ҰЛТ СПОРТЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН ШАРА

ҰЛТ СПОРТЫ ҰЛЫҚТАЛҒАН ШАРАКеше Қызылорда қаласындағы орта­лық стадионда ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің ашылу салтанаты болды. Шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының пре­зиденті Бекболат Тілеухан, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төр­ағасының орын­басары Әбіл Донбай қатысты.

Ұлттық спортты ұлықтауға арналған шарада аймақ басшысы өз лебізін білдірді.

– Тәуелсіздігіміздің арқасында ұмытылып бара жатқан ұлттық спортымыз қайта жаңғырып, салтымызбен қауышты. Рухымызды асқақтатып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекіп, ел өркендеген сайын, білегі құрыш, жігері қылыш, тақымы тастай көкпаршылар мен аты белгілі атбегілер, ат құлағында ойнаған шабандоздар мен жауырыны жер иіс­кемеген балуандар республикалық, халықаралық деңгейде ел мерейін асырып жүр. Бүгін тұсауы кесіліп отырған ұлттық спорт түрлерінің фестивалі соның айшықты көрінісі. Ұлттық ойындар жеткіншектерді төзім­ділікке, қайраттылыққа, жігерлілікке, ептілікке баулиды. Демек, құн­дылықтарымызға қосылған асыл мұра ұрпақ мұратына айналуы тиіс – деді.

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын фестиваль бағдарламасында бәйге, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, жамбы ату, жекпе-жек секілді спорт түрлері бар.

Спорттық шаралар Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда, «Еуразия» спорт кешенінде, «Мұз айдыны» мен «Нұрсәт» теннис орталығында және жуырда пайдалануға берілген ипподромда өтіп жатыр.

Кеше фестиваль бағдарламасы аясында теңге ілу мен қыз қуу сайыстары аяқталды. Теңге ілуден 20 ұпаймен Ақтөбе облысының коман­дасы бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын 18 ұпай жинаған Қызылорда облысы спортшыларына бұйырды. Ал үшінші орынға 16 ұпай алған Батыс Қазақстан облысы өкілдері көтерілді. Қыз қуу сайысынан қостанайлықтар озық шықса, оңтүстікқазақстандықтар – күміс, Атырау және Жамбыл облыстары спортшылары қола жүлдені еншіледі. Көкпар сайысының ақтық ойындары 20 қазан күні өтеді. Жамбы ату, аударыспақ, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, асық атудан жарыстар бүгін басталады.

Шара барысында фестиваль алауы жағылып, төрешілер мен спортшылардың ант беруі рәсімінен соң мерекелік концерт қойылды. Қазақтың тарихы мен мәдениетімен, дәстүрімен біте қайнасып кеткен ұлттық спорт осылайша Сыр елінде халықтық деңгейдегі шараға айналды.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қазан 2015 г. 911 0