беріледі деп күтілуде. Ол үшін тиісті жұмыстар жасалуда. Осы орайда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған үйлерде туындап отырған мәселе тұрғындардың жауапсыздығынан болып отырған жағдай екенін айтты.
– Өжіре мен пәтерлердің құбырларын тұрғындар өздері жөндеп, ауыстыруы тиіс. Бірақ біз жылда шамамен 130-ға жуық өжірені өзіміз жөндейміз. Биылдың өзінде шамамен бес мыңға жуық вентиль сатып алдық. Алайда оны тұрғындардың өздері бүлдіріп, ұрлап жатады,– деді Н.Нәлібаев.
Айта кету керек, республикада облыстың инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға аймақтар арасында ең көп қаржы алып отырған Қызылорда облысы екен. Осы орайда аймақ басшысы жылу беру маусымы кезінде күнделікті мониторинг жасап, жауапты басшылардың бақылауында болуын тапсырды.
– Биылдың өзінде қыруар қаржы бөлініп, облыс орталығындағы 22 шақырым жылу құбырлары жөндеуден өткізілді. Барлық көпқабатты үйлердегі жылу жүйелері жаңартылды. Жасалған жұмыстарға тұрғындар да ұқыптылықпен қарауы тиіс. Өйткені ұрлық фактілері жиілеп, соның салдарынан жылу ала алмай отырған үйлер де бар. Сондықтан қоғамдық бақылауды күшейту керек,– деді облыс әкімі.
Комиссия отырысында аудан басшылары селекторлық байланыс арқылы аудандардағы жылу беру маусымының жайынан хабардар етті және барлық басқарма басшыларының есебі тыңдалды. Мәжілісті қорытындылаған аймақ басшысы жылу беру маусымы кезінде ешқандай қиындықтар туындамауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |