ЖАҢА СУ ТОҒАНЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП

ЖАҢА СУ ТОҒАНЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨПЖексенбі күні аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев облыс орталығындағы бір­қатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

«Қыс қамыңды жаз ойла» демекші, алдымен «Қызылорда жылуэлектр орталығы» ме­кеме­сінің қысқы жылу маусымына дайындығын көріп, жағдайға қанықты.

«Қызылорда жылуэлектр орталығы» – облыс орталығындағы 400-ге жуық көпқабатты тұрғын үйлер мен жүзге тарта әлеуметтік нысанды, бірқатар шаруашылық орындары мен мыңға жуық жеке сектордағы тұрғын үйді жылумен қамтамасыз ететін алып кәсіпорын. Атбасын тіреген аймақ басшысы буқазандықтарының жұмысымен танысты. Бүгінде шаһардың басым бөлігін жылумен қамтып отырған кәсіпорында 700-дей адам еңбек етеді. Аталған мекеме жауапты сынға тиянақты дайындық өткізген. Биыл күрделі жөндеуден өтетін 14 нысанның 10-ы дайын болса, қалғандары жылу маусымы басталғанға дейін толық пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өткен жылу маусымы аяқталысымен, жылу трассалары жөнделіп, турбогенераторлар сәйкесінше толық тексерулерден өтіп, Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы жаңа газ турбиналы қондырғысын сатып алуды көздеп отыр.

Қызылордалықтарды таза ауызсумен жабдық­тау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Қазір «Қызылорда қаласындағы ауызсу және кәріз жүйелерін, ғимараттарын қайта жаңғырту және кеңейту» жобасы негізінде «Степь» су тоғанының құрылысы жүргізілуде. Мердігер мекеменің басшылары жұмыстың 95 пайызы аяқталды дейді. 22 дана су бұрғылау ұңғымалары мен 22 шақырым су жүйесі тартылуда. Су тоғанының жалпы құны 2 млрд 600 млн теңгені құрайды.

ЖАҢА СУ ТОҒАНЫНЫҢ ЖАҢАЛЫҒЫ КӨП«Степь» бас су айдау алаңында болған облыс әкімі ұңғыма бұрғылау жұмыстарымен таныс­ты. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан «Мелиоратор» ЖШС басшысы Бердібек Мыханов желтоқсанның бірінен бастап қалаға таза ауызсу жеткізетінін мәлімдеді. Осы уақытқа дейін биологиялық тазартудан өткен дария суын ішіп жатқан қалалықтар үшін бұл үлкен жаңалық. Тұрғындар енді жаңа су торабынан алынған скважина суын ішетін болады. Бас су айдау алаңындағы насос станциялары мен бірнеше жылға төзімді су сорғылары Еуропадан әкелінген сапалы дүниелер.

– Бас су тоғанынан бастап, «Степь», «ҚІІБ», «Сисенбаев», «Мерей» су тоған­дарына жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеміз. Осы 3 жылдық еңбегіміздің жемісін желтоқсан айында көреміз бе деп отырмыз, – деді Бердібек Мыханов.

Қала халқын сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Әзірге жос­пар жыл соңына дейін тұрғындардың 78 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету көзделген.

Қызылорда қаласының су жүйесін жаңғыртуға соңғы 3 жылда 10 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Демек, талай жылдан бері қордаланып қалған бұл проблеманың шешімін табатын күн де алыс емес.

Облыс орталығындағы көпсалалы 200 төсектік балалар аураханасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аймақ басшысына есеп берген «Дәнекер» ЖШС төрағасы Әбдімәжит Жансақалов, құрылыс жұмыстарының 40 пайызға біткенін, келер жылдың желтоқсанында толықтай пайдалануға берілетінін айтты. Бес қабатты аурухана 4 корпусқа бөлінген. Облыстағы ең ірі 20 нысанның біріне саналатын аурухана құрылысында 300-ге жуық құрылысшылар жұмыла еңбек етуде.

Аймақ басшысы құрылыстың сапасына аса мән беріп, нысанды мерзімінен кешіктірмеуді тапсырды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қазан 2015 г. 961 0