ҚАЛА КҮНІ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ

ҚАЛА КҮНІ ҚУАНЫШ СЫЙЛАДЫ1818 жылы Қамысқала атауымен негізі қаланған Қызылорда қаласына биыл 197 жыл толып отыр. Екі ғасырға жуық тарихы бар, Сыр елінің бас шаһарының төл мерекесі кең көлемде атап өтілді. Қауын-қарбыз, кондитерлік өнімдер және балалар шығармашылығы фестивалі, жас ақындар мүшәйрасы, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.

Қала күніне орай, пәтер кезегінде тұрған 120 отбасы баспаналы болды. Әрқайсысы 60 пәтерлік екі тұрғын үй Жаппасбай батыр көшесі бойынан пайдалануға берілді. Қоныстой иелерін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев құттықтап, жаңа пәтер кілттерін салтанатты түрде табыс етті.

– Елбасының әлеуметтік саланы ерекше қолдауының арқасында тұрғын үй құрылысы Қызылорда облысында жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Айта кетейік, биыл Қызылорда облысында құрылыс көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге өссе, облыс орталығы Қызылорда қаласында 8 есеге артып отыр. Жыл соңына дейін Қызылорда қаласында 2406 пәтер кілті табысталып, 43 көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Дәл мұндай көрсеткіш Қызылорданың тарихында болған емес. Бүгін міне, Қасиетті Құрбан айт пен Қала күні мерекесі аясында сіздер үшін қуанышты жағдай – жаңа үйде қоныс тойын тойлап отырсыздар. Қуаныштарыңыз құтты болсын – деді аймақ басшысы.

Мереке күні баспаналы болып, пәтер кілтін алғандардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бар.

Пәтер кілтіне қол жеткізгендердің бірі – «Алтын алқа» иегері Раушан Қарақызы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ана тағы үш баланы патронаттық тәрбиеге алған.

– Кезекке 10 жыл бұрын тіркелген едім. Міне, енді қуанышқа кенеліп отырмын. Қамқорлығыма алған үш баланың несібесі ғой, осылар өсіп-өніп, аяқтан тұрып кетсе деген арманым бар. Соның бірі орындалып отыр, – дейді Р.Қарақызы.

Бұдан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тұңғыш рет өткізілген қауын-қарбыз фестивалін тамашалады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауын-қарбыздан жасалған тағамдардан дастарқан жайылды.

Елімізде қауын-қарбыз өндірісі жөнінен Сыр өңірі алдыңғы қатарда келеді. Қазіргі уақытта дария бойындағы диқандар жыл сайын 15 мың гектарға жуық бақша дақылдарын егеді. Олардың арасында қауынның қара күләбі, әміре, әңгелек сияқты сорттары үлкен сұранысқа ие.

Фестивальда аймақ басшысы Қ.Көшербаев қызылордалықтарды мерекелерімен құттықтады.

– Ішсең – сусын, жесең ас болатын қауын мен қарбыз Сырдың өз дәмі, елдің ырзық-ырысына айналған қазынамыз десек, артық айтқандық болмас. Бүгінгі қауын-қарбыз фестивалі ала жаздай егіс даласында тынбай бел бүккен ағайынның еңбек мерекесі болса, екінші, аймағымызда өсірілетін бақша дақылдарды насихаттап, бағбандарымызға қажет жарнамаға үн қосу. Құрғақшылыққа төзімді қауын мен қарбыз біздің өлкеміздің табиғатына бейім, олардың түрлі сорттарын өсіріп, еліміздің өзге аймақтарына тасымалдау көп диқанға кәсіп бола алады, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі аймақ ауыл шаруа­шылығының мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Аталмыш фестиваль – сол шаралардың құрамдас бөлігі. Бұған қоса, соңғы бір ай бойы қала тұрғындарын арзан бағалы өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында әр жексенбі сайын ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Фестиваль қатысушысы, қауын-қарбыздың түр-түрін өсіріп жүргендердің бірі, Самалбек Қосанов Сыр елінің күріштен кейінгі басты брендінің тәттілігіне ерекше мән береді. Ол мол өнім жинау үшін алдымен егілетін тұқым таза болуы керектігін айтады. Қара күләбі, саржау, нүрке күләбі сынды жергілікті қауын тұқымын еш химиялық қоспасыз өсіруде. Самалбек күздігүні бақша дақылдарымен қатар сапалы тұқымды да халыққа ұсынып отыр.

– Қауынқақ, қауынқұрт, қауыншек сияқты дәстүрлі өнімдерімізді жалғастыру, сонымен қатар қарбыздан алынатын әртүрлі шырындарды шығару жоспарда бар. Соның бір парасын осында әкелдік. Қазіргі таңда сұраныс жоғары, бірақ өндірістік көлемге жеткізу үшін қыруар жұмыс істеу керек, – дейді егінші.

Фестиваль ұлттық ойындармен жалғасты. Арқан тарту, асық ату, гір көтеру, қол күресте мықтылар анықталды. Сондай-ақ, «Балалар әлеміне» саяхат» атты балалар ойыншықтарының жылжымалы шеруі өтті. Қала күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланды.

 

Дәурен ОМАРОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2015 г. 1 076 0