Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 70-сессиясы шаралары аясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті. Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция және отын-энергетика салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ көшбасшылары күн тәртібіндегі халықаралық өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Б.Обама Қазақстан мен Американың серіктестігі өңірдің дамуын, тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды екенін атап өтті.
***
Мемлекет басшысы зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі саммит отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген ең елеулі қатерге айналып, халықаралық терроризмнің өсуіне ықпал етіп отырғанын атап көрсетті.
– Бізге жаңа әлемдік мәміле керек. Мемлекеттер саяси ерік-жігер танытуға және ортақ қауіпке қарсы күш біріктіруге тиіс. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әлемнің қолынан келді. Біз 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейін бірлігімізді паш еттік. 2013 жылы Вашингтон мен Мәскеудің жаһандық жауапкершілігіне куә болдық, олар Сириядағы химиялық қаруды жою бойынша ынтымақтастық жөнінде уағдаласты. Биылғы шілде айында Иран ядролық бағдарламасы бойынша тағдыршешті келісімге қол жеткізілді. Жетекші державалар қазіргі келіспеушіліктерінен жоғары тұра білді. Бүгін де олар бүкіл өркениетті адамзатқа елеулі қатер төндіріп отырған терроризмге қарсы біріге алады деп үміттенеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев елдердің бірлескен күш-жігерін жұмылдырған жөн болатын бірқатар бағыттарды атады.
Соның ішінде Мемлекет басшысы терроризмді жаһандық қатер ретінде танудың маңыздылығын айтты.
– БҰҰ антитеррорлық коалициясын құрып, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге және террористік қылмысқа қатысы бар адамдарды іздеу, ұстау және экстрадициялау бойынша бірыңғай іс-қимыл тетігін әзірлеген жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті БҰҰ аясында зорлық сипатындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған барлық қарарлар мен шешімдердің ұсынымдық сипатынан міндеттеу тұрпатына көшу қажеттігін де айтты.
Олар Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде қаралуға және бекітілуге тиіс. БҰҰ-ның 2006 жылы қабылданған Жаһандық контртеррористік стратегиясының негізгі ережелерін Қауіпсіздік кеңесінің қарарымен бекіткен жөн, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әлемге террористер мен экстремистерге қарсы іс-қимылдың әмбебап және барлық мемлекеттерге міндетті нормалары мен ережелері қажеттігіне назар аударды.
– БҰҰ аясында экстремистік және террористік құрылымдар ұғымын біріздендіру қажет, оларды әлемдік заңнамадан тысқары деп жариялау құқығын тек Қауіпсіздік кеңесіне беру керек. Террористік ұйымдардың бірыңғай тізбесін жасау маңызды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы халықаралық терроризмге және экстремизмге қатысы бар тұлғаларды қудалау және экстрадициялаудың ортақ тетігін әзірлеудің маңыздылығына тоқталды.
Қазақстан Президенті зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің салдарымен ғана күресіп қоймай, оның бастапқы себептерін жою қажеттігін де айтты.
– Бұл орайда мемлекеттердің қандай елде болмасын, мемлекеттілікті күйретуге әкелетін кез келген күштің конституциялық емес және құқықтық емес әрекетін қолдаудан түпкілікті бас тарту маңызды мәнге ие, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның террорға қарсы мемлекеттер коалициясына он төрт жыл бұрын, 11 қыркүйектегі қасіреттен кейін мүше болғанын еске салды.
– Биылғы маусым айының аяғында Астанада Орталық және Оңтүстік Азия елдерінің зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі өңірлік конференциясы өтті. Біз қазір де зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизм мен халықаралық терроризмді жою жөніндегі ұжымдық күш-жігерді қолдайтынымызды тағы да мәлімдейміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Америка Құрама Штаттарына сапар қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифингте БҰҰ сессиясында өзі көтерген мәселелерге кеңінен тоқталды.
Қазақстан Президенті бұл сапары БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыруымен мерейтойлық сессияға қатысу үшін жасалғанын атап өтті.
– Мен Бас Ассамблеяның жалпы дебатында еліміздің жаһандық саяси және экономикалық мәселелерге қатысты көзқарасын ортаға салдым. Сонымен қатар тағы екі саммитке – 2015 жылдан кейінгі даму кезеңінің күн тәртібін қабылдау жөніндегі және зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмге қарсы күрес жөніндегі самиттерге қатыстым. Сондай-ақ бірқатар мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларымен кездесудің мүмкіндігі туды. Мұның бәрі Қазақстан үшін маңызды, еліміздің пікірін жаһандық қоғамдастық естіді, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, адамзат 2045 жылға қарай барлық негізгі мәселелерді, әсіресе қақтығыс ошақтарындағы проблемаларды шешуі тиіс.
– Жер бетіндегі кедейшілік деңгейі өте жоғары, миллиардқа тарта халық тоя тамақ ішпейді, миллиондаған адам сауатсыз, балалар арасындағы өлім-жітім жыл сайын 40 миллионды құрайды. Бай елдер кедейлерге көмектесуі тиіс. Осыған байланысты мен барлық мемлекеттердің әскери шығыстарының 1 пайызын Мыңжылдық мақсаттарын жүзеге асыру ісіне бөлуді ұсындым, бұл зор көмек болар еді. Біздің еліміз көтерген барлық мәселелер тиісті қолдау тапты деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы БҰҰ штаб-пәтерін орналастыратын орын тағы бір тақырып ретінде қозғалғанын айтты.
– 1945 жылы Ұйымды Нью-Йоркке көшіру туралы шешім қабылданды. Содан бері 70 жыл өтті, әлем өзгерді. Бүгінде Азияның қарқынды дамуы байқалып отыр. Сондықтан БҰҰ қызметін жаңарту және жандандыру мақсатында оның штаб-пәтерін Азия құрлығына көшіру туралы ұсыныс айттым, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен еліміздің мемлекеттік тілінде алғаш рет сөз сөйленгеніне тоқталды.
– Менің мемлекеттік тілдегі сөзім, оның Ұйымдағы барлық ресми алты тілге ілеспе аударылуы да жақсы нышан болды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Б.Обамамен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланғанын айтты.