« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дана халқымыздың «қос тойың қабат болсын» деген лебізі бүгін теңіз төскейінде көрініс тапқандай. Қасиетті Құрбан айтпен тұспа-тұс келген «Арал тұз» акционерлік қоғамының мерейлі мерекесін аудан жұртшылығы кең көлемде атап өтті. Айтулы шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ҚР Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов қатысты.
Мәртебелі меймандардың Аралдағы сапары халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылық үйінің жұмысымен танысудан басталды.Теңіз қолтығында дүниеге келіп, есімі қабырғалы оқырманға кеңінен танылған дара дарын иесін жерлестері орынды мақтаныш тұтады. Қаламы қарымды жазушының туындылары әлемдегі көптеген тілдерге аударылып, лайықты бағасын иеленгені баршаға аян. Қаламгер шығармалары ұрпақ зердесіне адамгершілік, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға тигізер әсері мол деген қонақтар мұндағы деректерге асқан қызығушылық танытты.
Келесі кезекте «Атамекен» балық өңдеу зауытында болып шаруа жайына қаныққан топ өндіріс орнындаатқарылып жатқан әрбір істімұқият зерделеді. Зауыттың жылдық қуаттылығы 6000 тоннаға есептелген. Өткен жылы жұмсалған қаржыға Арал теңізінен ауланған 630 тонна балық сатып алынып, өңделді. Ағымдағы жылы облыстық балық аулау инспекциясы бекіткен лимит бойынша балықтың табан, торта, шортан, ақмарқа, өзге түрлерін аулап Әзербайжан, Грузин, Ресей елдеріне, ішкі нарыққа шығарды. Нақты кезеңде теңіз аумағы мен зауытта 80-ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Мұнан соң Арал қаласына жүргізіліп жатқан газ құбырының жайына қанығып, Айдарбек батыр ескерткішіне тағзым жасаған ел ағалары Жақсықылыш кентіне бет алды.
Жалпақ ғаламды билеген Кеңесөкіметі тұсында «Арал тұздың» атағы шартарапқа танылды. Алыс-жақын мемлекеттермен алыс-беріс орнап, бағы жанды. Алайда оңтайландыру тұсындағы уақытша қиындықтар іргелі ұжымды да айналып өтпеді. Салдарынан Жақсықылыш қыратының етегіндегі көлдерден қазылатын тұздың көлемі азайғаны да белгілі. Алайдаел еңсесінің тіктелуімен түйінді түйткілдер шешімін тапты. Кәсіпорынның тұз өндіру көлемін ұлғайту жөніндегі өтінішіне орай сарапшылық комиссияның рұқсаты берілді. Сондай-ақ кәсіпорынға «Солтүстік» кенішінен ас тұзын өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығы табысталып, келісім шарт жасалынды.
Бірнеше жыл бұрын «Арал тұзға» жаңа инвестордың келуі соны серпін әкелді. Қоғам қаражатынан жаңа цех салынды.Облыс басшылығының ықпалымен испан өндірісінің озық үлгідегі технологиялары орнатылып, жаңартылған желі іске қосылды. Нәтижесінде көптеген жұмыс орны ашылды. Жағымды жаңалықтар мұнымен шектелмеді. Тұз қалталау цехына да тың өзгерістер енгізілді. Санкт-Петербургтен шығарылған бес бірдей «Питпак» автоматының қойылуы өнім көлемін еселеді. Өндірісті дамыту басты назарда ұсталды. Маркетингтік зерттеулермен мал азығына қажетті брикеттелген тұз өндіруге бет бұрылды. Жөндеуге қойылған ескі қоймадағы станоктар ауысым кестесіне сай тәулігіне қырық, айына мың тонна өнім өндіруге жоспарланған. Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы жыл санап кемелденіп келеді. Онда жұмыс жасайтындардың түгелге жуығы жергілікті тұрғындардан жасақталған. «Арал тұздың» келешегі кемел екені анық. Оған алға қойған жоспарларының ауқымдылығы дәлел болады.
Кәсіпорын кальцийлендірілген сода шығаруды межелеуде. Инвестициялар және даму министрлігі жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау туралы комиссиясы шешімімен «Арал тұз» АҚ «Жақсықылыш», «Жақсықылыш-2», «Жақсықылыш-3» кен орындарындағы сульфат натрий қатты пайдалы қазбаны барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау бойынша конкурс жеңімпазы деп танылды. Жоба қуаты – жылына 200 мың тонна. Инвестиция көлемі 220 млн АҚШ долларын құрайды. Жобаны іске асыру үшін Харьковтегі НИОХИМ институтын жобалаушы ретінде тарту көзделуде.
«Аралтұз» АҚ-ның тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Аманияз Ержанов кәсіпорын жанындағы клубта орналасқан мұражайға бас сұқты. Мұнда іргелі ұжымның өткен белесі, алдағы межелер нақты деректермен өрнектелген.
Бүгінгі шайдай ашық күн райы халықтың қуанышымен қабысып жатқандай. Аумақты алаңға жиналғандарда есеп жоқ. Баршаның жүзінен шаттық лебі аңғарылады. «Арал тұздың» 90 жылдығына арналған салтанатты жиында әлеуметті құттықтаған аймақ басшысы кәсіпорынның толағай тарихына, жеткен жетістігіне, Арал өңіріне деген Елбасымыздың жанашыр қамқорлығына кеңінен тоқталды. Қырымбек Елеуұлы бүгінгі шараға орай арнайы жолданған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып бергенде соғылған шапалақ үні зал ішін кернеді. Облыс әкімі бір топ өндіріс озаттарына түрлі марапаттар тапсырды.
Той ән-жырсыз өтпесі анық. Қайрат Нұртас, Гүлнұр Оразымбетова, «Музарт», «Азия» тобы, басқа да өнер майталмандарының концерттік бағдарламасы жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Ат десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Тұзшылар тойы ат бәйгесіне ұласты. Шашасына шаң жұқпаған сәйгүліктер мәреге жақындағанда көпшіліктің қошеметінен қыр сілкінгендей болды. Бағы жанғандар қомақты жүлдені иеленді. Аламанда өзгелерден дара шапқан қазалылық Мырзағұл Жалмахановтың жүйрігі жеңіл көлікті жеңіп алды. Дәл осындай көлікті алматылық Байбатыр Сатыбалдиновтың құнаны олжалады. Бір ғажабы Байбатырдың Айғасыр есімді тайы да жеңімпазға тігілген ақшалай сыйлықты еншіледі. Ал тоқ бәйгеде Жамбыл облысы, Мерке ауданынан қосылған Манас Әбішевтің Сүлікқарасы қаржылай жүлдені қанжығасына байлады. Осылайша тұзшылар тойы дүркіреп өтті.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |