ЖАҢАҚОРҒАН КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫ

Бір ай ішінде облыстың 4 аудан орталығы мен байқоңыр қаласы газға қосылады

ЖАҢАҚОРҒАН  КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОСЫЛДЫӨткен сенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «КазТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның бас директоры Ибулла Сердиевтің қаты­суымен Жаңақорған ауданында автоматты газ тарату станциясының ашылу салтанаты болды. Облыстағы 5 елді мекенді газдандыру инвестициялық жобасының аясында жүзеге асырылған бұл шараның басты ұйытқысы – «ҚазТрансГаз» компаниясы.

 

Осылайша, 25 мыңнан астам xалқы бар Жаңақорған кенті көгілдір отынға қол жеткізді. Айта кетейік, елімізде алғаш рет бір ай ішінде облыстың бес елді мекені газбен қамтамасыз етіледі. Бұл жоба облыс әкімдігі мен «ҚазТрансГаз» АҚ арасында былтыр жасалған меморандумға сәйкес жүзеге асуда. Жаңақорған, Шиелі, Қазалы және Арал аудандары мен Байқоңыр қа­ла­сын газдандыруға қажетті қа­ра­жат бөлінгені белгілі. Ал облыс­тың қалған аудандары келесі жылы газбен қамтылатын болады. Осы жұмыстарға қажетті 16 млрд тең­гені Еуропалық қайта құру және Даму Банкі инвестициялайтын болды.

Аудан орталығынан 7 шақырымдағы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан бөлек 2 үлкен газ тарату және 27 шағын пункттері орналастырылды. Бұл – аудан орталығының халқы таяу күндері-ақ көгілдір отынның рахатын көре алады деген сөз.

Аудан орталығына газ жіберу салтанатында облыс әкімі сөз алып, тұрғындарды осы бір тарихи сәтпен құттықтады.

– Елбасының елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырғаны белгілі. Бұл – соның жемісі. Жалпы алғанда, облыста әлеуметтік мәселелер тиімді шешіліп келеді: «Бейнеу-Бозой-Шымкент» ма­гистраль­ді газ құбыры және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы салынды. Газды аудан орталықтарына жеткізетін құбырлары салынып бітті. Жаңа­қорғандықтар үшін шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселе ауызсу болатын. Су құбырларын салу жобасы 2016-2018 жылдары жоспарланғанымен, біз жұмысты биыл бастай беруге шешім қабыл­дап, алғашқы 200 млн теңгені бөлетін болдық. Енді жақын арада жұмыс басталады. Осылайша, рет-ретімен халықтың тіршілігі үшін қажетті мәселелерді шеше береміз, – деді облыс әкімі.

Тұрғындар атынан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағанбетов алғысын білдірсе, салтанатты жиын соңынан аймақ басшысы көгілдір отын келіп, оны пайдалана бастаған отба­сыларға кіріп, қуаныштарымен бөлісті. «Көгілдір отынның келуі біз­дің отбасымызға айтарлықтай қаржылық жеңілдік пен тазалық алып келеді. Оны ұқыпты пай­да­лануға тырысамыз. Осы қам­қор­лық­тарыңыз үшін Елбасыға, осы жұмысты мерзімінен бұрын жеткізіп берген мекемелерге алғы­сымыз шексіз, – деп қуанышын бөлісті аудан тұрғыны Ғазиза Әбдіқалықова.

Айта кету керек, келесі аптада Шиелі мен Қазалы аудандары орталықтарын газдандыру басталады, одан кейінгі кезекте Арал және Байқоңыр қалалары тұр.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 қазан 2015 г. 1 042 0