« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Ел Президенті Н.Назарбаевтың Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ-ның 70-сессиясында сөйлеген сөзіндегі экология мәселесі әлемдік қауымдастықтың назарын аударды. «Біздер «жасыл» экономикаға көшудің ұлттық тұжырымдамасын бекіттік. Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біз Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірдік», – деді Елбасы.
Иә, осылайша, төрткүл дүние назарындағы алқалы жиында Арал экологиясы әлемнің ортақ проблемасы екендігі айтылды. Осы ретте Кіші Аралды сауықтыру кепілі болған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының маңызы ерекше.Бұл бүгінгі таңда Ұлттық және өңірлік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан еліміздегі ірі жобалардың бірінен саналады. Жалпы, Аралдың солтүстік бөлігіндегі Кіші Аралды сақтап қалу идеясы Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған осы жобаның арқасында шындыққа айналды. Орайлы тұста бірегей жобаны әлемдік қауымдастық «ғасыр жобасы» ретінде танып, оның төрт құрлықтың назарын өзіне аударғанын да айта кетейік.
Енді өткен күнге сәл шегініс жасайық: осыдан 13 жыл бұрын САРАТС жобасының І кезеңі қолға алынды. Үш жылдан соң ел аузында «Көкарал бөгеті» деп аталып кеткен тоспаның құрылысы аяқталып, бір қыс көлемінде Арал теңізінің солтүстік бөлігінің деңгейі Балтық жүйесі бойынша әуелі 38 метрлік деңгейге жетті. Кейін су молая келе бұл 42 метрге көтерілді. Осы игілікті істің нәтижесінде аймағымыздағы көлдер жүйесіне су келе бастады. Өз кезегінде бұлаймақтың флорасы мен фаунасы қайта жандануына әкелді. Міне, осылайша, Мемлекет басшысының тарихи шешімнің арқасында кезінде тоқырауға ұшыраған Сыр аймағы қазір дамудың даңғыл жолына түсті.
Бүкіл аймақ халқы үшін өмірлік маңызы бар жобаның бірінші кезеңінде-ақ қалың жұртшылықтың көз алдында жоғалуға айналған Кіші теңіз қайта калпына келді. Оның сәтімен жүзеге асуыАрал өңірі тұрғындарының әлеуметтік жағдайы мен экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етті. Солтүстік Арал суының минералдану, яғни тұздану деңгейі 1 литрге шаққанда 34-тен 8 грамм/литрге дейін төмендеді. Су көлемі 15 шаршы шақырымнан 27 шаршы шақырымға өсті. Ал Сырдария өзенінің қыста су өткізу қабілеті секундына 650-700 текше метрге дейін артты. Ғалымдар мұндағы су көлемінің ұлғаюы Арал өңіріндегі көптеген биологиялық түрлердің қалпына келуіне ықпал жасағанын айтып жүр. Бұл өз кезегінде аумағы 20-30 мың гектар болатын бірнеше көлді қалпына келтіруге, сондай-ақ өңірде балық шаруашылығының жан-жақты дамуына ықпал етті. Балық демекші, камбала мен балтық майшабағынан басқа «су маржаны» қалмаған кіші теңізде балық түрлері де көбейе бастады. Иә, ең бастысы, Кіші Арал суының тұздылығының азаюы оның байырғы кәсіптік маңызы бар балықтарының өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Су айдынында бұрын жоғалып кеткен балықтың түрлері қайта көрініс тапты. Нақты кезеңде мұнда «су маржанының» 27 түрі ауланып, Арал мен Қазалы ауданындағы халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи балық өңдеу зауыттарына жіберілуде. Осы жерде балық аулау көлемінің 400 тоннадан 7500- 8000 тоннаға дейін артқанын да айта кеткен ләзім. Теңіз айдыны Арал қаласынан 75 шақырымға алыстап кеткен болса, бүгінгі күні осы арақашықтық 17 шақырымға дейін қысқарған. Ал, жобаның екінші кезеңі толық жүзеге асқанда кіші теңіз шаһарға 1 шақырымға дейін жақындайды. Мұның бәрі теңіз жағасындағы қалың қауымның, әсіресе байырғы балықшы қауымның бүгінгі ұрпағының көкірегінде үлкен үміт отын жақты. Қамқорлық құшағындағы аймақ бүгінде сол өміршең жобаны жалғастырып жатыр. Бұл жобаны әлемдік қауымдастық «Кіші Арал – адамзаттың табиғатқа жасаған қиянатының бүгінгі қайтарымы» деп жоғары бағалап отыр.
Міне, біздің көк теңіз осылай оралды!
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |