ШАҒЫН БИЗНЕС ШИРЫҒАТЫН КЕЗ КЕЛДІ

ШАҒЫН БИЗНЕС ШИРЫҒАТЫН КЕЗ КЕЛДІҚазақстан Республикасыныңбүгінгі таңда қойып отырған міндеттерінің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік-саяси жаңғыртудың басты құралы. Әсіресе, жеке меншіктің нақты өмірде жүзеге асуы және орта таптың қалыптасуының материалдық негізі. Демек, шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі мемлекетімізде артқан сайын еліміз көркейіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады. Міне, сондықтан Қазақ­стан Президенті Н.Назарбаев та орта таптың негізін құрайтын шағын және орта бизнес өкілдеріне үнемі назар аударып келеді.

Шын мәнінде, ШОБ – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру солардың үлесінде. Бұл жағдай тек дамыған елдерге ғана қатысты емес, өтпелі экономикасы бар елдерге де қатысты. Осы орайда Президентіміз Н.Назарбаев: «Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты елдерде шағын және орта бизнес олардың барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды, көптеген дамыған елдерде олар жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді. Сондықтан да біздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың түбірінен жаңа идеологиясын түзуіміз қажет. Бұл кәсіпкерлік ортаның бастамашылығын іске асыру үшін қолайлы жағдай туғызуымыз керек» – деген болатын. Иә, дамыған мемлекеттердегі шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі мысалы, Ұлыбританияда – 52, Германияда – 57, Италияда – 55 пайыз. Салыстырмалы сараптама Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерліктің макроэкономикалық көрсеткіште үлесінің өте аз екенін көрсетеді. Ол бүгінгі таңда 25 пайызға жетіңкіремейді. Ал Сыр өңірінде бұл көрсеткіш тіптен төмен. Бар болғаны 11 пайыз шамасында.

–Бұл бізді еш қанағаттандырмайды, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осыдан бірнеше күн бұрын отандық және халықаралық сарапшылар қатысуымен өткен «Орта тапты қалыптастыру: қазіргі жағдайы мен келешегі» дөңгелек үстел отырысында. Расында да мұнай және уран өндірісі басымдыққа ие аймақ үшін бүгінгі таңда орта таптың негізін құрайтын шағын және орта бизнесті дамыту ерекше маңызға ие болып тұр. Өйткені, мұнай және басқа да шикізат өнімдерінің бағасы арзандады. Соған байланысты оларды өндіру көлемі де төмендеп кетті. Бұл жағдайдың көптеген зардаптары бар.Мемлекет қазынасына түсетін қаржы көлемі азайып, салада жұмыс істейтін адамдардың табысы кемиді. Мұнай өндіру көлемі төмендеген соң осы салаға қызмет көрсетіп келген кәсіпорындарға деген тапсырыс та азаятыны белгілі. Ол өз кезегінде сервистік компанияларға көптеген қиындықтар әкелуде. Соның бірі жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болуы.

Еліміз бойынша, оның ішінде Сыр өңірі де бар, қалыптасқан қиындықтардан шығудың түрлі тетіктері мен жаңа тәсілдерін іске қосуда. Осы ретте бизнесті әртараптандыру, шағын жә­не орта бизнесті дамыту жөнінде көптеген келелі ойлар мен пікірлерді ортаға салған «Орта тапты қалыптастыру: қазіргі жағдайы және келешегі» тақырыбындағы басқосу дер кезінде ұйымдастырылған шара деп айтуға болады.

Мысалы, Т.Рысқұлов атындағы Жаңа эконо­микалық университеттің ректоры, Польша Ұлттық банкінің вице-президенті Кшиштоф Рыбиньски шағын және орта бизнесті дамытуда өз елінің қол жеткізген жетістіктері жайлы әңгімелеп берді. Бұл елде шағын бизнесте тоғыз адамға дейін ғана жұмыс істейді. Мұндай кәсіпорындар нарық жағдайындағы өзгерістерге тез бейімделеді. Поляктардың ауыл шаруашылығы саласында ашқан ша­ғын фирмалары мен шағын фермалары елді табысқа кенелтіп отырған жағдайы бар. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде Еуро­палық одаққа мүше ең дамыған елдердің экономикалық көрсеткіштерінің өзі сәл де болса төмендеп жатты. Тек Польша мемлекеті ғана жоғары көрсеткіштермен шыға алды. Сөз жоқ, бұл – осы елде кәсіпкерліктің жедел дамуының нәтижесі. Ғалым Қызылорда облысында қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндіктер бар деді. Тек әлсіз деген жерлерін күшейтіп, тежеп тұрған тұстарды іске қоса білу керек.

Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің Ха­лық­­­аралық конгресінің вице-президенті Владимир Колмогоров Сыр өңірі шикізатқа бай, даласы кең, көліктік логистикасы дамып келе жатқан, елді мекендері бір жолдың бойында орналасқан аймақ екенін аңғарыпты. Ол ту­ризм және ауылшаруашылық саласында, оның ішінде күріш кластері төңірегінде көптеген бастамалар көтеруге болатынын айтты. Мемлекет және жергілікті билік бизнесті қолдайды. Барлық тетіктер іске қосылып, бір қалыпқа түсуіне кейбір кедергілер бар. Соларды еңсеріп жатса, облыстың болашағы жарқын.

Орта тап – экономикалық дербестікке ие болған әлеуметтік субъект, яғни елдің ішкі саяси, экономикалық, әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі салық «доноры» болып табылады. Сондықтан кәсіпкерлік саласы дамыса, елдің экономикалық негізі нық қаланды дей беріңіз. Облыста экономикалық және әлеуметтік ілгерілеу үшін үлкен міндеттер қойып отыр. Ол жемісін бере бастау­да. Осындай пікір білдірген «Халықаралық сауда орталығы» ААҚ бас директорының аға кеңесшісі, Ресей Федерациясының сауда-өнеркәсіп палатасы ТМД және ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экономикалық интеграциясы мәселелері бойынша Комитеті төрағасының орынбасары Борис Пастухов шараға қатысушылар тек өздерінің тәжірибелерін жеткізіп қана қоймай, Сіздерден де үйренер тұсымыз жетерлік екен деген ойын жеткізді. Дипломат, экономист Б.Пастухов:

– Біз өз тәжірибемізбен, озық технологияларымызбен бөлісуге дайынбыз, алдағы уақытта ынтымақтастығымыз одан әрі ны­ғаяды деп үміттенеміз, – деді. Шарада айтыл­ған осындай барлық ұсыныстар мен ойлар бойынша облыс мамандары талдау, сараптау жұмыстарын жүргізе береді. Және бұл кездесулер жалғасын табады. Бұл аймақта орта таптың негізін құрайтын кіші және орта бизнесті дамыту бағытында қолға алынған сан-салалы жұмыстардың бір парасы ғана. Ол өз нәтижесін берері анық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 08 қазан 2015 г. 1 809 0