«БАЙҚОҢЫР» БРЕНДІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТПАҚ

«БАЙҚОҢЫР» БРЕНДІН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТПАҚОблыс әкімі Қырымбек Көшербаев әй­гілі велошабандоз, «Сaspian Serviсe» ком­па­ниясының құрылтайшысы Андрей Кашечкин мен испаниялық «ESCATO GROUP» компаниясының өкілдері Хосе Льюис пен Лукас Кокерамен кездесті.

Кездесу барысында «Байқоңыр» брендін насихаттау және Байқоңыр қаласының туристік әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Басқосуда халықаралық аренада еліміздің мерейін тасытып жүрген 35 жастағы велошабандоз Андрей Кашечкин UCI санатындағы велотоп құру, Қазақстанда туризм саласын дамыту жайлы пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, Байқоңыр қаласын бүкіл әлем туристері келетін орталық ретінде қалыптастырып, инвестицияларды тартатын «Байқоңыр» жобасын таныстырды. Ол имидждік жобаларды жүзеге асырумен айналысатын «ESCATO» компаниясымен бірлесіп «Байқоңыр» брендін әлемдік деңгейге көтеруге үлес қосуды жоспарлап отыр.

– Туған еліме қайтып келгенде әрдайым кеудемді қуаныш кернейді. Байқоңыр брендін насихаттауға қуана-қуана үлес қосамын, – деді Андрей Кашечкин. Ал испаниялық компанияның өкілі Хосе Льюис осы сапарында дүниежүзіне мәшһүр болған Байқоңыр қаласына барғанын айтып, алған әсерімен бөлісті.

– Әлемге әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы ақпарат құралдары арқылы көп оқыдым. Алайда өз көзіңмен көргенге жетпейді екен. Сондай-ақ, осы сапарымыздың нәтижесінде алдағы жұмысымыздың бағыттары мен алғашқы қадамдары қалай болары анықталды. Енді жобаларды жан-жақты пысықтау керек, – деді Хосе Льюис.

– Біз белсенді түрде инвесторларды шақырамыз және халықаралық қаржы институттарымен бірлесе жұмыс жасаймыз. Және де облысымыздың туристік әлеуетін арттыруға мүдделіміз. Сіздің Байқоңырды насихаттауға ықпал етуге қызығушылық білдіргеніңізге өте қуаныштымыз, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Кездесу соңында аймақ басшысы делегация мүшелерін қараша айында өтетін кезекті «Байқоңыр» инвестициялық форуымына қатысуға шақырды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қазан 2015 г. 900 0