« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Қызылордада болды. Әуелі облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында өңір активімен кездесіп, партияның алдағы мақсат-міндеттерін талқылады. Жиынға облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясы мүшелері мен сарапшы топ жетекшілері, партия ардагерлері мен жасотандықтар, бейне-байланыс жүйесі арқылы аумақтық партия белсенділері мен бастауыш ұйымдарынан барлығы 400-ден аса нұротандықтар қатысты.
Кездесу барысында Асқар Мырзахметов партияның алдағы уақыттағы жұмысындағы басым бағыттар жайлы айтты.
– Бұдан былай партия бюджет қаражатының тиімді әрі сапалы жұмсалуына басымдық береді. Әсіресе, өңірлерде мемлекет қаржысына жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламаларға бақылау күшейтіліп, қатаң қадағалау қолға алынады. Шағын және орта бизнесті дамытуды да партиялық бақылауға алғалы отырмыз. Себебі, ол халықты жұмыспен қамтамасыз етуге мол мүмкіндік береді. Қазіргі дағдарыс жағдайында біз осыған басымдық беруіміз керек, – деді Асқар Исабекұлы.
Сонымен қатар, бас партия қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешуге, әлеуметтік мәселелерді реттеуге күш салмақ. Осы орайда, өңірлік филиалдар қызметін нығайту мақсаты қойылып отыр. Орталық аппараттың штаттық құрылымын оңтайландыру есебінен филиалдар қызметкерлерінің саны 43 пайызға, яғни 358 адамға артты. Бұдан бөлек, Орталық аппаратта қаражат үнемдеу есебінен партияның аумақтық филиалдарына 134 штаттан тыс қызметкер алуға қаржы қарастырылған.
Асқар Мырзахметов кадрлық әлеуеті артқан филиалдардың жауапкершілік салмағы да еселенетінін жеткізді. Сондықтан, партия мен тұрғындар арасындағы байланысты одан әрі жетілдіру үшін қоғамдық қабылдау бөлмелерінің белсенділігін арттырып, жұмысын жаңа деңгейге көтеру міндеттеліп отыр. Қоғамдық қабылдауларға халықтан түскен арыз-шағымдар түпкілікті зерделеніп, онда айтылған мәселелер жан-жақты талданбақ. Тұрғындардың талап-тілегіне атүсті қарағандардың жауапкершілігі таразыланбақ. Осы ретте, «Нұр Отан» халықтың партиясы деген атқа әрдайым лайық болуы керек» деген Асқар Исабекұлы 2016 жылы партия қатарын 100 мыңнан астам жаңа мүшемен толықтыру көзделіп отырғанын атап өтті.
Бұдан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Сыр өңірінде жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
– Қызылорда облысында әлеуметтік мәселелер оң шешіліп жатыр. Елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету де екпінді жүруде. Мәселен, Сырдария өзенінің суын пайдалануды шектеп, жерасты суына көшуде. Бұл өте ауқымды жұмыстар. Жалпы, Қызылорда облысының дамуы өзге өңірлерге үлгі боларлықтай. Елбасының Сыр өңіріне сапары аясында Қызылорда облысына берген жоғары бағасы – осының айғағы», – деді ол.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндап, дағдарыс жағдайында экономиканы әртараптандыруға және жұмыс орындарын сақтап қалуға басты назар аудару керектігіне тоқталды.
– Біздің ең басты міндетіміз – бар жұмыс орындарын сақтап қалып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау. Қазіргі экономикалық жағдай «Нұр Отанға» бұрынғыдан да жоғары күш жүктейді. Сондықтан, үрейді – үкілі үмітке, секемді сейілге айналдыру керек, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Жұмыс сапары барысында А.Мырзахметов вагон жөндеу депосында болды. Жұмысшылармен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты. 80 жылдық тарихы бар темір жолдың тозған вагондарын қалыпқа келтіретін бұл өндіріс орнында қазір 405 адам жұмыс істесе, оның 228-і – «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Еңбеккерлермен жүздескен А.Мырзахметов филиалдар мен бастауыш партия ұйымдарының арасындағы жұмыс күшейтілетінін, олардың материалдық-техникалық және әдіснамалық базасы нығайтылатынын айтты. «5700-ге жуық бастауыш партия ұйымдары – «Нұр Отанның» негізгі күші», – деген А.Мырзахметов мұндай әлеуетті дұрыс пайдаланып, партия белсенділерін өңірлерде кездесетін көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне атсалысуға шақырды.
Мұнан соң қонақтар «Өндіріс» индустриалды аймағына барды. 50 гектар аумақты алып жатқан шыны зауытының құрылысымен танысты. Заманауи технологияға негізделген бұл өндіріс орны күніне 600 тонна шыны табақшасын шығаруға қауқарлы. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Зауытқа қажет қойма салынып, 100-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Жоспарға сәйкес өндіріс орнын 2017 жылы іске қосу көзделіп отыр. Шыны зауытының өнімдері жаңа технология бойынша өндірілетін болады. Сондықтан, оның экспорттық әлеуеті да жоғары болмақ.
Дәурен ОМАРОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |