« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Ақмола облысындағы Бурабай кентінде Елбасының қатысуымен ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесі өтті.
Алдымен ТМД Мемлекеттері басшылары кеңесінің шағын құрамда отырысы өтті. Шараға Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиев, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары С.Сатлыков, Молдова Республикасының сыртқы істер және еуропалық интеграция министрінің орынбасары А.Галбур қатысты.
Отырысты ашқан ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске қатысушылар атынан А.Лукашенконы өткен сайлаудағы жеңісімен, сондай-ақ А.Атамбаевты Қырғызстанда Парламенттік сайлаудың табысты өтуімен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ТМД құрылғалы бері елдеріміздің арасында көпжақты ынтымақтастықты жандандыруды, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша интеграцияны тереңдете түсуді жақтағанын және бұл бағытын әлі жалғастырып келе жатқанын айтты.
– ТМД – бұрынғы кеңестік кеңістіктегі 11 мемлекетті біріктіретін бірегей құрылым. Біздің өңірде оған балама жоқ. Біз бұл жерде халықаралық саясаттың ең маңызды жайттары бойынша сенімді ауанда пікір алмасып, көпжақты ынтымақтастығымыздың кез келген мәселесін талқылай аламыз. Біздің бүгінгі іс-шарамыз ТМД-ны дамыту ісіне өз үлесін қосатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Осыдан кейін өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамда өткен отырысында Мемлекет басшысы шағын құрамда өткен Кеңес отырысында қаралған мәселелер жөнінде айтып өтті.
– Бүгінде әлемде ауқымды өзгерістер болып жатқаны ешкімге құпия емес. Әңгіме ең алдымен экономика және қауіпсіздік жөнінде болып отыр. Болып жатқан жайттар біздің ұйымның да жаңа жағдайларға бейімделуін талап етеді. ТМД да өсіп, жаңа жағдайларға ыңғайлануы, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы барынша тиімді әрекет ете алуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті талқылаудан өткен тақырыптың бірі халықаралық қауіпсіздік саласындағы ахуал болғанына назар аударды.
– Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға деструктивтік тұрғыдан ықпал ететінін атап өткен жөн. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұлғайтты. Нәтижесінде бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды. Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет болады. Оған қоса, босқын атымен тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген террористер жасырынуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері басшылары террорлық қауіпті жоюдың уақытылы әрі тиімді шараларын қабылдау ниетінде екенін де айтты.
– Менің БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Террорға қарсы орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты.
– Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек, таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы түйінделеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Шара барысында А.Лукашенко Қазақстан Президентіне Беларусьтің мемлекеттік наградасы – «Халықтар достығы» орденін тапсырды.
– Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бай жұмыс тәжірибесін пайдалана отырып, ТМД-ның қалыптасуы мен дамуы үшін өте көп нәрсе істеді, еуразиялық ықпалдастық идеясы да оған тиесілі. Осының бәрі халықтар арасындағы достықты нығайтып қана қоймай, елдеріміздегі адам өмірін де жақсарта түседі, – деді Беларусь Президенті.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |